Қоғам

Саршаевтың сағынышы

Саршаевтың сағынышы

Республикалық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Марат Саршаев облыс орталығындағы бірқатар оқу орындарында кездесулер өткізді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жарияланған республикалық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Марат Саршаев – Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургі. Ол 2015 жылы «Ең үздік жас дәрігер» атағына ие болған. Бірінші санатты маман. Марат Аманғалиұлы әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің оқытушылары мен студенттермен жүздесті. Жиынды аталған факультет деканы Әзімхан Ыбырайым ашып, «Рухани жаңғыру» аясында белгіленген республикалық «100 жаңа есім» жобасында шын лайықты азаматтар жеңімпаз болғанын, оның 8-і біздің облыстан екенін айта келіп, М.Саршаевтың өзгеге үлгі боларлық еңбек жолына тоқталды. Марат Аманғалиұлы сөз сөйлеп, өзімен жүздесуге уақытын бөліп отырған университет ұжымына алғысын білдірді. «Өзім туып-өскен өңірдегі білім ордасының оқытушы-профессорлық құрамымен, студент жастарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Мен университеттің жоғары курстарында ауруханаларда тәжірибеден өтіп жүріп, нейрохирург дәрігері болуға бел байладым. Тәжірибелі нейрохирургтерге, профессорларға қызығатынмын. Нейрохирургия деген – миға өте жақын жерге, беломыртқаға күрделі ота жасау, тамырларды тігу. Сантиметр де емес, бір миллиметр жерден бірнеше рет тігуге тура келеді. Қайшының бір миллиметр әрі-бері ауытқуы – адамның өміріне қаншалықты әсер ететінін біз жүрегімізбен сезінеміз. Бізде жеңіл оталардың өзі кемі 4-5 сағатқа созылады. Ауыр оталарда 10-12 сағат адам өмірімен арпалысамыз. Бұл аралықта бізге киім ауыстыруға, тамақтануға, науқастың қасынан кетіп қалуға болмайды. Тікемізден тік тұрып міндетімізді атқарамыз. Міне, менің әріптестерімнің жұмысы осындай. «100 жаңа есім» жобасына енгенімді барша әріптестерімнің олжасы деп бағалаймын», – деді ол. Келесі сәтте оқытушылар мен студенттер тарапынан қонаққа сұрақтар қойылды. Студенттер Ақгүл Кеңесова, Жансейіт Қаныбеков, Іңкәр Самғаттың сауалдарына «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы жан-жақты жауап берді. №1 Тараз қалалық ауруханасының бірінші санатты дәрігері Нұржан Әйтімбетов ақ желеңді абзал жандар, оның ішінде М.Саршаевтың Тараз қаласында дәрігер болып еңбек еткен жылдардағы біліктілігіне тоқталды. Мараттың әкесі Аманғали Саршаев, әпкесі Ботагөз Аманғалиқызы сөз сөйлеп, жастарды отаншыл, патриот, мақсатшыл болуға шақырды. ТарМУ-дағы кешті М.Саршаевтың жиені Дамир Мырзахмет жүргізіп, белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Жиынды ТарМУ-дың қазақ және орыс тілі кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Алтаева қорытындылап, кеш қонағына құрмет көрсетіп, жұмысына табыс тіледі. Мұнан соң М.Саршаев Жамбыл медициналық колледжінің оқытушылары және студенттермен кездесті. Бұл жиында да студенттер тарапынан қызықты сұрақтар көп қойылды. Кездесу соңында колледж директоры Жанат Сарыбекова «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы М.Саршаевқа уақыт бөліп келгені үшін алғыс айтып, абыройлы бола беруіне тілектестік білдірді.

* * *

Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназия – Марат Аманғалиұлының 11 жыл білім алған алтын ұясы. Ол өзі оқыған мектебіндегі кездесуді мұражайды аралаудан бастады. 80 жылдан астам тарихы бар білім шаңырағының музейінен талай құндылықтарды кездестіруге болады. Бұл оқу ордасында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков пен Өмірбек Байгелді білім алған. Енді «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы М.Саршаевқа да музейден бұрыш ұйымдастырылған екен. Марат Аманғалиұлы музейдің Құрмет кітабына өз қолтаңбасын қалдырды. Мәжіліс залына лық толған мұғалімдер мен оқушылармен «Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек» атты кездесу кеші өтті. Жиында аталған мектеп-гимназия директоры Салтанат Төлеу мектеп түлегі Марат Саршаевпен кездесу оқушыларға керемет әсер сыйлайтынын тілге тиек етті. Бұдан соң Марат Аманғалиұлы алтын ұя – мектебіне келіп, өзіне сабақ берген ұстаздарды көріп ерекше толқып отырғанын айтып, жас ұрпаққа өнегелі өмір жолынан сыр шертті. Оқушыларды отаншыл, білімді, төзімді, ізденімпаз, намысшыл болуға шақырды. Рая анасынан да, алғашқы ұстазы Қанткүл апайынан да мол тағылым алғанын айтты. Оқушылар Әсем Жарқынбекова, Айбек Сарқұлов әуелете ән салса, Ақсұңқар Нағымаш өзінің арнау өлеңін оқып берді. Әнел Шолпанқұлова мың бұралып би биледі. Осы кешті Ақбөпе Әлібекованың әсерлі жүргізгеніне көпшілік дән риза болды. Мұнан соң М.Саршаевтың бастауыш сыныптағы мұғалімі Қанткүл Әбдікерімова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Тоймұрат Қожамұратов сөз сөйлеп, бала күнінде Мараттың үлгілі оқушы болғаны жөнінде айтты. Қазақстанның Халық әртісі Мәкен Рахымжанова екі омыртқасы зақымданып, Орталық клиникалық ауруханаға түскен кезінде, М.Саршаевтың ота жасағанын, сол кезде біздің мектептің түлегі деп Маратпен мақтанғанын айтты. Мектеп-гимназия директоры Салтанат Ерсағатқызы қонаққа алғысын білдіріп, мектептің 80 жылдығына арнайы шыққан «Өткен күндер жеңісі – бүгінгінің жемісі» атты кітапты сыйға тартты. Сондай-ақ «Жеңіс қаһарманы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Сейітхан Қуантаев М.Саршаевты Астана қаласының 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.

Есет ДОСАЛЫ