Халықтың қалтасын қағуда

137

Облысымызда мемлекеттік бағдарламаның көмегімен елді мекендерді газдандыру жұмыстары қолға алынып келеді. Шу ауданында 2012 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «Бұхара-Ташкент-Бішкек-Алматы» халықаралық магистралды құбырына жалғанған «Қордай-Шу» жоғары қысымды магистралды газ құбырын іске қосты. Ұлттық телекөпір арқылы оның тұсауын кескен Президентіміз Н.Назарбаевтың халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын жақсарту жолындағы қолға алған бастамасын қолдаудың орнына аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Өмірәлиев пен Төле би ауылдық округі әкімі Е.Даберовке арқа сүйеген «Париев» ЖШС Шу ауданы орталығын газдандыруда елімізде жоқ баға белгілеп жұртшылықтың наразылығын тудырып келеді.

Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберов, орынбасары Т.Ахмедов және «Париев» ЖШС директорының орынбасары Н.Дүйсенбеков 2015 жылы 14 мамырда әр тұтынушыға жердің үстімен құбыр жүргізуге 380000 теңгеге техникалық шарт жасаған. Жердің астымен 420000 теңгеге жүргізіледі деп халықты алдап, екінші хаттама толтырады. Алғашқы хаттаманы 2017 жылғы 14 маусымдағы сот отырысында «черновой вариант» деп, көпшілікті тағы да жаңылдырады. Қарапайым есепке жүгінсек, жалған хаттамалардың айырмасы – 40000 теңге. Оны аудан орталығындағы 4200 үйге көбейтсек, 168 миллион теңге болады екен! Оның үстіне Е.Даберов пен орынбасары Т.Ахмедов ауыл тұрғындарымен 2014 жылы 5-6 жерде оншақты адамнан жиын өткізіп, ішінара қатыспаған адамдарды қатысты деп олардың орнына басқаларға қол қойдырып, күмәнді хаттамалар жасаған.
Газ жүргізуге қажетті құбырлардың бағасына назар аударайық. Алматы облысы, Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылы маңындағы зауытта жасалатын полиэтилен құбырларының әр метрінің құны Қарағанды зауытында өндірілетін болат құбырлардан ресми құжаттары бойынша 2-3 есе арзан.
Құбырлардың бағасы қымбаттады деген сылтауымен 2016 жылдың 1 қаңтарынан әр үйді көгілдір отынға қосу құны көршілес ауылдар мен Шу қаласында 330,0- 350,0 мың теңгеден айналғанда, Төле би ауылында 570,0 мың теңгеге көбейіп, «ҚазТрансГаз Аймақ»АҚ-қа қосылу үшін төленетін 40,0 мың теңге, пеш т.б. қосымша шығындармен 900,0 мың теңге, тіптен кейбір шаңырақтарға бір миллион теңгеге дейін көтеріледі. Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-ту ауылы тұрғындарының газға қосылу құнының 350,0 мың теңгеге белгіленгенінің өзіне наразылық танытқандары сәл ертеректе СТВ телеарнасынан көрсетілген болатын.
2016 жылы Бас жобалаушы «Тараз ремпроект» ЖШС-ның директоры Р.Мақанов Төле би ауылының көшелері мен аулаларын газдандыруға жобалау жұмыстарын жасаған. Осыған орай, «Париев» ЖШС басшылары тапсырысымен «Эксперт центр БРК» ЖШС-ның директоры К.Дүйсенбиев 2016 жылы оны сараптамадан өткізеді… Ал 2016 жылы жобалау жұмыстары жасалынып, сараптамадан өткен бір жылдан кейін, яғни құрылыс – монтаж жұмыстары 2015 жылы басталған екі жылдан кейін Нұрходжа Дүйсенбеков: «Жоба әлі күнге жоқ, сметалық жобаны енді жасап жатырмыз», дейді.
