- Advertisement -

Сенаторлар жастармен жүздесті

108

- Advertisement -

Елбасының жуырда жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-насихаттық топтары өңірлерде көпшілікпен кездесулер өткізуде.

Парламент Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев және Абдалы Нұралиев бірер күн бұрын «Қазфосфат» ЖШС Жаңа Жамбыл фосфор зауытының қызметкерлерімен жүздесіп, Президент Жолдауының маңыздылығы жөнінде айтып берді.
– Биылғы Жолдаудың барлық басымдықтары әлеуметтік саланы жақсартуға және қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Әрине, мұның барлығы экономикаға тікелей байланысты. Экспортты ғана емес, отандық тауарлармен ішкі нарықты да қамтамасыз ету қажет. Осы мақсаттар үшін келесі үш жыл ішінде өңдеуші өнеркәсіпті және шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлінетін болды, – деп атап өтті Мұратбай Жолдасбаев.
Халық қалаулылары, сондай-ақ бизнесті қолдауды күшейтуге, салықтық рақымшылыққа, экспорттаушыларды қорғауға ерекше басымдықтар беріліп отырғандығына да назар аударды.
– Жолдауда жақын арада әрекет етудің жолдары да атап көрсетілген. Онда алға қойылған міндеттер халықтың барлық әлеуметтік топтары мен санаттарының мүдделерін көздейді. Мысалы, орта білім беру реформасы басқа мектептерге Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі секілді оқыту жүйесі мен әдістерін енгізумен түйінделмек. Оқу орындары бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі. Жоғары оқу орындарының беделі түлектердің жұмысқа орналасу деңгейіне байланысты болады. Мұның бәрі біздің жастарымыздың білімді және прогрессивті болуына ықпал етеді, – деді Абдалы Нұралиев.
Кездесу барысында сенаторлар халықтың табыс деңгейін, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, инфрақұрылым мен индустрияландыруды одан әрі дамыту, бизнестік климатты жақсарту және тұрғын үй қолжетімділігін арттыру мәселелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Айта кету керек, кездесуде жас мамандар қолжетімді тұрғын үй мәселесіне айрықша қызығушылық танытты.
Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев Президенттің бес әлеуметтік бастамасы мен «7-20-25» бағдарламасының шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіретін сарапшылармен жастар арасында кездесулер ұйымдастырылатынына ықпал ететіндіктерін жеткізді.
– Жолдауда атап көрсетілгендей, денсаулық сақтау саласына өзгерістер енгізілетіні мені қуантты. Дәрігерлердің еңбекақысын көтеру оларды ынталандырады деп ойлаймын. Өз басымды «7-20-25» бағдарламасы қызықтырады. Себебі көптен бері өз шаңырағым болғанын армандап жүрмін. Енді мәселенің мән-жайын түсіндіретін сарапшылармен өтетін кездесуді асыға күтудемін, – дейді №5 сары фосфор цехының шебері Нұрмахан Әлтаев.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support