- Advertisement -

Ауызсу мен газ мәселесі баса айтылды

198

- Advertisement -

Облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Назгүл Нұрлыбаева Қаракемер ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Облыс басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған жиынды ауыл әкімі Ердос Бейсенов ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда ауыл қариясы Әбу Керімқұлов ауызсу мен газ мәселесін қозғаса, ауыл тұрғыны Мырзабай Берікбаев күл-қоқыс шығару ісіне көңілі толмайтынын жеткізді.

Құмтиын елді мекенінің тұрғыны Жақан Смайылов қыстық спорт залдың жоқтығын тілге тиек етіп, ескі мешітті күрделі жөндеп, кәдеге жаратуға көмектесуін өтінді. Сондай-ақ ол көшелерді жарықтандыру, асфальттау мәселесін де қозғады.
Қария Ахатай Балқыбеков ауыл тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп, талап-тілектерін тыңдауға себепкер болып отырған облыс басшысы мен бас инспектор Назгүл Нұрлыбаеваға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар ауылда ұялы телефон байланысы және интернет желісі жылдамдығының нашар екенін айтты. Кездесуде ауылда клубтың жоқтығы, бөбекжай ғимаратының ескіргені көлденең тартылды.
Назгүл Шәкіртқызы Ерназар ауылына да табан тіреп, клубта ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде келелі мәселелер сөз болды.
Ауыл қауымдастығының төрағасы Жұмабек Абдуалиев ауызсу мен «көгілдір отын» мәселесін көтерді. «Атамекен» шаруа қожалығының төрағасы Керімбек Әбенов ауылдық фельдшерлік пункте екі-ақ адам жұмыс істейтінін, кейінгі уақытта мұнда дәрігерлер келмейтінін қынжыла жеткізіп, қан диабетімен ауыратын адамдардан және басқа науқастардан қан алып, тексерістен өткізетін зертхана керектігін айтты.
Керімбек Әбенов ауылдағы ең басты мәселе – Ерназар ауылы арқылы өтетін Тараз–Жаңатас бағытында қатынайтын автобусты қайта жүргізуге ықпал етсеңіз деп сұранды. Бұған мектеп мұғалімі Жеңіскүл Беркімбаева да қосылған. Ауыл тұрғыны Дулат Әліпбаев көмірдің бір тоннасы 24-25 мың теңге болғанын, аудандық өрт сөндірушілердің жұмысына қанағаттанбайтынын сөз етсе, ауылдың тағы бір тұрғыны Бекжан Шайхыбеков: «Біз егін егуден қалдық. Өйткені біздің ауылға судың жетуі қиын. Каналымызды қамыс, құрақ басқан. Сол үшін бізге лоток қажет», – деді.
Ауыл тұрғыны Құтқар Сүлейменов үй-үйден шығатын күл-қоқысты тасымалдаудағы олқылықтарға тоқталса, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Үрістенбеков ой-пікір, ұсыныстарын жеткізген ауыл тұрғындарының айтқандарына қосылатынын айтып, Назгүл Шәкіртқызына рахметін жеткізді. Кездесуді ауыл әкімі Мырзахан Әбдіқұлов қорытындылады.
Жиын соңында бас инспектор Назгүл Нұрлыбаева кездесулерде көтерілген мәселелер шешімін табуы үшін алдағы уақытта зерделеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support