- Advertisement -

Әлем чемпиондары елге оралды

124

- Advertisement -

Морокконың Касабланка қаласында самбо күресі шеберлерінің әлемдік додасы өтті. Бірнеше күнге созылған жаһандық аламанда Қазақстан намысын қорғаған ардагерлеріміз жасындай жарқырады. Олардың қатарында жамбылдық Алмас Мұсабеков пен Нұржан Қазбеков те бар. Алмас Мұсабеков осымен жетінші мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, Нұржан Қазбеков те алтыннан алқа тақты.
Әлемнің отызға жуық мемлекетінен кіл мықтылар қатысқан байрақты бәсекеде Алмас Мұсабеков 62 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаса, Нұржан Қазбеков 68 килограмм салмақта белдесті. Мороккодан мерейі тасып оралған чемпиондарды Тараз қаласының кіреберіс қақпасынан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бастаған спортшылар қауымы зор құрметпен қарсы алды. Күтіп алу рәсімінде алғаш сөз сөйлеген Нұржан Жолдасбеков жерлесімізді айтулы жеңісімен құттықтап, зор табыс тіледі. Сондай-ақ самбо күресінен облыстық ардагерлер федерациясының президенті Жетен Медеу де ізгі тілегін арнады.
Бұдан соң Морокко елінен олжалы оралған чемпиондар ыстық ықыласпен күтіп алған жамбылдықтарға алғыстарын айтты.
«Бұл жарысқа шын мықтылар қатысты. Жарыстың деңгейі жыл өткен сайын артып келеді. Әлем чемпионаты деген аты болған соң психологиялық тұрғыдан алғанда қанша дегенмен күйгелектеніп қалатынымыз бар. Осы жарысқа менімен бірге қатысқан Нұржан ініміз де жоғары деңгейде күресіп, алтын медаль иеленді. Алланың қалауымен екеуміз де жанкүйерлердің сенімін ақтап, топ жардық. Уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін бәріңізге рахмет», – деді Алмас Мұсабеков өз сөзінде. Соңынан Нұржан Қазбековке сөз тізгіні тиді. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?! Бүгін сіздер бізді күтіп алып, құрмет көрсетіп жатырсыздар. Сол үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл біздің төккен теріміздің жемісі деп білемін. Аллаға шүкір, қасиетті Тараз топырағынан тарлан спортшылар шыққан, әлі де шығып жатыр. Біздікі соларға үлгі болсақ деген ой ғана ғой», – деді ол.
Әлем біріншілігінен тамаша жетістікпен оралған ардагер самбошыларымыз әлі де бірнеше мәрте топ жаруды көздеп отыр. Талай аламандарда өзінің шын мықты екенін дәлелдеп келе жатқан Алмас Мұсабеков бұл додада екі белдесу өткізіп, екеуінде де өзінің шын мықты екенін әйгілепті. Сондай-ақ Нұржан Қазбеков те қарсыластарын шақ келтірмей, жарысты тамашалаушылардың ыстық ықыласына бөленіпті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support