Елімізде жоқ аспандаған бағаны арзандатуға 2016 жылы 2 маусымда сол кездегі облыс әкімі К.Көкірекбаевқа ауыл тұрғындарының атынан Шу қаласынан 8,7 шақырымдағы аудан орталығы – Төле би ауылына тартылған магистралды газ құбырын мемлекет теңгеріміне сатып алуға облыстық бюджеттен қаржылай көмектесуін өтініп хат жазғанбыз. Одан ешқандай жауап болмаған соң, 2016 жылы 1 қарашада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарына тікелей өзімнің хат жібергенімнің арқасында 2017 жылдың наурызында облыстық бюджеттен 251145000 теңге қаражат бөлінді. Бөлінгенін қайтейін, халық көгілдір отынға қосыла алмай жатқан соң қосымша құн салығын алып тастап 508,0 мың теңгеге төмендеткен мердігер өткен жылы 1 сәуірден 1 мамырға дейін тек бір айға ғана 60000 теңгеге арзандатып, тағы қосымша құн салығын желеулетіп, 475,0 мың теңгеге («ҚазТрансГаз Аймаққа» қосылу үшін төленетін 40000 теңге,пеш т.б. қосымша шығындармен 800,0-900,0 мың теңгеден айналады) қайтадан қымбаттата салды. Аудан орталығын газдандыруға 1 миллиард 638 миллион теңге жұмсаудамыз деген мердігер ұйымының сол сомасынан 251145000 теңгені алғанда 1 миллиард 387 миллион теңге қалады екен. Оған 104 миллион теңгені қосып, 1 миллиард 491 миллион теңгеге көбейтіп, 4200 үйдің әр қайсысына шаққанда 475000 теңгеге қымбаттатып қойды. Сонда қосымша құн салығы 104 миллион теңге болғаны ма?! 20 сәуірде облыс әкімінің бас инспекторы Ә.Терлікбаевпен кездесу жиынында осы жайлы айтқанымда, ол «Париев» ЖШС өкілі Н.Дүйсенбековке: «Салық комитетінен нұсқаулы-құжат бар ма, неге сүйеніп бағаны көтердіңдер?» дегенде Нұрходжа да, тіптен алдындағы жиындарда салық заңды ұсталған деп жүрген аудандық мәслихаттың хатшысы Е. Өмірәлиев те үнсіз қалды… Бірлікүстем ауылынан 11 шақырым қашықтықтағы Белбасар ауылына күре газ құбырына жеткізу үшін 33 миллион теңге қаражат жұмсалса, Шу қаласы мен Төле би ауылы аралығындағы 8,7 шақырымдық қашықтыққа 251 миллион 145,0 мың теңге жаратылған! Ақ-қарасын анықтауға 13 наурызда Шу аудандық прокуроры Ж.Бердіқұловқа хат тапсырылған. Нәтиже болмағандықтан, бәрін ашық мәлімдеп 2018 жылы 10-14 мамырда «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаевқа және А.Шпекбаевқа электронды поштамен хаттар жолдадым.
2015-2017 жылдары облыстық мәслихаттың шешімдеріне сәйкес «Аq jol» газетінің 2015 жылғы 4 сәуір, 24 қараша және 2016 жылғы 29 желтоқсандағы сандарында жарияланған ресми деректер бойынша газ тасымалын дамыту жүйесіне республикалық бюджеттен 5 миллиард 025 миллион 188,0 мың теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ 2019 жылға арналған бюджетке 3 миллиард 285 миллион 250 мың теңге қарастырылған. Осыған байланысты құзырлы орындарға өтінішпен шығып, осы ауқымды қаражаттардан Шу қаласы мен ауылдарды газдандыруға қанша қаржы бөлінгенін анықтата алмай келеміз. 2018 жылы 23 қаңтарда Меркі аудандық әкімшілік сотында біздің өтінішімізбен тексеруге қатынасқан «ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің» бас маманы Л.Оспанованың: «Шу қаласындағы әр үйге кіргізу бағасы 330,0 мың теңге емес, 120,0 мың теңгеден болуы керек еді. Жоғарыға тексерілуге жіберілді» дегені, яғни 2-3 миллиард теңгенің бөлініп, қайда жұмсалғандығы да күмән тудырады.
