Мәдениет

«Ол атақты маған Қонаев бергізген»

«Ол атақты маған Қонаев бергізген»

Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері:

Наурыз айының бел ортасында Алматы қаласына жолымыз түсті. Онда барған соң ең алдымен «Елім-ай» киностудиясына бас сұқтық. Асанәлі ағамыздың кеңсесі екінші қабатта екен. Кеңсе деген аты болмаса, тұп-тура мұражай дерсің. Төрт қабырғасына айтулы киноактердің, басқа да қазақ кино жұлдыздарының портреттері ілінген. Осының алдында ғана ағаның аз-кем науқастаныңқырап қалғанын естігенбіз. Шүкір, қунақы екен. 

– Ассалаумағалейкум, Асаға! Денсаулығыңыз жақсы ма? – деген сәлемімізге, – Уағалейкумассалам, иә, «шонжарлар» (сірә, Сатыбалды екеуіміздің жуан қарнымызды жақтырмады білем), не бүлдірдіңдер? Ел-жұрттарың аман-есен бе? – деп жадырай жауап берді. – Бар бәле аяқта болып тұр. Әйтпесе, бәрі жақсы. Біз ел-жұрттың сәлемін жарыса жеткізіп жатырмыз. Сол екі арада ол кісі қалта телефонымен бір кісімен сөйлесіп кетті. Айтқан әңгімесінен ұққанымыз, Асағаның жетпіс бес жылдық мерейтойына министрлік фотоальбом шығарған. Әңгіме осы төңіректе. «Оның кіріспесіне Елбасының өз қолымен жазған хаты берілді» деген ағамыз шұғыл бұрылып, өзі отыратын орындықтың арқа тұсындағы қабырғаға әспеттеліп ілініп қойылған сол хаттың мәтінін дауыстап оқып та берді. Біздің де көзіміз енді түсті. «Құрметті Асанәлі Әшімұлы! – деп жазылыпты онда. – Сіздің өнеріңізге қашан да тәнтімін. Біздер замандастармыз. Сіз бен біз Тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Қазақстанды қазір бүкіл дүниежүзі таниды. Бір сәтін салса, сіздің отбасында болып, өткен күндерді еске алып, емен-жарқын әңгімелессем деймін. Оның да бір сәті түсер. Сізге және жанұяңызға бақыт тілеймін. Н. Назарбаев.» Асекең хатты шабыттана оқып болған соң, телефонның ар жағындағы кісіге: – Алла қаласа, фотоальбом келсе біріншісі сіздікі, – деп жатты. Сонан соң бізге қарап: – Тіс дәрігері, профессор Мүсілім Дайрабаев деген ағаларың ғой. Қатарлас, замандас, – деп әңгімені қайырды. Келерден бұрын үш-төрт сауалдың басын құрастырып, мығымдалып келгенмін. Асағаға асыға-үсіге алғашқы сауалымды қойып үлгердім. – Осыдан 35 жыл бұрын Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылына жаңадан ғана түсірілген «Транссібір экспресі» атты киноны әкелгенсіз, – дедім. – Есімде жоқ, – деді ол кісі. – Шона Смаханұлы атындағы кинотеатры жаңадан ғана салынып, пайдаланылуға берілген. Сізбен бірге қазақ мультфильмінің атасы Әмин Қайдаров пен кино сыншы Гүлнәр Айнақұлова келгені күні бүгінге дейін есімде. Өйткені, сіздің киносүйер қауыммен кездесуіңіз жөніндегі мақаланы газетке жазуды редакторымыз маған тапсырған. Театрда ине шаншар орын жоқ. Кездесуді сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы Алдаберген Сәрсенбаев жүргізіп отырды. Сөзге шешен кісі еді. Сіздің мақтауыңызды әбден келтірді. Соның алдында ғана «Қыз Жібек» фильмінің де тұсауын Таласта кескеніңізді тілге тиек етті. Алдаберген ағамыз қыза келе «Асанәлі Әшімов республикаға ғана емес, Одаққа белгілі әртіс» деп салды, ертеңіне аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетіне берген есепті мақаламда мен «КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов» деп жазып кеп жіберіппін, – дедім мен. Содан не керек, ай артынан ай өтті. Бір күні, сол жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1-мамырдағы нөмірін оқып отырсам, онда КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен