Білім

Қаламгердің есімі елеусіз қалмаса

Қаламгердің есімі елеусіз қалмаса

Белгілі қаламгер, көрнекті ақын, майталман журналист-публицист Жақсылық Сәтібековтің өмірден озғанына, міне, жеті жылдан асып барады. Ол барлық саналы өмірін, шығармашылық еңбегін Әулиеата өңіріне арнап, облыс орталығы Жамбылда (қазіргі Таразда) тұрды. Кезінде облыстық радиокомитетте, «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газетінде, облыстық партия комитетінде, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі болып көп жылдар бойы абыроймен еңбек етті. Зейнетке шыққаннан кейін облысымыздан Ұлы Отан соғысына қатысқан, сонда шейіт болған майдангерлер жайлы мол деректер жинап, «Боздақтар» атты көптомдық (7 том) зерде кітаптарына редактор болып, баспаға дайындап, олары жарық көрді. Ж.Сәтібековтің шығармашылығында поэзия ерекше орын алды, көптеген кітаптары (олардың жалпы саны – 13) еліміздің баспаларынан көп таралыммен басылып шықты. Біраз лирикалық және патриоттық жырларына белгілі композиторлар ән жазып, олар республикалық радио мен теледидардан, үлкен сахналардан бүгінгі күнге дейін орындалып келеді. Көзі тірісінде ақын Жақсылық Сәтібеков республикалық қаламгерлердің конкурстарына, мүшәйраларға қатысып, бірнеше рет жүлделерге ие болды. Ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Қаламгердің еңбегі кезінде орынды бағаланып, мемлекеттік бірнеше наградалармен марапатталды. Көпшіліктің қолдауымен оған Жамбыл облысының Құрметті азаматы және Байзақ ауданының Құрметті азаматы атақтары берілді. Республика қаламгерлері мен оқырмандары ақынның шығармасын ерекше бағалап, құрмет тұтты. Көрнекті ақын-жазушы, қарымды қаламгер Жақсылық Сәтібековтің есімін ел ұмытпай, жас ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен, оның қаламызда тұрған үйінің (Желтоқсан көшесі, 32 үй) қабырғасына мемориалдық тақта орнатса, өте орынды болар еді. Бұл – көптің көкейінде жүрген мәселе. Сондықтан бұл игілікті ұсыныс Тараз қалалық мәслихатының отырысында қаралып, оңды шешім тауып жатса, артық болмас еді.

Е.Әлімжан, жазушы, драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Н.Дәутайұлы, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Жамбыл» журналының редакторы. К.Сәттібайұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық «AQ JOL» газетінің Директор-Бас редакторы. Б.Момынқұл, журналист, облыстық «Знамя труда» газетінің Директор-Бас редакторы. Х.Есаман, ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі. А.Райқұлов, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты. С.Ордабеков, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор.