- Advertisement -

2 млн адамға ауызсу тарататын «Ертіс-Қарағанды» арнасына қауіп төнуі мүмкін

148

- Advertisement -

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар, Қарағанды облыстары мен Астана қаласын ауызсумен қамтамасыз ететін Қ. Сәтбаев атындағы арнасының өңірдегі филиалының екі мыңға жуық қызметкері дабыл қақты. Стратегиялық нысанның мамандары тіршілік нәрінің сапасы бұзылып кете ме деп алаңдап отыр. Себебі, каналдың тоғыз бірдей су қоймасы жекенің иелігіне бекітілуі мүмкін.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

Тарихқа көз жүгіртсек, «Ертіс-Қарағанды» каналының құрылысы 1962 жылы басталып, 1974 жылы іске қосылды. Стратегиялық нысанның жалпы ұзындығы 458 шақырым, ал ені 50 метрге дейін жетеді. Арнаның құрамында 22 насос станциясы, 14 су қоймасы мен 34 учаскелік арна бар, сонымен қатар, 39 өзге инженерлік құрал бар.

Фото: автор

Кәсіпорын ардагері Леонид Баталов – арнаның құрылысына атсалысқан азаматтардың бірі. 82 жасар маман каналдың иелігіндегі тоғыз су қоймасы жеке тұлғаларға жалға берілсе, су шаруашылығы нысанының жұмысы құрдымға кетеді деп алаңдаулы.

«Ертіс-Қарағанды» арнасы – стратегиялық маңызы бар нысан. Айналасында санитарлық белдеу бар. Яғни, бөтен азаматтарға келуге рұқсат жоқ. Бұған дейін су тоғандары жалға берілген кезде, жеке табиғат пайдаланушылардың салғырттығынан каналдан береке кетті. Әуесқой балықшылар арнаға келіп, ойларына келгенін жасады. Қолдағы ережеге сәйкес арнаның бойында осындай әрекеттерге жол берілмейді», — дейді Леонид Баталов.

Фото: автор

Ол аздай, табиғат пайдаланушылар өздеріне жүктелген міндеттемелерін орындамаған. Салдарынан су қоймаларының балық ресурсы ауланып, табиғи ресурстарына қауіп төнген. Абырой болғанда, жауапсыз табиғат пайдаланушылардың шаруашылығы сот шешімімен тоқтатылды. Бірақ, жағдай қайталануы мүмкін.

«Арнаның балық өсіру және су шаруашылығына қатысты екі құжат бар. Бірінші, үкіметтік құжатта арна санитарлық аймақ деп жазылған. Басқаша айтқанда, аумағында бөтен тұлғаларда жүруге тыйым салынады. Мамандардың өзі санитарлық кітапшаларын көрсетіп қана кіреді. Екінші құжат бойынша канал балық шаруашылығы нысаны тізімінде, яғни пайдаланушылар қолдана алады. Бұл екі құжат бір-біріне қарамай-қайшы», — дейді Леонид Баталов.

Фото: автор

Арна суын тазартуда табиғи тәсіл басымдыққа ие. Су сапасын қамтамасыз ету майшабақтарды жіберу арқылы жүзеге асырылады. Көбінесе канал түбіндегі өсімдіктерді жейтін балық түрлері өсіріледі. Суға жіберілетін су жануарлары түрлерінің қатарында тұқы, алабұға, ақ амур, табан, рипустар бар. Балық ресурстары өндірілетін биомелиорация учаскесі бар.

Балық өсіруші маман Жанна Байсейітованың айтуынша, биыл арнаның су қоймаларына 40 тонна майшабақ жіберілген. Балық шаруашылығын жүргізіп, су тоғандарының жағдайын бақылауға жақсы мүмкіндіктер бар.

Фото: автор

Мамандар мәселені шешу үшін тоғыз тоғанды «Ертіс-Қарағанды» арнасының қоймаларын каналдың өз иелігіне беріп, оларды балық шаруашылығы нысандары тізімінен алып тастау керек. Бүгінде өңірде 265 су тоғаны бар, өзен-көлдер балық шаруашылығын жүргізуге жетеді. Олардың 160-ы табиғат пайдаланушыларға бекітілген.

«Біз бұл мәселе бойынша салалық министрлік пен комитетке ресми хаттар жолдадық. Бұл бірнеше облыс аумағында орналасқандықтан, республикалық деңгейдегі нысан. Су тоғандарының жеке табиғат пайдаланушыларға беруге болмайды деген пікірдеміз. Себебі, судың сапасына кері әсер етуі мүмкін. Облыстық деңгейде қаулы әзірлеп қойдық», — дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Ернар Шакеев.

Мамандар санитарлық тәртіп орнатпаса, бұл жағдайдың соңында экологиялық мәселені туындауы мүмкін. Ауызсу сапасы бұзылса, екі миллион азаматтың денсаулығына да кері әсер тиюі әбден ықтимал.

Фото: автор

 

 

baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support