Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай

106

18 қазан – Рухани келісім күніне орай облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйытқы болуымен өңірдегі діни бірлестіктер басшылары клубының дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Шараға облыс аумағындағы ислам және христиан бағытындағы діни бірлестіктер мен филиалдары және БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуды облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров ашып, мерекенің мәніне кеңірек тоқталды. «Біздің елді қоныс еткен барлық азаматтар діни танымына қарамастан тату-тәтті ғұмыр кешіп, бейбітшілік бесігінде тербелуде. Бұл – біздің мемлекетіміздің басты ұстанымы. Ұлттар достығы, конфессияаралық келісім қашанда назардан тыс қалған емес. Сондықтан баршаңызды осынау атаулы күнмен құттықтап, бірлікті, берекелі тірлікті насихаттай беруге шақырамын», – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы Сәуле Байбатшаева «Діни тұрақтылық – келісім кепілі» тақырыбында баяндама жасады. «Біздің ел әрбір азаматтың ой еркіндігін, көзқарасын құрметтейді. Олардың діни наным-сеніміне қарамастан, құқықтары теңестірілген. Біз үшін конфессияаралық келісім қашанда маңызды. Елдің рухани мұрасы, құндылықтары ешқашан назардан тыс қалған емес. Келісім бар жерде береке орнайтыны белгілі. Елбасының сарабдал саясаты арқасында мемлекетімізде бейбітшілік салтанат құрып тұр. Қазақстанда тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде терроризм мен экстремизмнің алдын алу, болдырмау мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Мұның өзі еліміздің осы бір қасіретпен күресудегі рөлін айқындаса керек. Барлық діни бағыттар кісі баласына зиян келтірмеу керектігін насихаттайды. Елімізде де, өңірімізде де бұл мәселе жолға қойылған», – деген ол жиналғандарды мерекемен құттықтады.
Жиын барысында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Д.Жұмабаев бастаған бірқатар діни бірлестіктердің жетекшілері пікірлерін ортаға салып, рухани келісім күнінің мәніне тереңірек үңілді. Жиналғандардың пікірі «Бірліктің бастауы – бейбітшілік» деген ұстанымға тоқайласты. Шара соңында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірқатар діни бірлестік жетекшілерін Алғыс хатпен марапаттады.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.