- Advertisement -

Жасампаз Жақсылық

306

- Advertisement -

1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қолдан бермей, қазақтың қайсар мінезін танытты. Елдің рухын көтерді. Бар қазақ жүрегі «Ел бағына туған ұл» деп елжірейді. Он бес жылдан аса жеңіл салмақта (48 келі) алты алаштың көз қуанышы, мақтанышы болды. «Мен де Жақсылық ағадай атақты спортшы боламын» деп спортқа ден қойған жастардың санында шек жоқ еді. Содан кейін-ақ боз кілемге шығып, белдескен қазақ жастарының арасынан талай-талай Әлем, Еуропа, Азия чемпиондары шықты. Әлі де талай ұлдарымыз әлемдік ареналарда жарқырап, еліміздің Әнұранын ойнатып, Көк байрағын желбірететініне күмәніміз жоқ. Алаштың ардақтысы Дінмұхамед Қонаев айтқандай, «бір жапырақ» ұлымызға Құдай жар болып, басына бақ қонған Жақаңның жарқын жолына, еңбегіне, отбасылық өміріне бір сәт көңіл аударайықшы.
Әулиеата өңірінде, Байзақ ауданын екі бөліп ағатын Талас өзенінің жағасында Тегістік деп аталатын шағын қазақы ауыл бар. Сол киелі топырақта 1951 жылы 6 мамырда колхоз есепшісі Үшкемпірдің отбасында болашақ Олимпиада чемпионы дүниеге келді. Ата-анасы елге сыйлы Сарманқұл деген ақсақалға ұлымызға ат қойыңыз деп өтінгенде: «Жақсылықтың нышаны болсын, ұлдарыңның атын Жақсылық қойыңдар» деп адал ниетпен батасын беріпті. Қарияның батасын Жаратқан қолдап, уақыт өте келе Жақаңның есімі бүкіл қазақ еліне мәлім болды. Оған Күнтөре ананың тілегі қосылған болар.
Жақсылық – отбасында жалғыз ұл, алдында әпкесі – Алтынкүл, соңында қарындасы Шырынкүл бар. Баланың бал тілін жақсы көріп: «Әй, балақай, кімнің баласысың?» дегендерге Жақсылық: «Әжемнің баласымын, әжеме тартқанмын», деп жауап береді екен.
– Әкем де, шешем де бізді еркелетпеді. Жарықтық, әкем «Менің жалғызым» деп маңдайымнан бірде-бір сипаған емес. Қысы-жазы еңбекке жегіп, қиындыққа төзуге үйретті. Жаз айы шығысымен таңның атысы мен күннің батысына дейін тыным таппаушы едік. Оқудан қолымыз қалт еткенде біздің өңірде өсірілетін қант қызылшасына салып қоятын. Арам шөбін шауып, атыздарды суарып, түптеп, жинап дегендей күзгі жиынға дейін жұмыстан бас көтермейтінбіз. Әкем: «Велосипедті еңбек ет те, содан тапқан ақшаңа ал», деп талап қойды. Соның барлығы қазір ойлап отырсақ, қиындыққа шыдамды болуды, бейнет қадірін білуді бізге сіңіру үшін жасаған амал екен ғой. Ал спортқа келсек, ауылдық жерге тән ойындардың барлығын меңгеріп өстік. Асық аттық, доп қудық, суға малтыдық, жалаңаяқ жарыстық, атқа мініп бәйгеге қатыстық. Жиылып алып есек көкпар тарттық, тіпті жастау кезімде ләңгі, қадаматаяқ, қашпадоп ойнағанымыз да есте қалыпты. Той-жиындарда көпшіліктің қаумалауымен ортадағы жасыл шөптің үстінде белдесіп, күрескеніміз де ұмытылмайды. Қысқаша айтқанда, ауылдың кәдімгі қара сирақ баласының бірі болып өскенім рас. Ол дәурен – әрдайым сағынышпен еске алатын қимас қызықты күндерім, – деп бастады өз әңгімесін Жақаң, сонау артта қалған мөлдір балалық шағын сағынышпен еске алып.
