- Advertisement -

Адасқанның алды жөн, арты соқпақ

149

- Advertisement -

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің елде діни наным-сенімге бостандық берілгені көзі ашық азаматтардың барлығына да белгілі. Өйткені бұл – зайырлы елдің қағидаттары. Әйткенмен діни танымға еркіндік берілді екен деп қоғамның тыныштығын бұзуға, жұртты жалтақтатып қоюға жол берілмейтіні анық. Зайырлылық принциптерін желеу ету – жөнсіздік. Өйткені елдің татулығы, бірлігі, берекелі тірлігі қашанда мемлекет тарапынан қадағалауда болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тату елдің тасы өрге домалайтынын айтудан танған емес. Ендеше біз де сол татулықтың, достықтың туын төмендетпеуіміз керек.

Қай кезде, қай уақытта болсын, дін мәселесі өте нәзік саналғаны баршамызға аян. Өйткені діни таным, діни білім болмаса, адамдардың сан түрлі беймәлім соқпаққа түсіп, адасып, тығырыққа тірелуі ықтимал екені түсінікті. Оны біз күнделікті өмірде де көріп, біліп жүрген жайымыз бар. Теріс діни ағымдардың арбауына түскен қаншама азаматтар зардап шегіп жүр екен? Олардың адасу жолы қайдан, қалай бастау алды? Сауал көп, жауап тапшы. Неге десеңіз, әрбір адам өз тағдырын өзі жасайды. Алайда біз оның дұрыс өмір сүруіне қолымыздан келгенше ықпал етуіміз қажет-ақ. Дүниежүзі елдерін алып қарасақ, әлемнің әр бұрышында түрлі қақтығыстар болғанын, әлі де ара-тұра орын алып тұратынын тарих парақтарынан, ақпарат ағындарынан айқын аңғарамыз. Оқимыз, көреміз. Дүниежүзінде орын алып жатқан түрлі лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырып жүрген адасқан жандардың ислам дінінің атын жамылатыны да жасырын емес. Өзекті өртейтін өкініш деуге де негіз бар. Себебі олар асыл діннің атына кір келтіріп жүр. Бұл – кез келген мемлекет үшін аса қауіпті құбылыс. Онымен күрескеннен гөрі алдын алған дұрыс.
Қазіргі таңда экстремизм мен терроризмнің алдын алу жаһандық мәселеге айналып отырғаны баршамызға белгілі. Өйткені осынау қатерлі дерт Қазақстанда ғана емес, төрткүл дүние елдері үшін де бас ауыртатын мәселеге айналды. Сондықтан да көптеген мемлекеттер осынау кеселмен күрес жолдарын нықтап, жыл өткен сайын нығырлау үстінде. Әсіресе барлық мемлекет үшін қоғамның қауіпсіздігі өте-мөте маңызды саналады. Себебі лаңкестіктің зардабы тыныштықты қалаған қоғамды қорқытып-үркітіп отырғаны жасырын емес. Тыныш жүрген адамдардың берекесін алатыны да ақиқат. Сондықтан да қазіргі қоғамның діни сауаттылығы артатын болса және деструктивті діни ағымдардан сақтанудың жолдарын өте жақсы білсе, терроризмнен келетін барлық қауіп-қатерлерден біркісідей сақтана алатынымыз анық. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді деуге де болады. Білімі толысқан, сауатты азаматтар ғана теріс діни ағымдардан өзін қорғай алатыны екі бастан мәлім.
Әртүрлі діни ағымдардың өкілдері өздерінің түрлі насихаттарын азаматтарға жүргізу арқылы оларды өз қатарларына аздап болса да қосып алып жатқаны ақиқат. Әлгі адамдар мұндай әрекеттерін тыюға ынталы деп айта алмайсыз. Қайта уақыт алға жылжыған сайын үдете түсуі де әбден мүмкін ғой. Сондықтан мұндай істермен қоғам болып, бірлесе күрескен дұрыс деп пайымдаймын. Оларға қарсы тұрудың бірден-бір жолы діни сауаттылықты арттырып, дін мәселелері бойынша ресми түрде жұмыс істейтін білікті мамандарға ғана сауалдар жолдау, қайырылу керек. Сол арқылы тұйықтан шығудың жолдарын қарастыруға тиістіміз. Теріс бағыттағы діни ағымдардың шырмауына тап болған туыстарының күнделікті өмірде қайта оңалуын қаласа, азаматтарымыз оларға бейжай қарамай, облысымыздағы «Оңалту орталығының» мамандарына хабарласып, көмек сұрағаны ләзім. Себебі бұл істе кешігуге хақымыз жоқ. Біздің мамандар өз тарапынан тиісті шараларды атқарып, көмек беруге қашанда тастүйін дайын екенін хабарлағым келеді. Орталықтың мамандары тура жолдан адасқан азаматтармен жеке-жеке кездесулер өткізіп, оларға дұрыс діни ақпараттар беріп, көзқарасын өзгертуге белсенді түрде кіріседі. Қазақстан Республикасының дін туралы заңнамалары мен діни бірлестіктер туралы да түсіндіріледі. Теріс діни ағым өкілдерімен тек бір ғана емес, бірнеше рет кездесу шаралары да жүргізіледі. «Оңалту орталығының» құрамында психологтермен бірге, дінтанушы мамандар да жеткілікті. Сондықтан облысымыздың тұрғындары деструктивті діни ағымдардан келетін түрлі зардаптарға салғырт қарамауы керек. Олардың тарапынан елімізге төнетін қауіп-қатердің салдарын түсініп, өздерін ондай топтардан аулақ ұстауға талпынулары тиіс. Бұл бағытта біздің орталық қолынан келгенше жұмыс істеп келеді. Жоспарлы жұмыс жалғасын табады.
