Әлеумет

«Мен сурет терімді саудалап көрген емеспін»

«Мен сурет терімді саудалап көрген емеспін»

Иллюстратор-суретші Аңсаған Мұстафа тұңғыш рет 15 жасында сурет салған. Шығармаларында негізінен әлеуметтік мәселелерді бейнелейді. Оның туындылары 2010 жылдан бері «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы көпшілікке таныла бастады. Анасы ашқан «Ақ босаға» газетіне шығармалары жарияланып тұрған.

«2010 жылы «Фейсбукке» тіркелдім. Сол жылдары ел секілді лайкомания дертіне шалдықтық. «Ақ босаға» газетіне иллюстрация салып тұратынмын. Басылым қолға тиген соң оны суретке түсіріп, «мынау менің жұмысым» деп ел назарына ұсынатынмын. Уақыт өте келе жинайтын лайктың саны арта бастады. Содан шығармам «Ақ босаға» газетіне шыққанша шыдамай, газеттен бұрын парақшада бөлісе бастадым. Мұның жақсы дүние екенін түсіндім. Өйткені желідегі адамдар: «суретті көрдім, ойландым» деп хат жазатын үрдіс пайда болды. Жастар әлеуметтік желіде көп отыратын болған соң, оларға әсер ететініне көзім жетті. Осылайша бос жүргенше, елге ой салып отырайын деген шешімге келдім», – дейді суретші. Қылқалам шебері Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық нақыштағы 55 футболканың дизайнын жасаған. Шығармашылығы туралы ойымен бөліскен Аңсаған Мұстафа: «Мен суреттерімді саудалап көрген емеспін. Тек ұлттық нақыштағы жапсырмасы бар футболкаларым ғана сатылымға шыққан болатын», – дейді.

Редакциядан: Құрметті оқырмандар! Суретші А.Мұстафаның көрмесімен «Достық» үйінен 20, 21, 22 қазан күндері танысып, тамашалай аласыздар.