- Advertisement -

Мұғалімдердің еңсесі көтеріліп қалды

132

- Advertisement -

Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың
әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»
атты Қазақстан халқына Жолдауын ұстаздар қауымы зор ризашылықпен қабылдады. Елбасының жаңа Жолдауында: «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданатыны айтылып, ұстаздардың мәртебесін биіктетуге мүмкіндік туғанын сезіндік.

Жолдауда Мемлекет басшысы қаржыны халыққа шынайы қызмет көрсету сапасын елеулі түрде арттыруды қамтамасыз ететін тиісті реформаларды жүзеге асыру үшін бағыттау керектігіне баса назар аударды. Мені ғалым ретінде ерекше тебіренткені – алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражат ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жететіндігі. Елбасы білім беру саласындағы жылдан-жылға қордаланып келе жатқан білім сапасын көтеруге тікелей әсер ететін факторларды атап қана қоймай, оны нәтижелі шешудің жолдарын айқындап берді. Мектепке дейінгі білім беруді түбегейлі жақсарту үшін мектеп жасына дейінгі балалардың сындарлы ойлау жүйесін қалыптастыратын, коммуникативтілік пен креативтілік қабілеттерін дамытатын 4К моделіне көшу қажеттігіне тоқталды. Ол үшін мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиелеуді жүзеге асыратын білім беру мекемелеріндегі тәрбиешілер мен басқа да педагог-қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесі мен біліктілік талаптарын қайта қарау керектігіне баса назар аударылды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі бұдан былай жалпы орта білім беретін мектептер үшін бірыңғай стандарт болатыны және бұл өз кезегінде орта білім беру жүйесін реформалаудың қорытынды кезеңі саналатыны екшелді.
Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі жалпы орта білім беретін мектептер үшін бірыңғай стандарт болатындығын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ҚР БҒМ-нің ғылыми-зерттеу жұмыстарды 2015-2017 жылдарға гранттық қаржыландыру есебінен жүргізілген «Жоғары педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру: педагогикалық кадрларды даярлауда педагогикалық жоғары оқу орны мен Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің инновациялық ынтымақтастығы негізінде дуалды оқытуды енгізу және жүзеге асыру» қанатқақты жобасы нәтижесінде де дәлелденген болатын.
Жолдауда жоғары білім беру жүйесіндегі мамандар сапасына баса назар аударылды. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы және жалақысы жоғары жұмысқа орналасуын айта келе жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Әрине, экономиканы көтеру үшін білікті мамандар қажет, ал білікті кадрларды даярлау үшін білім сапасын арттыру маңызды. Ол үшін ертеңгі нарыққа мамандар даярлайтын бүгінгі жоғары оқу орындарына талапты күшейту орынды. Жыл сайын ЖОО рейтингілерін шығарып, нарықтың қазіргі сұранысын қанағаттандыра алмайтын, түлектері жұмысқа орналаса алмайтын, сапасыз мамандар даярлайтын ЖОО лицензияларын қайтарып алу бүгінгі күні кезек күттірмейтін мәселе.
Қазақстанның жоғары мектебі әлемдік білім деңгейіне жетуге және бірыңғай білім беру кеңістігіне енуге ұмтылуы керек. Жоғары педагогикалық оқу орындарында инновациялық білім мен технологияны меңгерген, ақпараттық-коммуникативтік құзыреттілігі қалыптасқан, кәсіби-педагогикалық біліктілік деңгейі, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, рухани тұрғыдан дамыған, білім беру саласындағы инновациялық процестерді жүзеге асыруға қабілетті креативті педагог даярлау мәселесіне жаңа тұрғыдан қарауды талап етеді. Педагогикалық білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еліміздің үздіксіз білім беру жүйесіндегі озық әлемдік тәжірибеге сай келетін жеке тұлғаның креативті сапалары, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыратындай индустриялық-инновациялық даму, сапалы білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ететіндей адами капиталды дамыту үшін педагогикалық мамандарды даярлауда дуалды білім беру жүйесін ендіру қажеттілігі туындауда.
2018 жылдан бастап Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында жоғары педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру: Қазақстан Республикасында жаһандық бәсекеге қабілетті үштілді педагогикалық кадрларды даярлауда дуалды оқыту жүйесін енгізу және жүзеге асыру жолдары» қанатқақты жобасын жүзеге асыруда.
Жаһандық бәсекеге қабілетті үштілді педагогикалық кадрларды даярлауда дуалды оқыту жүйесін тиімді енгізу және жүзеге асыруда шетелдің инновациялық іс-тәжірибесін үйрену, зерттеу мақсатында «ЖОО – дуалды оқыту базасы-серіктес шетелдік ЖОО» интегративті байланысын орнату үшін ТарМПИ базасында «Дуалды білім беру» орталығы, серіктес ЖОО ретінде Германияның Лейпциг университетінде «Дуалды білім беру» кафедрасының филиалы ашылды.
Дуалды білім беру – оқу орындарындағы оқытуды өндірістік іс-әрекетпен ұштастыратын білім беру жүйесі. Дуалды оқыту жүйесі мен жоғары мектептегі дәстүрлі оқыту жүйесінің арасындағы айырмашылық практика және теорияның интеграциясы болып табылады.
Қазіргі қоғамның ең маңызды қағидаттарының бірі – индустриялық-инновациялық экономика және жоғары білім беру жүйесін үздіксіз жетілдіру, дамыту болып табылады. ХХІ ғасырда бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде. Төрткүл дүние Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты.
Ендігі басты мақсат – Қазақстанның рухани жаңғыру бағытында ұлттық сананы қалыптастыру, қазақстандық жаңартылған білім беру моделін құру, білім берудің жаһандану жағдайында педагогикалық кадрларды кәсіби даярлаудың теориялық-әдіснамалық негіздерін қарастыру, ғаламдық бәсекелестік ортадағы заманауи білім берудің жаңа парадигмалары аясында зияткер тұлғаны қалыптастыруда Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университеттерінің инновациялық озық іс-тәжірибесін үйрену, педагогтің шығармашылық әлеуетін жетілдіру; оқытудың ғылыми-әдістемелік деңгейін және білім сапасын арттыру жолдарын қарастыру. Нағыз білімділіктің басты өлшемі – біздің ұстаздарымыздың өз кәсібіне деген адалдығы мен әділдігінде, елі мен халқының алдындағы парызын терең түсінуінде.

Клара БҰЗАУБАҚОВА,
педагогика ғылымдарының докторы, ҚПҒА академигі,
ҚР білім беру ісінің үздігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support