Күнделікті өмірде насихат құралдарын таратып жүретін адамдарды көзіміз шалып қалатыны жасырын емес. Олардың қатарында теріс діни ағымдардың жақтастары жеткілікті екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Оны өңір тұрғындары да өте жақсы біледі. Сондықтан да жұртшылық қоғамда арнайы діни парақшалар таратып, уағыз насихатын жүргізіп жүрген бейтаныс адамдармен жолығып қалып жатса, ондай адамдардан өте сақ болғаны абзал. Өйткені әлгіндей адамдардың көксегені, көздегені не екені нақты белгісіз. Теріс діни ағым туралы түсінікті тыңдаушының құлағына құйып, ұйытып алып жатса, бұл – қасірет. Дін тақырыбына қатысты сауалдар туындаған жағдайда немесе ислам дінінің ізгіліктерін бойына дарытып, үйренгілері келгендер болса, олар ресми түрде мешіттерге барып сауат ашқандары дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана біздің азаматтар жат ағым жендеттерінен бойын аулақ ұстай алады. Адамдар осылайша сауысқандай сақ болған жағдайда ғана экстремизм мен терроризмнің алдын алады. Мүдделілер тарапынан жасалған әрекеттерге қарсы тұру мүмкіндігі артады. Анығырақ айтқанда санасын, ұстанымын, иммунитетін әлгілерге қарсылық таныта алатындай жағдайда тәрбиелейді. Сонымен қатар өздерін әлгіндей бөтен ойлы, теріс пиғылды адамдардың қоршауынан арашалап алуға қауқары жетеді.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде түрлі ақпараттар жеткілікті деңгейде беріліп жатыр. Тиісінше дін тақырыбына қатысты сан түрлі мәліметтер таратылып жататыны да тайға таңба басқандай мәлім. Көбінесе азаматтар мұндай ақпараттардың қайдан шыққаны, қай дереккөзден алынғаны, түпкілікті ойы не екеніне назар аудара бермейтіні сөзсіз. Нақтырақ айтар болсам, келтірілген деректердің мақсатына назар аударып, зерделеп жатпайтыны әлімсақтан аян. Оған уақыттары да болмауы бек мүмкін. Ал әлгі хабарламалар терроризм мен экстремизмді насихаттап отырмағанына кім кепіл бола алады? Ешкім де кепілдік бермейді. Сондықтан да ғаламтор желілерін пайдаланған кезде барлық мәліметтерге аса зор сақтықпен қарағанымыз жөн. Тіпті мұны азаматтық парызым деп қабылдағанның да артықтығы, сөкеттігі жоқ деп есептеймін. Себебі түрлі діни бағыттағы ағымдар өз қатарларына азаматтарымызды тарту үшін әлеуметтік желілерді де пайдаланады. Олар ештеңеден аянып қалмайтыны талас тудырмайды. Оны күнделікті өмірдің өзі дәлелдеп отырғанын ешкім жоққа шығара қоймас.
Экстремизм мен терроризмнен сақтану – қоғам қауіпсіздігінің кепілі. Қоғам тұрақты болса, адамдар бейбітшілік үстемдік құрған елде беймарал тіршілік етсе, мемлекет те дамиды, өседі, өркендейді. Шүкір, бүгінгі таңда ел тұрғындары татулықты ту етіп, берекелі ғұмыр кешуде. Әрбір өңір тұрғындары діни сауалдарды арнайы мамандарға ғана жолдауы керек. Сондықтан облысымыздағы тұрғындардың діни тұрғыдан мейлінше сауатты болуларының маңызы зор.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, білмегенді білім-білігі жоғары санатты мамандардан сұрап білген жан ештеңеден ұтылмайды. Әсіресе дін тақырыбына келгенде көкейде жүрген күпті ойларды жасырып қалудың қажеті жоқ. Бір қателік мың тарау жолда адамды адастырып жататынын бәріміз білеміз, жүрегімізбен сеземіз, түйсінеміз. Ендеше сол қателікке бой алдырмау үшін жұдырықтай жұмылғанымыз ләзім. Қазақ мұндайда «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді.

Альбина СЕМБЕКОВА,
облыстық оңалту
орталығының басшысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support