Хаттамалық тапсырмалардың орындалуы қадағалауда болады

151

Кеше облыс әкімдігінде өткен кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Онда күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәріпбек Шәкербек баяндама жасады.
Жиында жыл басынан бері облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен палатаның өңірлік кеңесінің отырыстарында көтерілген мәселелер, оларды шешу бойынша берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Мәріпбек Шәкербек он үш тапсырманың бесеуі ғана орындалғанын, бесеуі жартылай ғана жүзеге асқанын жеткізді. Ал үшеуі мүлде орындалмаған.
Олардың қатарында көп қабатты тұрғын үйлерге су құбырын тарту, мал ұрлығы, кәсіпкерлікке жер бөлу, электр энергиясын өшірудің жоспарлық кестесін құру, облыстағы ескерткіштерді қалпына келтіру секілді тағы басқа мәселелер бар. Жиын барысында мәселелерге қатысты тиісті басқарма басшысы жауаптар беріп, себептері мен салдарын түсіндіруге тырысты.
Асқар Исабекұлы мал ұрлығының алдын алудың кешенді жоспарын түзудің маңыздылығын тілге тиек етіп, профилактикалық және қылмысты ашу шараларын жандандыру керектігін баса айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарға жер бөлу жұмыстарын сылбырлыққа салмай, уақтылы атқару керектігін ескертті. Сол арқылы кәсіпкерлік саласын дамытып, экономиканы өркендетуге болатынын жеткізді. Өңір басшысы өзге де жауапты тұлғаларға хаттамалық тапсырмалардың қатаң қадағалауда болатынын ескертіп, оларды орындауда немқұрайдылық танытпауға шақырды. Бұл мәселе бойынша тиісті тұлғалардың жауапкершіліктері қаралатынын айтты.

Comments are closed.