Экономика

Елдің жағдайы жолынан білінеді

Елдің жағдайы жолынан білінеді

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ішкі өңірлік жолдардың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Үстіміздегі жылы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі» деп ерекше атап өтті. Еліміз, оның ішінде облысымызда кейінгі кезде осы саланы жаңғырту үшін қыруар қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде, бүлінген жолдар қалпына келтіріліп, жаңалары салынуда. Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, жергілікті маңыздағы автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 2018 жылы – 78,5, 2019 жылы – 80, 2020 жылы – 81,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Облысымызда 2018 жылы жалпы жол саласына 12,1 миллиард теңге бөлінген. Аймақта жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 9692 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар – 1237, облыстық маңызы бар – 1943, аудандық маңыздағы автомобиль жолдары 1913 шақырым және елді мекендердегі көшелердегі жолдар 4599 шақырымды құрайды. «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» міндетін іске асыру аясында Инвестиция және даму министрлігімен бірлесіп, атап айтқанда, 50/50 схемасы бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қосымша 7 жобаның іске асырылуына 2,3 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұған қоса, облыс әкімінің қолдауымен жаңа бастама ретінде осы тәжірибе үлгісінде елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту үшін облыстық және аудан бюджеттерінен 50/50 схемасы бойынша 14 жобаның іске асырылуына қосымша 379,3 миллион теңге қарастырылды. Осы бөлінген қаражат есебінен 24,2 шақырым шағалды жол салу, 17,7 шақырым күрделі жөндеу және 445,96 шақырым автожол мен көшелер орта жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ бір көпірдің құрылысы жүргізіліп, екі жол қайта жаңғыртылуда. Мұның өзі үстіміздегі жылы облысымызда 490 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ішкі және ауылдар арасындағы қарым-қатынас едәуір жақсарады. Биыл бюджет көздерінен қосымша қарастырылған қаражат нәтижесінде жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын жоспардағы 78,5 пайыздан асырып, 80,1 пайызға, ал елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық көрсеткішін 72,7 пайызға жеткізу жоспарланған. Сапа – басты назарда. Автомобиль жолдарының сапасын, қауіпсіздігін арттыру мақсатында жөндеу жұмыстарын жобаға сәйкес жүргізуді авторлық және техникалық қадағалау қызметтері қатаң бақылауда. «Жамбылжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі және басқа да аккредиттелген зертханалық мекемелер қолданылып жатқан барлық құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстар сапасын растайтын сараптама-қорытындылар алып, салынған жол қабаттарының қалыңдығы мен ендеріне өлшеулер жүргізуді дұрыс жолға қойған. Сапаны арттырудың бір жолы – жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа материалдарды пайдалану болып табылады. Сондықтан да бұл саладағы құрылысқа озық технология мен жаңа материалдарды енгізуге ерекше назар аударылуда.  

«Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемі артты: жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейін, ауылдық жерлерді сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді»

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

Соңғы жылдары бұл бағытта облысымызда Реджувасил, Миркосюрфейсинг, суық ресайклер және қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон технологиялары кеңінен қолданылып, олар өз нәтижесін беруде. Бұған қоса, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бекітілген аудандық маңызы бар автожолдардың тізіміне түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Автожолдардың құрамынан шаруашылық жолдары шығарылып, теңгерімде жоқ иесіз автомобиль жолдары теңгерімге алынуда. Олар «Автомобиль жолдары туралы» Заң талаптарына сәйкестендірілуде. Нәтижесінде кеңестік кезеңдегі колхоз, совхоздар арасындағы көлік қатынасы үшін салынған шаруашылық автожолдар бүгінде бұл бағытта елді мекендер жоқ болуына байланысты бекітілген автожолдар тізбесінен алынып тасталуда. Соның нәтижесінде жол желісі 725 шақырымға қысқартылатын болады. Автожолдардың жағдайын жақсарту бағытында белгіленген индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізілуі үшін бүгінде жөндеуді талап ететін жол учаскелерінің басымдылығына қарай үш жылдық Жол картасын әзірлеп, бекітіп, жол жөндеу жұмыстарын жүйеге келтіру көзделген. Жергілікті маңызы бар автожолдардың жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында 2019 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден 50/50 схемасы бойынша 11,3 миллиард теңге бөлінуіне бюджеттік өтінім берілген. Жобалардың іске асырылуына Инвестициялар және даму министрлігі алдын ала қолдау көрсетіп отыр. Қаржы бөлінген жағдайда келесі жылы облыс аумағында 13,6 шақырым жаңа жол құрылысы, 11,8 шақырымда қайта жаңғырту, 38,8 шақырымда күрделі және 267 шақырымда орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы – жергілікті тұрғындардың көлікпен қатынауын жақсартумен қатар, өңірдің көліктік логистикасы инфрақұрылымының дамуына орасан үлес қосады. Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ, облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.