М. Әуезов атындағы қазақ драма театрының әртістері Асанәлі Әшімов пен Фарида Шәріповаға КСРО Халық әртісі атағы берілгені жазылыпты. Жүрегім аузыма тығылып, қуанудың орнына қуарып кеттім. Соның алдында ғана СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л. И. Брежневтің қызметін жазуда бір қызметкеріміз қате жіберіп, газет редакторы аудандық партия комитеті бюросының шешімімен қызметінен айрылған. Содан барлығымыз қорқып, үрейленіп запыста болып қалғанбыз. Зәрем-зәр түбіне кетіп, аупарткомдағылар бәрі бір оқиды ғой, одан да өзім айтайын деп, редакторым Әбдірахман Әбдірәсілұлына оқыттым әлгі Жарлықты. Әбекең сабырлы, ұстамды азамат еді ғой. Сәл-пәл өңі сазарып, қуарыңқырап отырды да Асекеңе бәрібір атағын алып беріппіз ғой», – деді күлгендей түр танытып, «ешкімге айтпай-ақ қой, екеуміздің арамызда ғана қалсын» деп сөзді қысқа қайырды... Сөйтіп, жіберген «қатемізді» ешкімге айтпадық. Осы оқиғаны қысқаша айтқанымда Асаға бір рахаттанып күліп алды да: – Брежневтің қатесін сен түзеген екенсің ғой, – деді маған. – Содан тұп-тура жиырма бес жыл өткен соң ғана «Ерте берілген атақ» деген шағын хабар жаздым, – дедім мен де күліп. – Ол өзі былай, – деді толқи сөйлеп, – Атақ алардан алты ай бұрын балаларым Мәди мен Сағи да қабырға газетін шығарып, соған менің суретімді салып, астына «КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов» деп жазып, қабырғаға іліп қойыпты. Көргендер: «Ырымға жақсы, тимеңіз» деді. Негізінде бұл атақты маған бергізген Димаш Ахметұлы Қонаев. Ол былай болған, – деп ағамыз әңгімесін одан әрі қарай жалғастырды – 1979 жылы Димекең ресми сапармен Оңтүстік Американың Уругвай деген мемлекетіне барады. Бір күні көшемен келе жатса (кортежбен) алты-жеті қабатты биік үйдің жоғарылау жағына ілінген бильбордтағы таныс бейнеге көзі түсіп, тұсына келгенде мәшиненің жүрісін баяулатқызып, әлгі елдің Министрінен «мынау ілініп тұрған кімнің суреті?» деп сұрайды. Одан «Орта Азияның атақты әртісі Асанәлі Әшімов деген мырза» деген жауап алады. Ілініп тұрған «Транссібір экспересі» кинофильміндегі менің чекист Қасымхан Шадияровтың рөліндегі суретім екен. Шет елдегі құрметтен үлкен әсер алған Димекең, Мәскеуде бірде Леонид Ильич Брежневке кіріп: «Осылай да осылай. Асанәлі Әшімов деген актеріміздің атақ-даңқы дүниежүзіне жайылып кетіпті. Оған КСРО Халық әртісі атағын беру керек» депті. Лекең (Леонидті айтқаны) кең қолтық, ақкөңіл адам әрі Димекең екеуі қимас дос. «Ал достың тілеуі бір» деген, тіке Мәдениет министрлігіне тапсырма бергізген. Ол тұста атақ алу бес-алты парақпен шешілмейді. Қазақстанның барлық обкомы келісімін беріп, Саяси Бюро мен Жоғарғы Кеңес ол құжаттарды Мәскеуге жолдайды. Мәскеу он бес республиканың Саяси Бюросының келісімін және алады. Сөйтіп жүргенде алты ай өтіп (айтпақшы, атақ бір республикадан жалғыз әртіске берілмейді екен, маған қосарланып Фарида Шәріпова да ұсынылды) барып, екеумізге осы атақ берілді. Бұл қуаныш менің 8 мамыр – туған күніме дөп келді. – Димекеңнің бұл өнерді бағалағаны, – дестік Сатыбалды екеуіміз. – Мен бұл атаққа 43 жасымда ие болдым, – деп Асаға әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Драма театрында мүйізі қарағайдай әртістер көп онда. Аттарынан, атақтарынан ат үркетіндер жетерлік. Солар жиылып Димекеңе үшбу хат жазбай ма? «Бұл қалай? Жап-жас (қырықты жас дегенді солардан көрдім – актер өзіне тән күлкісіне салды. Онысы өзіне