– Мектеп бітіретін кезде басқалар сияқты «Қайда барамын?» деген сұрақ мені мазаламады. Тәуекел деп діттеп жүрген мамандығымды игеру үшін Семей малдәрігерлік-зоотехникалық институтына барып, зоотехникалық факультетке құжаттарымды тапсырып, емтихандардан сүрінбей өттім. Қала өміріне араласып, біраз бойым үйренген соң, қазақша күрес секциясына жазылып, жаттыға бастадым. 1970 жылы белгілі жаттықтырушы Вадим Псаревтың көзіне түсіп, сол кісінің кеңесімен күрестің жаңа классикалық түрімен айналыстым. 1974 жылы институтты тәмамдап, еңбек сіңірген жаттықтырушы Рома Ильматовтың шақыруымен Алматыға келдім. Барлық жетістіктерім, шыққан биіктерім дап-дайын бола қойған жоқ. Тынбай жаттығу мен ізденістің, табандылықтың арқасында еңбегім жеміс берді. Қазіргі «Үлкен спорт» деп атап жүрген жолда көп әділетсіздіктерді көрдім, қыспаққа түстім. Оған екінің бірі шыдамайды. Төздім, бірақ күйремедім, намыс отын ойнатып, өзімді қамшылап, жанымды от пен суға аямай салдым. 1975 жылы КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында ең таңдаулы балуандармен күресіп, жеңіске жеттім. Бұл менің алғаш рет чемпион атанып, алтын медальға қол жеткізген сәтім болатын. Содан әрі бағым ашылып, талай рет жеңімпаз атанып, еліміздің байрағын көкте желбіреткеніме өздерің куәсіңдер, – деп, бір қайырды әңгімесін даңқты спортшы.
Жақаңның есімімен бұл күндері бүкіл қазақ мақтанса да, оның өмірде өте қарапайым, көпшілікке кішіпейіл, достарына адал, пейілі таза, өте бауырмал жан екеніне таңданбасқа болмайды. Жақаңның қарапайымдылығына қарайсың да, бабаларымыздың «Ұлық болсаң – кішік бол» деген дана сөзін еріксіз еске алып сүйсінесің.
Жақсылықтың 1975 жылдан кейін тасы өрге домалай берді. Бірнеше рет әлем чемпионы, сандаған халықаралық, одақтық турнирлер жеңімпазы атанды. 1976 жылы Монреаль Олимпиадасына баруға дайын еді, бірақ әділетсіздік орын алып, КСРО-ның екі дүркін чемпионы болса да оның орнына басқа спортшы кетті. Мұндай әділетсіздікке қапа болған Жақсылық 6 ай бойы спорт залға бармай қойды. Ақылды, парасатты адамдар өмірде көп қой. Сол кездегі республикамыздың спорт министрі Аманша Ақпаев Жақсылықты шақырып алып: «Балалық жасама, үлкен спортты әрі қарай жалғастыру керек, Жақсылық бауырым. Әлі де сенің мүмкіншіліктерің мол, өзім қолдаймын сені. Ертең ел басшысы Д.Қонаевқа өзім алып барамын» деп ақылын айтты. Сөзінде тұрып Димаш Ахметұлының қабылдауына алып барады. Д.Қонаев: «Сенің артыңда миллиондаған қазақ тұр. Сен солардың үмітін ақтауың керек, Жақсылық. Мен саған сенім артамын. Бізге қазақтың атын шығаратын жастар керек. Сондықтан өткен іске өкінбей, құрыштай берік болып, спортты тастамай, жарысыңды жалғастыра бер, қарағым. Ештеңеден қамықпа, қаймықпа, алға талпынудан шаршама, төзімді бол. Бізден қолдау болады», деп ағалық ақылын айтқан екен.
