«Тараз пресс» командасына қола жүлде бұйырды
«Тараз пресс» командасына қола жүлде бұйырды
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан түрлі деңгейдегі жарыстар жиі ұйымдастырылып тұратыны белгілі. Республикалық аламандарда өңір намысын жамбылдық тілшілерден құралған «Тараз пресс» командасы абыроймен қорғап келеді. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің кубогі үшін өткен додада және Қызылорда облысы әкімінің кубогі жолындағы бәсекеде жүлдегерлердің қатарынан көрінген әріптестеріміз сол биігінен төмендемеуді мақсат тұтқандай. «Хабар» телеарнасы дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Хабар кап» турнирінде «Тараз пресс» командасы жасындай жарқырап, жүлделі үшінші орынды иеленді. Топтық кезеңнен және ширек финалдан сүрінбей өткен жамбылдық журналистер жартылай финалда Талдықорған қаласынан келген «Тұран» командасына ойын соңынан кейінгі пенальтиден 12:13 есебімен жол берді. Үшінші орын үшін өткен ойында жеңімпаз атанған әріптестеріміз 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Осылайша бәсі басым додадан Нұржан Туғанбай бастаған жамбылдық тілшілер кезекті мәрте жүлдемен оралып отыр. Әріптестерімізді жүлдесімен құттықтап, табысты болуларына тілектестігімізді білдіргіміз келеді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.