- Advertisement -

«Бахордың» батыл қадамы

93

- Advertisement -

Әлемдегі 30 дамушы елдің қатарына ену жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында еліміздің өңірлерінде тауарлы-сүт фермаларын құрып, қалыптастыру, дамыту міндеті алға қойылғаны баршаға мәлім. Бұл іске Андас батыр ауылындағы «Бахор» шаруа қожалығының еңбеккерлері де білек сыбана кірісіп отыр. Мұндағы жұмыстар «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан 35 миллион теңге көлемінде несие берілген күннен бастап жанданып жүре берген. Бұл қаржы Ресейден 68 асыл тұқымды қара-ала сүтті сиыр мен 38 жылқы сатып алуға жұмсалыпты. Агроқұрылым бүгінде сүт өндіру көрсеткіштері бойынша ауданда, тіпті облыста көш бастап тұр. Мұнда қазіргі уақытта 80 бас сауын сиыр бар. Олардың әрқайсысынан күніне 25 литрден сүт сауылуда.
– Мүйізді ірі қара малын асылдандыру ісінің нәтижесі жаман емес. Бүгінде жұмысымыз бір жүйеге түсті. Мал басы санын да біртіндеп арттырудамыз. Қазірдің өзінде бізден аудан шаруашылықтары асыл тұқымды бұқашықтарды көптеп сатып алуда, – дейді шаруашылық басшысы Бақтияр Хасанбаев.
Оның айтуынша, қожалықтың бүгінгідей деңгейге көтерілуі оңай болмаған көрінеді. Аталмыш саланың қыр-сырына қанығу үшін ол бірқатар алыс және жақын шетелдерде болып, сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту ісі бойынша тәжірибе алмасып та қайтыпты. Еңбегі мен ізденісі текке кетпейтініне де сенімді, американдық қымбат мал ұрығын қолдану арқылы қолдан ұрықтандыру әдісін біркісідей меңгеруінің нәтижесін көретін күні де алыс емес. Кәсіпкер азаматтың бір өзі 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын да айта кеткен жөн. Жалпы, «бахорлықтар» бір күнде 2 тоннаға дейін сүт сауылып, өткерілуіне қол жеткізуде. Тауарлы-сүт фермасының сүт сақтайтын арнайы мұздатқыш танкерлері де бар.
Шаруашылық еңбеккерлері биыл 20 гектар ақ егіс алқабынан тиісінше өнім жинап, мал азығындық құнарлы жеммен өздерін-өздері жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп отыр. Мұнда биыл алғаш рет байқап көру үшін бес гектар алқапқа қант қызылшасы егіліп, өсірілген. Өнімі көңілдегідей болып жатса, көлемін одан әрі ұлғайту да ойластырылуда. Бұл орайда екі К-700, бір шынжыр табанды тракторы және «КамАЗ» жүк көлігі әжетке жарап-ақ тұр.
Айтпақшы, аталған агроқұрылымда заманауи ғылыми жетістіктер нақты өндірісте қолданылу үстінде екен. Мұның жайын Бақтияр Хасанбаевтың өзі тарата айтып берді.
– Әлбетте, біз де мал басын өз төлі есебінен көбейтуді көздейміз. Алайда ойға алған ісің әр кезде де сәтімен жүзеге аса бермейді. Ресейден әкелінген асыл тұқымды құнажындарымыздан былтыр алынған төлдің 70 пайызы еркек болып шықты. Әрине, мұның мал басының өз төлі есебінен көбейтілуіне едәуір кедергі келтіретіні белгілі. Сондықтан да қолдан ұрықтандыру кезінде бір жынысты ұрықтарды пайдалануда ұйғардық. Айта кетейін, мұндай ұрықтың бір дозасының нарықтағы құны 9800 теңгеге бағаланады. Алдын ала байқап көру үшін жеті-сегіз ай бұрын Алматыдағы «Таурус» фирмасы арқылы осындай асыл тұқымды мал ұрығының 70 дозасын алып, қолдандық. Барлығы 30 бас туар мал екі реттен ұрықтандырылды. Енді бір айдан кейін нәтижесі белгілі болады деп күтудеміз. Яғни, буаз мал кілең ұрғашы төл беруге тиіс, – дейді қожалық жетекшісі.
«Бахорлықтар» алдағы уақытта мүйізді ірі қара басын 400-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. «Кәсіптің көзін тапқан нәсіптің өзін табады» демекші, жалпы кәсіпкерлік дегеніңіз кейде осындай тәжірибелер жасауға тәуекел етуді де қажетсінетіні баршаға мәлім. Бұл да болса өңірімізде экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнестің нығайып келе жатқанының көрінісі. Өндіріске ғылыми жетістіктерді кеңінен енгізу арқылы мал тұқымын асылдандыру – уақыттың да талабы.
«Бахор» шаруа қожалығының батыл қадамдарға баруы қай жағынан алып қарағанда да әбден құптарлық деп санаймыз.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support