Содан кейін Жақсылық жігерленіп, намысын жанып, боз кілемге қайта белдесуге шықты. Одан жаман болған жоқ, жеңістен жеңіс жалғасты. Жақаң үшін 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиаданы жұлдызды сәт деп атасақ болады. Олимпиада алдында іріктеу жарысы қатал өтті. Жақсылықтың жасы ол кезде 29-дан асып кетіп еді. Казақ балуанының спорттағы мансабы қыл үстінде тұрды. Күш-қайратын жиып, жігерін жаныған ол 48 келі салмақта Олимпиадаға жолдама алады. «Не жеңіс, не өлім!» деп басын бәйгеге тіккен қазақтың қаршадай қара баласы боз кілемге шығып, ұлтымыздың қайсарлығын, ерлігін көрсетті. Бірінші белдесуде әлемнің екі дүркін чемпионы, румындық К.Александромен белдескенін көпшілік күні кешегідей біледі. Оны айналып өтті. Содан кейін Жақсылық шебер техникасының, шапшаңдығының, төзімділігі мен қайсарлығының арқасында поляк палуаны Керпачпен, болгарлық Павел Христовпен, венгрлік Шераштармен белдесіп, жеңіске жетті. Сөйтіп төгілген тер еш кетпеді, намысын қолдан бермеген Ж.Үшкемпіров қазақтың атын әлемге танытып, ұлтымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. «Қазақтың бағына туған ұл!» деп қалпақтарын көкке атып алты алаш мақтан етті, құрметтеді, еркелетті, мадақтады.
– Олимпиада ойындарының жеңімпазы болып елге оралғаннан соң, біраз уақыттан кейін Д.Қонаев көмекшісі Дүйсетай Бекежанов арқылы мені іздеп тауып, Алматы маңындағы Шелек ауданындағы демалыс орнына алып барды. Дінмұхамед Ахметұлы таяуда ғана Грекиядан оралған екен. «Грекиядағы Олимпиада тақтасынан сенің аты-жөніңді, «Ұлты қазақ» деген жазуларды оқып, көңілім толқып, жанарыма ыстық жас келді. Содан мерейім тасып, ерекше қанаттанып қайттым, қарағым Жақсылық. Бағың жанып, қазақтың атын шығарған белгілі тұлғаға айналдың. Өзің болып па едің онда?» деді. «Иә, Димаш Ахметұлы, болғанмын», деп жауап бердім. Үлкен кісі мені құшағына алып тұрып сонда жиналған көпшілікке қарап: «Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз. Бұл «бір жапырақты» ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Жақсылық – жастардың рухын көтеретін нағыз азамат. Болашақта талай қарадомалақ бала Жақсылықтан тәлім-тәрбие алып, оған ұқсап бағып, қазақ спортын алға сүйрейді. Мен оған сенемін!», деп толқи сөйлегені есімде. Үлкен жүректі ұлы кісімен қатарласып, бір дастарқанда отырғанымды түсімдегідей сезініп, қара терге малшындым. Сонымды сезді ме, Димаш аға: «Сезіп отырмын, Жақсылық ыңғайсызданып отыр. Оған рұқсат етейік, қалаға қайта берсін, жеткізіп салыңдар. Бақ-береке Жақсылықтың басынан таймасын, әркез жұлдызы биік болсын!» деп ақ батасын берді. Төбем көкке жеткендей мәз-мейрам болып, жүрегім кеудеме сыймай тулап кетті. Димаш аға қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі ғой. Иә, Димекеңнің жұлдызы жоғары, шоқтығы биік, дегдар азамат еді. Қайран, Димаш аға, адамның асылы еді ғой! – деп ойын түйді Жақсылық.