«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дегендей, мердігердің сапасыз орналастырған газ құбырларының кесірінен биылғы 11 ақпанда аудан орталығының орталық көшесінде жарылыс болып, қатты аязда газға қосылған 400-дей үй жылусыз қалды. Оны аудан әкімі мен Е.Даберов тексеру жүргіздірмей жылы жауып қоя салды. Осы уақытқа дейін 20000 нан аса халықтың наразылығына себепкер болған ауылдық округ әкіміне ешқандай шара қолданылмай отырғанын қалай түсінеміз?! Жарылыс жайлы 2018 жылы 15 ақпанда «Менменсіген мердігер Шуды шулатып жүр» деген Н.Әлдибектің мақаласы «Жас Алашта» жарияланды. Аудан әкімінің бұрынғы орынбасары, қазіргі Шу аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Өмірәлиев жиналыс сайын мердігер компанияны жақтайды. «Өзге серіктестікті алуға болмайды, бұлар нарықтық субъекті, мемлекеттік тіркеуден (реестірден) өтіп қойған» деп, елді жаңылдырып, басқа мердігерді таңдауға жанталаса кедергі жасап келді. Кейін анықталғандай, меңменсіген мердігер мемлекеттік тіркеуден де өтпеген.
Төле би ауылына қолжетімді бағамен келіп жұмыс істегісі келген мердігердің бірі жақында жасатқан жобалық-сметалық құжат бойынша «Париев» ЖШС-ның қойған бағаларынан айырма жер мен көктей екен. Яғни олардың тұрғындарға көрсетпей жүрген жобалық-сметалық құжатындағы құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалар жалпы шығыны 1 миллиард 491 миллион (жүз миллионнан астам теңгені артық қосқан) теңге. Демек, әр үйге 475000 теңгеден талап еткен. Бұның бәрі нақтылы дәлелді құжаттармен қоса сот пен жиналыстың бейне таспаларына сүйеніп жазылды. Сондықтан кім-кіммен болса да заң алдында да, халық алдында да беттесуге дайынмын. Аудан әкімі Қ.Досаев жалтақтық танытып, аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Өмірәлиев пен Төле би ауылдық округтің әкімі Е.Даберовтей шенеуніктер күмәнді жағдайымен келген «Париев» ЖШС-ның «жамауын жамап» жүре берсе, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған Президентіміздің игі бастамалары қалайша жүзеге аспақ! Менменсіген мердігер болса, кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдауды жеке бас пайдаларына пайдаланып, ойларына келгенін істеуде. Ашығын айтқанда, тоғышарлардың мемлекеттің қаржысын талан-таражға түсіргені аздай, онсыз да қалт-құлт етіп күнін әрең көріп отырған жұртшылықтың қалтасын жұқартуды көздеп отырғандығы ащы шындық.
Үстіміздегі жылы ақпан айының басында облыс әкімі А.Мырзахметов киелі Шу өңіріне келген іс сапарда халықты қолдап: «Магистралды газ құбырын тарту ісімен бір ғана мердігер айналысады деген заң жоқ» деп, тез арада өзге мердігермен келіссөз жүргізуді тапсырды. Қолжетімді мердігерді қабылдауға жоғарыдағы атқамінерлер айтарлықтай кедергі келтірді. Облыс басшысы газ кіргізу бағасы аймақ бойынша 82756 теңгеден аспау керек деді. Төле би ауылын газдандыру жағдайын білікті де тәжірибелі мамандар мен жергілікті жердегі халық өкілдерін де қатыстырып, аранйы комиссия құрып, жан-жақты тексерту керек. Әйтпесе, Шу ауданының орталығындағы дау-дамай әлі де жылдан-жылға созыла беретіні анық. Сондай-ақ өзгелерге сабақ болу үшін қарапайым халықты алдап келген мәслихат хатшысы мен ауылдық округтің әкімі сияқты атқамінерлерге де лайықты шара қолдану қажет.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Шу ауданының
Құрметті азаматы.

Comments are closed.