- Advertisement -

Климаттың өзгеруі: 1,5 градус әлемді қалай өзгерте алады?

236

- Advertisement -

BAQ.KZ – Әлемпресс. Ғалымдар жаһандық жылыну кезінде планеталық температура 1,5 ° C-тан асып кетсе, үлкен климаттық апат болатынын айтып дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, бүгін бұл үлкен экологиялық проблеманың алдын алу үшін жаһандық температураның 1.5°C-тан жоғары көтерілмеуіне тырысу керек. Климат жөніндегі Париж келісіміне қол қойған 200 мемлекет жаһандық температураның 2 градустан жоғары көтерілуінің алдын алуға келіскен болатын. Бірақ климаттың өзгеруі бойынша сарапшылардың үкіметаралық тобы жариялаған баяндамада бұл шектеу 1,5 ° C болу керектігі айтылған. Сонда 0.5 градустың айырмашылығы неде? Бұл неліктен маңызды? ВВС басылымы баяндама негізінде осы сұрақтарға жауап іздеп көріпті.

Ғалымдардың айтуынша, жаһандық температура 1,5 ° С-тан жоғары көтерілсе, қоғамның барлық аспектілерінде жылдам өзгеріс болады және оның салдарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Үш жылдық зерттеулерден және Оңтүстік Кореядағы ғалымдар мен шенеуніктердің бір аптаға созылған жиынынан кейін климаттың өзгеруі бойынша сарапшылардың үкіметаралық тобы 1,5 ° C-тың жаһандық жылынуға әсері туралы баяндама жариялады.

33 беттік құжатта климатты зерттеушілердің күрделі еңбегі байқалады, ал баяндама негізінен саясаткерлерге бағытталғандай. Дегенмен, оларды тек экономика мен өмір сүру деңгейі алаңдататыны анық. Жалпы, баяндамада назар аударуға тұрарлық хабарламалар да баршылық.

«Біріншіден, жаһандық температураны 1,5 ° C-тан жоғары көтерілмейтіндей, 2 градусқа жеткізбей шектеп тұрудың артықшылықтары көп. Бұл расымен де климаттың өзгеруінің салдарын төмендетеді. Екіншіден, егер біз жаһандық температураның 1,5 ° C-тан арттырмай шектегіміз келсе, көптеген өзгерістерге дайын болуымыз керек. Оның ішінде энергетикалық жүйелер, жерді басқару, көлік саласында көп өзгеріс қажет етіледі», — дейді профессор Джим Ске.

Баяндама авторларының бірі, Корнелл университетінің ғалымы Натали Маховальдтың айтуынша, бұл еңбекті жариялауға бүкіл әлем бойынша тоқсаннан астам сарапшы қатысқан және олардың барлығы 0,5 градустың өзі маңызды рөл атқаратынын айтып жатыр. Мысалы, жаһандық температура 1,5 градусқа артса, су астындағы маржанды жартастар 70-90% азаяды, ал 2 градусқа артса, мұндай жартастар мүлдем жойылып кетеді. Сонымен қатар 2 градус кезінде теңіз деңгейі 1,5 градустық сценариймен салыстырғанда шамамен отыз метрге көтеріледі.

«Жаһандық температура 1,5ºC-тан жоғары көтерілсе, кейбір экожүйелер жойылуы мүмкін», — дейді баяндаманың тете авторларының бірі ғалым Ганс-Отто Пёртнер.

Баяндама мәліметтеріне сенсек, бүгінгі күнге дейін адамзат әрекетінен жаһандық температура 1 градусқа көтерілген және 2030 – 2052 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 1,5 градусқа жетеді.

Қауіп қандай?

«Ғалымдар, «ҚАЗІР ӘРЕКЕТ ЕТІҢДЕР, АҚЫМАҚТАР!» деп үлкен әріптермен жазғысы келетін шығар. Бірақ ол үшін фактілер мен сандар керек және ғалымдарда бұл екеуі де бар» дейді келіссөздерге қатысқан Greenpeace өкілі Кайса Косонен.

Зерттеушілер фактілер мен сандар негізінде жаһандық температураның 1,5 C-тан көп мөлшерге артса, қандай нәтижеге әкелетінін дәлелдеді. Олар 12 жылдан кейін, яғни, 2030 жылдан кейін жаһандық температура осы мөлшерде жылитынын айтты. Ал жаһандық температураның одан төмен деңгейде сақталып тұруы үшін адамзатқа өте көп өзгеріс жасау қажет болады. Оның ішінде алдағы жиырма жылда жаһандық ЖІӨ-нің 2,5%-ын осы экологиялық проблеманы шешуге инвестициялау керекпіз.