Сол жұлдызды сәтте талай азаматтар Жақаңды жерге аяғын тигізбей арқасынан қағып мақтады, әртүрлі кездесулерге шақырып, қонақ етті. Бірақ Жақсылық адамдық қасиетін сақтап, ақ жолдан таймай әрі қарай жарыстарға қатысуын жалғастыра берді. 1981 жылы әлем чемпионатына қатысып, мойнына кезекті алтын медаль тақты. Көптеген халықаралық турнирлерде, КСРО чемпионатында тағы да жеңімпаз атанды. Грек-рим күресі бойынша төрткүл дүниені шарлап, талай-талай белді балуандардың жауырынын жер иіскетті. Ол 15 жыл бойы боз кілемде 48 келі салмақта әлемде өзіне тең балуан жоқтығын дәлелдеді. Айтуға жеңіл, әйтпесе 15 жыл бойы өзін 48 келі салмақта ұстап тұру Жақсылық үшін жеңіл іс болды дейсіз бе? «Жеттім, толдым, жеңдім» демей, күні-түні жүрегі тек спорт деп соққан Жақаңның төзімділігіне таңғаласың. Күрестен басқа тірлікке 15 жыл бойы мойын бұрмай, өзін баптап ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Емін-еркін жүрістен, ойын-думаннан бас тартып, үзбей жаттығу бейнетін көтерген жан ғана биік шыңдарды, берілмес қамалдарды алатынын мықтап ұққан Жақсылық арманына жетті.
– 90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырап, әркім өзінше жан сауғалап, басы ауған жаққа кеткені жасырын емес. Сол кезде қызметпен, спортпен маған да қоштасуға тура келді. Сөйтіп дағдарысқа ұшырап, жұмыссыз қалдым. Несін жасырамын, күнкөру үшін жанармай сатқан кездерім де болды. Қазір енді ол күндер артта қалды. Оған шүкіршілік етуіміз керек. Заман жақсарды. Елімізді бүкіл әлем тани бастады. Көзін тапқанға жұмыс көп қазір. Тек талап, талпыныс керек. Мен – ата-бабаларымның қалдырған мұрасын жалғастырушымын. Былтыр Алматы облысы бойынша экспортқа мен ғана таза ет шығарыппын. Елбасы осы үшін маған рахмет айтты. Өнімдерімізді өзімізге ғана емес, өзге мемлекеттерге жөнелтіп, ел екенімізді көрсетуіміз керек. Еңбектің арқасында менің қазір 5 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара малым бар. Жастарға үлгі болсам, олар ата кәсібіміз мал шаруашылығын ары қарай жалғастырса екен деймін.
Жұбайым Күлпән – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Мыңбұлақ ауылының тумасы. Екеуміз жүрек қалауымызбен 1976 жылы шаңырақ көтеріп, үй болдық. Құдайға тәубе, түтініміз түзу шығып, үйлі-баранды болып, немере сүйіп отырмыз. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Үлкен ұлым Жандос – заң саласының қызметкері. Астана қаласындағы темір жол департаментінде бөлім басшысы болып қызмет істейді. Ортаншы ұл Елдос заңгерлік білімі болғанымен, ауыл шаруашылық саласында еңбек етіп, менің өзім құрған мал тұқымын асылдандыру шаруашылығын басқаруда. Қазір Алматы облысында белгілі фермер. Кенже ұлым Жеңіс дәл сол мен Олимпиада чемпионы болған күндері Мәскеуде жүргенде дүниеге келген. Сондықтан жеңістің тұғырына көтерілгеніме тұспа-тұс келгенін ырым қылып, өміріміз жеңіс пен жетістікке толы болсын деп атын Жеңіс қойдық. Ол да заңгер. Алматы қалалық прокуратурасында қызмет етуде. Құдай берген біраз немерем бар, жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Олар – біздің көз қуанышымыз, – дейді даңқты жерлесіміз.
