Күміс медаль иеленді

100

Күрес түрлерінен Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионаты еркін күрес шеберлері үшін табысты болды дей алмаймыз. Әйткенмен қазақстандық балуандар жаһандық додада бір күміс медаль иеленді.
57 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрислам Санаев финалға дейінгі қарсыластарын оңай ұтқан болатын. Шешуші белдесуге дейін АҚШ, Украина, Түркия, Самоа балуандарынан айласын асырған ол өзінің кәсіби мансабындағы ең үздік нәтижесін көрсетіп отыр.
Финалдық кездесуде Ресей федерациясының спортшысы Завур Угуевпен белдескен қазақстандық балуан қарсыласынан 4:3 есебімен ұтылып қалды. Дегенмен бұл кездесуді тамашалаған мамандар төрешілердің бір бүйрегі ресейлік спортшыға бұрғанын айтып жүр. Қалай болған күнде де Нұрислам Санаев үшін бұл керемет нәтиже саналады.
2014 жылдан бері ұлттық құраманың намысын қорғап жүрген Нұрислам Санаев Рио Олимпиадасында бақ сынап, жүлдеге іліге алмаған еді. Дегенмен қазақстандық спортшы Азия біріншілігінде қарсылас шыдатпай, чемпион атанған-ды.
Өкінішке қарай еркін күрестен әлем чемпионатына қатысқан өзге балуандарымыз жүлдеге іліге алмады. Нұрисламнан өзге ел намысын Қуат Әміртаев, Дәулет Ниязбеков, Әділет Дауланбаев, Бақтияр Ізбасаров, Амандық Бәкеев, Болат Сақаев сынды өзге де саңлақтарымыз қорғаған болатын. Әйткенмен олар қола жүлдеге де қол жеткізе алмай, елге бос қайтты.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.