- Advertisement -

Сатып алушы да, сауда қатарлары да көбеюде

84

- Advertisement -

Соңғы кездері Тараз қаласының орталық «Достық» алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әр сенбі сайын өткізілуде. Бұдан әлі де хабардар емес тараздықтар да баршылық. Дейтұрғанмен жәрмеңкеге келушілер қарасы бұл жолы да көп болды. Сенбі күні өткен шараға арнайы бекітілген кестеге сәйкес облысымыздың 5 ауданы мен Тараз қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері атсалысты.
Жәрмеңкеде жалпы құны 39,1 миллион теңгені құрайтын 234,6 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, сауда сөрелеріне 9 тонна жылқы, сиыр, қой, шошқа және тауық еті, 3 тонна шұжық, 4 тонна сүт, 1 тонна кондитер, 3 тонна макарон, 1 тонна кептірілген жеміс және 209 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 1 тонна балық, 1,3 тонна бал, 2 тонна қарақұмық, 2 тонна күріш, 4 тонна қант, 1,5 тонна өсімдік майы шығарылды. Өнімнің түр-түрінің болуы, олардың нарықтағыдан 7-25 пайызға төмен бағаға ешқандай делдалсыз, тікелей өткерілуі жергілікті тұрғындардың азды-көпті азық-түлік қорын жинақтап алуына, қыстың қамын жасауына да мүмкіндік берді.
Айта кету керек, кейбір өнім түрлері, мысалы, бал, шомыр, баклажан, қызанақ, алма, қант қызылшасының бір килосы базар бағасынан 20-25 пайыз төмен болды.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, бұл жолғы жәрмеңкені ұйымдастыру барысында сауда қатарлары екі-екіден сатушысы бар қосымша тағы да 10 шатырмен толықтырылыпты. Осылай өңір тауар өндірушілерінің өздері өндірген сүт, айран, ірімшік, сары май секілді азық-түлік өнімдерін өткеруіне мүмкіндік туғызылған.
Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев аралап көрді.
– Бұл жәрмеңкенің басты мақсаты – қала халқын арзан азық-түлікпен қамтамасыз етумен қатар, өнімнің қолжетімділігін арттыру. Сол себепті жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарлары біршама төмен бағада сатылып жатыр. Бұл қала тұрғындары үшін де, өнім өндіретін шаруашылықтар мен шаруа қожалықтары үшін де ұтымды. Себебі мұнда өнімдер делдалсыз саудаланады, – дейді ол.
Жалпы, әр сенбі сайын азын-аулақ қаражатқа мол өнім алуға мүмкіндік алған қалалықтар мұндай жәрмеңке жиі өткізілсе қалалықтарға тиімді деген тілектерін де жеткізді. «Нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағада қаншама азық-түлікке қарық боп жатырмыз», – дейді бұл тұрғыда қала тұрғыны Жахан Сапаралиев.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support