- Advertisement -

Тың жобалар қылмыстың алдын алуға көмегін тигізеді

122

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында: «Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет.Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады. Ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүреді, көбіне өз басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Сонымен қатар қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр. Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын» деп атап көрсете келе нақты міндеттер жүктеді.
Мәселен, Елбасы Жолдауда полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет екенін де еске салды. Жолдау жүктеген міндеттерді орындау жолында жамбылдық полицейлер алдында аса ауқымды жұмыс тұр.
– Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2017 жылғы 4 шілдедегі №69 және Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 10 шілдедегі №477 «Ішкі істер органдары үшін мобильдік құрылғыларда электрондық форматта әкімшілік өндіріс бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы» бірлескен бұйрығын және Бас прокуратураның 2017 жылғы 13 қазандағы № 117 бұйрығы мен Ішкі істер министрлігінің 2017 жылғы 19 қазандағы № 698 бұйрығын орындау мақсатында 2017 жылдың қазан айынан бастап Жамбыл облысының аумағында «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» әкімшілік хаттамасын электрондық толтырудың пилоттық жобасы енгізілді.
Электрондық іс жүргізуге көшудің мақсаты хаттама толтырылған сәттен бастап және төленген айыппұлды автоматты түрде алып тастағанға дейін барлық қойылған шектеулерді алып тастай отырып, әкімшілік іс жүргізу процесін толық автоматтандыру болып табылады.
Осыған байланысты 2017 жылдың қазан айында Тараз қаласының әкімдігі 15 электрондық планшетті сатып алып, пайдалануға берді, әрі қарай желтоқсан айының басында Ішкі істер департаменті 86 планшет сатып алды, Жаңа жылдың алдында қосымша 74 электрондық планшет сатып алынды.
Қазіргі таңда облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің балансында 175 электрондық планшет және 101 термопринтер бар.
Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласына қызмет көрсететін жол-патрульдік полициясының саптық бөлінісіне 135 планшет және 101 термопринтер, ал республикалық маңызы бар автожолдарға қызмет көрсететін жол-патрульдік полиция батальоны үшін қалған 40 планшет берілді. Полиция қызметкерлерін қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету алдағы уақытта да жалғаса береді.
2018 жылдың басынан бастап 7000-нан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 9 миллион теңгеден астам айыппұл салынғанын да атап өтсем деймін.
Елбасының Жолдаудағы «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деген талабын орындау әрбір қызметкеріміздің жадында жүруін баса назарға алып отырмыз, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Уәлихан Сексенбаев.
Қылмыстық оқиғаларды дер мезгілінде ашуға және қоршаған ортаға мониторинг жүргізуге көмегі зор бейнебақылау жүйелерін орнату алдағы уақытта жалғасын таба беретін көрінеді. Биылғы шілдеге дейін Тараз қаласында 206 сырттан бақылау камерасы орнатылса, оның 109-ы көше қиылыстарында, 62-і халық көп шоғырланатын жерлерде, 13-і оқу орындарында, 19-ы «Қауіпсіз аула» бағдарламасымен орнатылған. Сонымен қатар облыс орталығында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында жоспарланған 480 камерадан 238 тұрғын үй ғимаратына 476 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Облыс орталығының аумағында аппаратты-бағдарламалық 34 «Автоураган», осынша «Red Speed» станса бекеттері және 3 интеллектуалды жол қозғалысын басқару жүйесі «Интегра-КДД» орнатылған. Осы жүйелердің барлығы автоматты түрде жұмыс істейтін көрінеді.
Жолдауда Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек екені де міндеттелгендіктен алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын таба беретін көрінеді. Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесін кеңейту мақсатында бейнебақылау камераларының екі моделін қолдану жоспарлануда екен.
Жамбылдық полицейлер Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға белсене кірісіп жатса керек. Бұдан бұлай түрлі қылмыстық оқиғалардың алдын алуға, жасалған қылмысты дер кезінде ашуға қолға алынып жатқан тың жобалар да көп септігін тигізеді.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support