Елдің ұлына айналған Жақсылық Үшкемпіровке базбір замандастары: «Жақа-ау, Олимпиаданың атақты чемпионысың. Халқыңа еркелеп аяғыңды аспанға көтеріп, шырт түкіріп жатпайсың ба?» деп әзілдепті. Сонда Жақаң: «Қайдан, ондай іс қанымда жоқ. Арқаны кеңге салып, қол қусырып бос жүргенді, жалқаулыққа бой үйретіп, біреулерге масыл болғанды ұнатпаймын. Денсаулық бар кезде неге пайдалы іспен айналыспасқа», деп ағынан жарылыпты. Сондықтан болар Ж.Үшкемпіров спортты тастағаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысып, бұл күндері ірі қара мен жылқы тұқымын асылдандыру шаруашылығын дамытып, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр өсіріп жатыр. Қазақтың желмен жарысқан сәйгүліктерін қайта жаңғыртып, еті мол сиырларды көбейтуге үлесін қосуда. Сөйтіп жүзге жуық жергілікті адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тасы өрге домалап тұр. Ол – тек жеке басының баюын мақсат етпей, қатар жүрген жандарға да қолұшын беріп жүретін жомарт жан. 2010 жылы Қызылағаш ауылындағы зілзаладан кейін алғашқылардың бірі болып жәрдемдескен Жақсылық еді. Қызылағаш тұрғындарына 18 бас жылқы мен 50 бас қойды өз қолымен жеткізіп беріп, көптің батасын алды. Шаруашылығының негізі болып отырған Мыңбай ауылына газ тартқызып, мешіт салғызып, асфальт жолын ретке келтірген, спорт кешенін және 100 орындық балабақша салғызып, ел игілігіне ұсынған да Жақсылық болатын. Көңілі дархан, қолы ашық Жақаң талай-талай қайырымдылық іс-шараларының ұйытқысы болып жүр.
Сан мәрте спорт додаларында жеңімпаз атанып, қазақтың атын әйгілеген Жақсылық Үшкемпіров – КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы. «Құрмет» ордені және бірнеше медальдардың иегері. Тараз қаласының, Балқаш ауданының және Алматы облысының Құрметті азаматы. Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясының құрметті профессоры. Өткен жылдың желтоқсан айында Президенттің Жарлығымен Ж.Үшкемпіровке Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Несін тізбектей береміз, басына бақ қонған бір адам Жақсылықтай-ақ болсын!
Жыл сайын күрестен тұңғыш Олимпиада чемпионы Ж.Үшкемпіров турнирі дәстүрлі түрде республика көлемінде өткізіліп келеді. Байзақ ауданының орталығы Сарыкемерде Жақсылық Үшкемпіров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, 20 жылдан бері жұмыс істеуде. Жақаң туған топырағына атбасын жиі бұрып тұрады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездескен сайын: «Жақсылық, жағдайың қалай? Не көмек керек?» – деп хал-жағдайын сұрап тұрады. Кейде ретімен қалжыңдасып алатыны да бар. Тіпті 2017 жылы Жақсылықтың кеудесіне «Алтын жұлдызды» тағып тұрып, көпшіліктің алдында қол күрестіргені де көз алдымызда.
Жақсының жақсылығын айту – парыз. Жақсылық қашан көрсең де жайдары, қарапайым, сабырлы қалпынан айнымайды. Кеудесін көтермейді. Қазір де күрес десе, ішкен асын жерге қояды.
Жуырда Жақаңа қалалық мәслихаттың шешімімен Семей қаласында көшенің аты берілді. Алматыдағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Ж.Үшкемпіров туралы кинофильм түсіруде.
Шынында да Жақсылық Үшкемпіровті қалай мақтасақ та, қалай дәріптесек те болады. Оның атын көшеге ғана емес, туған өлкесінің төріндегі Тараздағы орталық стадионға немесе спорт сарайына берсек жараспай ма? Өскеменде Олимпиада жеңімпазы Рыпакова, Петропавлда велоспортшы Винокуров, Қарағандыда боксшы Головкин атындағы спорт сарайлары бар емес пе? Біз неден қысылып, кімге жалтақтаймыз? Көпшілік болып ойланатын мәселе. Өйткені ол – халықтың азаматы, ұлтымыздың мақтанышы.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support