- Advertisement -

Айбек Оралбай – жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы

104

- Advertisement -

Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары қазақ спортшылары үшін табысты болып тұр. Бұл додада әсіресе былғары қолғап шеберлері жасындай жарқырап көрінуде.
Боксшылар бәсеке­сінде 91 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айбек Оралбай алтыннан алқа тақты. Ол финалдық кездесуде алжирлік Мохаммед Амин Хасидпен жұдырықтасқан болатын. Финалдық жекпе-жекте барын салған қазақ оғланы қарсыласынан анағұрлым мықты екенін шаршы алаңда дәлелдей білді. Айбек бұған дейін Әлем чемпионатының жартылай финалында Алжир боксшысымен қолғап түйістіріп, ол кезде де жеңіске жеткен еді. «Мен бұл боксшыны әлем біріншілігінің жартылай финалында да ұтқан болатынмын. Енді тағы да басым түстім. Екінші раундтан бастап, аяққа жұмыс істеп, ұпай қорымды молайтуға күш салдым. Нәтижесінде алтын жүлдеге қол жеткізіп отырмын. Қолдау білдірген жанкүйерлерге, барлық спортшылар мен бапкерлерге алғысым шексіз. Елімнің намысын қорғап келген соң қалайда жеңімаз атану керектігін түсіндім», – дейді чемпион өз ойымен бөлісіп.
Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында Айбектен өзге де бірқатар боксшыларымыз жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Аса ауыр салмақта топқа түскен Дамир Тойбай финалдық шайқаста ресейлік Алексей Дроновқа қарсы шаршы алаңға шығып, қарсыласына есе жіберді. Осылайша Дамир күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол бұған дейін Әлем чемпионатының финалында да дәл осы боксшыдан ұтылған-ды. 64 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Талғат Шәйкен де күміс медаль иегері атанды. Талғат та соңғы жекпе-жекте ресейлік былғары қолғап шеберінен айласын асыра алмады. Қыздар арасындағы аламанда 75 килограмм салмақта бақ сынаған Надежда Рябец қола медаль иеленді.
Байрақты бәсекеде бокшыларымыздан өзге спортшыларымыз да толайым табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, велоспорттан Қазақстан құрама командасы алтын жүлдені қоржынымызға салды.
Жалпы, Аргентина­дағы жасөспірімдер Олимпиадасы Қазақстан саңлақтары үшін тамаша жетістіктерге толы болды. Осынау аламанда ел құрамасы төрт алтын, үш күміс, үш қола медальға ие болды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support