Жетісу жерінен жеткен керуен

109

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттер барлық өңірлерде сәтімен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл орайда өңірлердің бір-бірімен рухани қарым-қатынасы, аймақтардың өлке тарихын тануға деген құлшынысы арта түскені де байқалады.

Таразға талай таланттардың кіндік қаны тамған киелі Жетісу өңірінен арнайы делегация келді. «Жер жәннаты Жетісу жерінен көне Тараз өңіріне» деп аталатын «Рухани керуен» мүшелерін алдымен Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров бастаған өзге де азаматтар Тараз қаласының кіреберіс қақпасынан зор ықыласпен күтіп алды.
Келесі күні «Достық» үйінде «Рухани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты» тақырыбында Алматы облысынан жеткен мәртебелі меймандармен кездесу өткізілді. Басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде екі өңірдің қашанда ауылы аралас, қойы қоралас болғанын атап өтіп, Алматы облысы мен біздің облыстың мәдени байланысы ешқашан үзілмегенін, аймақтардың ұлттық өнерде де егіздің сыңарындай жарасым, үйлесім тауып келе жатқанын сөз етті. Бұл байланыстардың әрмен қарай да жалғасатынына да тоқталды.
Бұдан кейін Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтанбек Дүйсенбинов сөз алды. Ол өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жетісу жерінде атқарылып жатқан игілікті істерді кеңінен әңгімелеп берді. Мәдениет, руханият салаларында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды да сөз етті. «Қазақ хандығының туы тігілген, қасиет дарып, құт қонған киелі өңірге аяқ басқанымызға бек қуаныштымыз. Батыр Бауыржан Момышұлының туған жері, ұлы Жамбылдың атын иеленген облыстың руханияты қашанда қарыштап дамығаны баршамызға аян. Кенен Әзірбаев бастаған көптеген өнер саңлақтарының кіндік қаны тамған өңірмен рухани байланыс орнату – біз үшін парыз. Сондықтан ауылы аралас, қойы қоралас, тарихы сабақтас екі өңірдің бір-бірімен мәдени байланыс орнатқаны құба-құп. Өйткені бізде ортақ құндылықтар жеткілікті», – деген ол зор ықыласпен құшақ жайып қарсы алған жамбылдықтарға ризашылығын жеткізді.
Белгілі театр және кино актрисасы, Қазақ КСР Халық әртісі, Алматы облысының Құрметті азаматы Алмахан Кенжебекова сөз сөйледі. «Қай жерге барсақ та тәуелсіз ел екенімізге шүкір етемін. Таразға келіп те сондай сезімді бастан өткеріп тұрмын. Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы дер кезінде жарияланған құжат деп білемін. Бүгінде барлық өңір бағдарламаның шарапатын сезініп отыр. Сондықтан Елбасының тың ойларын жүзеге асыруда, әсіресе жастар белсенді болуы керек. Жастар жалындап тұрса, алынбайтын қамал болмайды. Туған жердің қадіріне жетуге тиіспіз. Елбасы әлем елдерімен тығыз қарым-қатынасты бекер орнатып отырған жоқ. Бұл біздің қай салада болсын алға жылжуымызға себепші болатыны анық.

Дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі бекерден-бекер Қазақстанда өткізіліп жатпағаны аян. Мұның бәрі рухани жаңғыруымызға, бейбіт елде ғұмыр кешуіміз үшін жасалып жатқан игі қадамдар. Сол себепті біздің әрқайсымыздың кеудемізде «Менің елім, менің халқым» деген сөздер сайрап тұруы шарт. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының бай тарихын қадірлеуіміз, оны мақтан тұтуымыз керек. Рухани жаңғырудың сипаты білімде де, мәдениетте де, ұрпақ тәрбиесінде де көрініс табуы керек. Себебі, білімді ұрпақ қана Қазақстан көшін алға сүйрейді, рухымызды аспандатады. Еліміздің мерейін тасытады. Қазақстанның әлемдік деңгейде беделі арта түсуіне ықпал етеді», – деген ол көне Тараз топырағындағы кездесуді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Мұнан соң Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев өз ойын ортаға салды. Сөзін өлең жолдарымен бастаған ол қасиетті Әулиеатаға деген құрметінің белгісі ретінде шырайлы шумақтарын арнады. Оның жалынды сөздері залға жиналған жұртшылықты серпілтіп тастады. Өз сөзінде Бауыржан Момышұлының қанатты сөздерінен мысал келтіріп, үн қатқан Жұматайдың терең білімі мен шешендік қасиеті айқын аңғарылып тұрды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мәніне терең тоқталған журналист қазақтың Шерағасының қазасына көңіл айта келгенін де тілге тиек етті. «Мен бір қазақ емес, бар қазақпын. Мұны Батыр Баукең айтып кеткен. «Рухани жаңғыру» жаттың қаңсығын таңсық қылу емес. Қазақ «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деп жатады. Мен Алматы облысынан келгеніммен, киелі Таразды да өзімнің елім, өзімнің жерім деп білемін. Сондықтан Тараз төріне келген соң осы өлкенің тұлғаларының, ұлт қаймақтарының аманатын жеткізгім келеді», – деген ол Шона Смаханұлының сөзіне жазылған «Анамның тілі – айбыным менің» атты әнді шырқап берді. Соңынан марқұм Аяз Бетбаевтың мақамына салып, арнауын арнады.
Шарада көпшіліктің сүйікті киносына айналған әйгілі «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақтың рөлін сомдаған белгілі актер Әлімғазы Райымбеков қария сөз сөйлеп, жастар тәрбиесіне қатысты ойларымен бөлісті. Тағылымға толы қария сөзі жастардың жүрегіне жеткені анық. Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз сөйлеп, Алматы облысынан келген делегация мүшелеріне ризашылығын жеткізді.
Кездесу соңында Жамбыл және Алматы облыстарының дін істері басқармасының басшылары Ж.Омаров пен Р.Есдәулетов бірлесе жұмыс атқару туралы екіжақты меморандумға қол қойды. Шара соңы әсем ән әуелеген концерттік бағдарламамен түйінделді. «Рухани жаңғыру: дін – дәстүрім, салтым-санам» тақырыбында қойылған кітап және сурет көрмесін келушілер қызыға тамашалады.
Алматы облысынан жеткен «Жер жәннаты Жетісу жерінен көне Тараз өңіріне» атты «Рухани керуеннің» бірқатар мүшелері облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауында болды. Қонақтар қатарынан қазақ кино өнерінің мақтанышы Әлімғазы Райымбеков, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтанбек Дүйсенбинов, Рәтбек қажы Нысанбайұлы, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының өкілі Ғалиасқар Сарыбаев, Қазақ КСР Халық артисі Алмахан Кенжебекова бастаған өзге де азаматтар табылды.
Басқосуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов екі өңірдің терең тарихы мен рухани қарым-қатынасына, мәдени байланысына кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ Асқар Исабекұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын тілге тиек етті. Жиында Алматы облысының Құрметті азаматы, «Тақиялы періште» фильмінің бас кейіпкері Әлімғазы Райымбеков, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов бастаған өзге де азаматтар сөз сөйлеп, орамды ойларын ортаға салды. Екі тарап бір-бірлеріне естелік сыйлықтар табыстап, құрмет көрсетті. Соңынан естелік ретінде суретке түсті.
Жетісу жерінен жеткен делегаттар бұл күні облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» тақырыбында діни бірлестік жетекшілерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ олар Тараз сервис және технологиялар колледжінде «Рухани жаңғыру – ел ертеңінің бастауы» тақырыбында ұйымдастырылған шараға қатысып, соңынан өңіріміздің тарихи-мәдени орындарын аралап, киелі өңірдің терең тарихымен танысты.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.