- Advertisement -

Адами құндылықтарды сақтаудың маңызы зор

84

- Advertisement -

Парламент Сенатының депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева облыстық әкімдікте мектеп директорларымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, алдағы уақытта Жолдау аясында елімізде аумақтар мен адами капиталды дамыту бойынша үлкен жоба іске қосылатыны, оның шеңберінде жергілікті органдар мен қоғамдық ұйымдар әлеуметтік нысандар мен қызметтердің жай-күйін толық және объективті бағалауға мүмкіндік туатыны жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.

– Жолдауды мұқият тыңдаған немесе оқыған адамдардың барлығы оның басты бағыты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру екенін жақсы біледі деген ойдамын. Онда денсаулық сақтау, білім беру, коммуналдық қызметтер көрсету сапасын арттыруға да айрықша назар аударылып отыр. Мұндай мәселелерді оңтайлы шешудің тиімді тетігі – халықтың әлеуметтік көңіл-күйін жақсарту, олар үшін жайлы орта қалыптастыру екені белгілі. Осыған байланысты ең төменгі жалақыны арттыру қолға алынбақ. Бизнесті қолдау мақсатында да мемлекетіміз бұрын-соңды болмаған батыл қадамға барып отыр. Кейде салықтар бойынша жазалау шаралары борыштың өзімен шамалас соманы құрауы мүмкін. Мұндай көлемді соманы кәсіпкерлерге төлеу оңайға соқпайды. Сол себепті мемлекет кәсіпорындардың жұмысының тоқтамауы, адамдардың қаражатсыз қалмауы үшін бұл қарыздардың бәрін кешіріп отыр, – деді Сәуле Айтпаева.
Сенатор, сондай-ақ ең төменгі жалақыны көтеру жоспарына байланысты коммуналдық қызметтерде тарифтер күрт көтеріледі деп қауіптенетінін де жасырмады. «ТКШ саласын жаңғырту мұны жасауға мүмкіндік бермейді деп айта аламын, өйткені инвестициялық бағдарламалар коммуналдық қызметкерлерді олардың қызметтерінің тиімділігін бақылауға мәжбүр етеді», – деді ол.
Бұдан кейін Сәуле Мұханбедианқызы бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу мәселелеріне де тоқталып, Жолдауда мұғалімдерге бюрократиялық және бейінді емес жүктемені төмендету, олардың мәртебесін арттыру көзделіп отырғанын жеткізді.
– Педагогтерге әртүрлі есеп-қисапты толтыру жүктеліп, оларды сайлау және басқа да қоғамдық іс-шаралар кезінде қоғамдық жұмыстарға да пайдалану дерегі бар. Бұл енді болмайды. Керісінше, мұғалім енді тәрбие жұмысына көбірек көңіл бөліп, балаға екінші ана болады деп күтеміз, – деген сенатор, қазіргі таңда қарттар мен балаларды тастап кету фактілері жиілегендіктен, моральдық құндылықтар жоғалып, отбасылық байланыстар үзілгеніне өкініш білдірді. Сондықтан ол педагогтер мен ата-аналарды кәмелетке толмағандардың адамгершілік тәрбиесіне көбірек уақыт бөлуге шақырды.
Кездесу соңында қатысушылар сенаторға сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты. Әуелі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу орталығының басшысы Рауф Сабитов отбасы құрған балалар үйінің түлектері тіркелу мәселелерінде қиындықтарға тап болатындығын жеткізсе, облыстық ІІД ювеналды полиция басқармасының бастығы Қуаныш Қалжанов бүгінде мектеп директорларына жүктеліп отырған он күннен астам уақыт бойы мектепке бармаған кәмелетке толмағандарды есепке алу функциясын полицейлерге қайтаруды ұсынды.
– Бүгінгі күнге дейін мектептерде осындай бұзушылықтар бойынша бірде-бір хаттама толтырылмаған. Яғни балалардың тәрбиесімен айналыспайтын ата-аналар жазасыз қалуда, – деді полиция басқармасының бастығы.
Ал құлағының мүкісі бар балаларға арналған арнайы мекемелерді оңтайландыруға байланысты алаңдаушылық білдірген «Болашақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ғалия Әлиеваның уәжіне облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова: «Орталық жабылмайды. Оны Сарымолдаев атындағы балалар үйімен біріктіріп, бюджет қаражатын үнемдеу қарастырылуда», – деп жауап берді.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support