құп жарасып-ақ тұр), әрі ауылдың баласы» дегендей... Хаттарының жауабына қанағаттанбай, бір-екеуі Димекеңнің қабылдауына жазылған. Оларды қабылдаған бірінші хатшы: «Ақсақалдар. Сабыр түбі – сары алтын. Сәл шыдасаңыздар Сіздер де осындай құрметті иеленесіздер», – деп арқаларынан қағып шығарып салған. Содан келер жылы Ыдырыс Ноғайбаев (Фарида Шәріпованың күйеуі) пен Шара Жандарбекова КСРО Халық әртісі атанды. Осы атақты иеленген драма театрында бар-жоғы жеті-ақ адам едік. Опера және балет театрынан 1936 жылы күміс көмей әнші Күләш Байсейітова 24 жасында КСРО Халық әртісі атағын иеленгенде де ішегіне шынтақ айналмайтындар түбіне жетіп тынғанын білетін шығарсыңдар. Жалған дүние, кімге опа берер дейсің. Бәрі кетті бұ дүниеден. Соңғысы болып мен-ақ қалдым ... Әрі қарай қарап отырмай: – Еркін Тұрысов ініңіз «Шал» кинофильмінің сценарийін Сізге арнап жазды деп жүр ғой, – дедім. – Иә, ол екеуіміздің алғашқыда келісіміміз­дің болғаны рас. Сценарийімен таныссам ақ түтек боранда қар үстінде жатып, қасқырлармен арпалысуым керек екен. «Еркін қарағым, пейіліңе рахмет. Ауырып қалармын» деп бас тарттым. Сосынғы жерде Еркіннің таңдауы киностудия қызметкері Тоғызақовқа түсті. Баяғы Жамбыл Жабаевтың көмекшісі болған ақын Қасым Тоғызақовтың баласы ғой. Бұл өмірде жолы болыңқырамай жүрген Тоғызақовтың талантымен танылуына мүмкіндік берді. – «Жақсыдан – шарапат» демекші, бұған да сіздің шапағатыңыз тиген екен. Аз уақыт ішінде мұқым елге танылды. – Иә, – деді актер ойланып барып, – солай. Өмір бойы армандаған пәтерге де қолы жетті... Тұрмысы түзелді. Өнердің құдіреті бұл... кейде осы Тоғызақовты партнер етіп, сол киноға өзім түскенде де болар ма еді деп ойлап қоямын... – «Сіз кімсіз, Ка мырза?» деген киноны түнде ғана көрдік, – дедім мен, – Аға, бір сұхбатыңызда өзімнің өмірім туралы кино түсірсем деген жоспарым бар депсіз? – Сондай ой бар. Жалпы өзім туралы 43 минөттік фильм түсірілген. Бірақ әлі экрандалған жоқ. Көкейімде ой-арман көп, қарақтарым. Соңғы жылдары еліміздегі театрларда спектакльдерді сахналауға ден қойып жүрмін... Мына Өнер академиясында арнайы курстық тобым бар. Сонда дәріс беремін. Білгенімізді кейінгі ұрпаққа үйретіп кетсем деген бір аяулы арман ғана бар. Таяуда жетінші кітабым шықты. «Сізге, сүйіспеншілікпен, А. Әшімов» деген. Одан бұрын «Майраның әні», Мәди мен Сағиым туралы «Жан бөлек» атты кітаптарымды жаздым... Өмір атты айдында өз әліммен жүріп, өз тағдырыммен күресіп келе жатқан жанмын... Асағамен біраз уақыт әңгіме-дүкен құрдық. Қоштасарда: «Таяуда туған жерге, Жайылмадағы бабам Ысқақ Пірәдар мешітіне барып ата-бабама Құран оқытып, әрі қарай Қара бура бабамыз бен Түркістандағы ...Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп қайту жоспарда бар. Жылдағы әдетім, елге, жұртқа сәлем айтыңыздар» деп өнердің хас сұңқары Әшімов Асанәлі ағамыз орындығынан тұрып, қолымызды қысып қоштасты... «Адам қай өлкеде, қай шалғайда жүрсе де, мәңгі-бақи өзіне тартып тұратын құдіретті күш бар, ол – туған жерге деген махаббат. Қаратаудан әрі асып, елдің төбесі көрінгенде, жүрегім алып-ұшып, анасымен қауышуға асыққан жас баладай ерекше күй кешемін. Азаматтың тұлғасы туған жері мен елінің мерей-мәртебесімен биік те асқақ». Бұл да айтулы тұлғаның жүрекжарды өз сөзі. Актер өзі жайлы өзі қалай әдемі жеткізген десеңізші. Бұл сөзге біздің еш алып-қосарымыз жоқ.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Талас ауданы.