Баяндамада төрт ірі жаһандық жүйеге өзгеріс енгізу керектігі туралы айтылған: энергетика, жерді пайдалану, қалалар мен өндіріс. Дегенмен, ғалымдардың айтуынша, бұл төрт саланы өзгерту үшін жеке адамдардың іс-әрекеттері мен дағдыларын өзгерту керек болады. Оның ішінде адамдар ет, сүт тағамдарын аз тұтынып, ұшақтың орнына пойыздар мен автобустармен қатынауы; электромобильдерге басымдық беріп, іскерлік кездесулерді видеоконференциялар арқылы өткізуі керек. Дебра Робертстің айтуынша, адамдардың өмір салтының өзгеруінің маңызы зор.

«Бұл адамдар үшін де пайдалы болар еді. Бұл үлкен өзгерісті жүзеге асыру үшін әр адам өзінен бастауы керек. Сол арқылы біз өзіміз өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан ортаны да жақсарта аламыз. Адамдар жерді пайдалану саласына қатысы жоқ екенін айтуы мүмкін. Бірақ біз өзіміздің не жеп, не ішіп жатқанымызды бақылай аламыз. Қалаларда жүріп-тұруымыз да өзіміздің еркімізде емес пе?», дейді ол.

1,5 градусты ұстап тұру үшін қажет бес қадам

2030 жылға қарай CO2 газының шығарылуы 2010 жылмен салыстырғанда 45%-ға азаюы керек;

Көмірден бас тарту;

2050 жылға дейін таза қалдыққа көшу;

2050 жылы әлемдік электр энергиясының 85%-ы жаңғыртылатын энергия көздеріне кететін болады;

Энергетикалық мәдениет үшін жеті миллион шаршы метрден астам жер қажет етіледі.

Бұған қанша қаржы керек?

Бұл арзанға түспейтіні анық. Баяндамада 2016-2035 жылдар аралығында жаһандық температураның 1,5 ° С-қа көтерілмеуіне қол жеткізу үшін орташа есеппен жыл сайын энергетикалық жүйеге 2,4 триллион доллар инвестиция қажет.

Баяндамада сондай-ақ 1,5 градус экономиканың өсіміне де оң ықпал ететіні айтылған.

Біз әрекет етпесек, не болады?

Ғалымдардың айтуынша, егер жаһандық температураның жылынуын 1,5 ° C-тан төмен сақтай алмасақ, қауіпті өзгерістер болады. Мысалы, мұхиттың температурасы өзгеріп, күріш, жүгері мен бидай өсіру қиындайды.

«Қазіргі күннің өзінде екі полюс те еріп жатыр. Жүздеген жыл бойы өсіп тұрған ағаштар өліп қалды. Ал жазда бүкіл әлемде өрт қаупі өршіп тұрғанын көріп жүрміз», дейді Greenpeace өкілі Кайса Косонен.

Жоспардың жүзеге асырылуы мүмкін бе?

Жаһандық жылынудың ең күрделі кезеңі осы ғасырда келетіні анық. Яғни, ғасыр ортасына дейін – қазба отыннан бас тарту, көмірді пайдалануды азайту, орманды алқапты көбейту секілді әрекеттерге көп күтпей кірісу керек. Дегенмен, кейбірі бұл климатологтардың фантазиясы ғана деп ойлауы мүмкін. Бір жағынан жаһандық экономика көміртекке қарап тұр және экономиканың негізгі қызметтері де оған тәуелді. Ал саясаткерлер баяндамаға құлақ аса ма? Негізгі мәселе осыда болып тұр. Баяндама авторлары саясаткерлер қатаң шешім қабылдау керектігін айтқан. «Егер әлем қазір әрекет ете бастамаса, кейін сенімсіз технологияға жүгініп, ауаны көміртегіден тазартудың қымбат әрі сенімсіз түріне жүгінуге тура келеді» дейді профессор Джим Ски. Ал экологтар баяндаманы талқылауға уақыт жоқ екенін, бірден әрекетке көшу керек екенін айтты.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.

baq.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support