Андорра құрамасын ойсырата ұтты
Андорра құрамасын ойсырата ұтты
Ұлттар лигасының кезекті ойынында Еркебұлан Сейдахмет
пен Бауыржан Исламхан жасындай жарқырады
Сырт алаңда Латвия құрамасымен тең түскен соң Қазақстан футболшылары Андорра құрамасын қабылдап, қарсыластарынан айласын асырды.Төреші ысқырығы естіле салысымен допты бақылауда ұстап, өткір шабуылдар ұйымдастырудың жолдарын қарастырған ұлттық құрама оғландарының ойын үлгісі жанкүйерлерге ұнағаны анық. Ұлттар лигасының кезекті ойынында Жамбыл футболының түлектері Еркебұлан Сейдахмет пен Бауыржан Исламхан жасындай жарқырады. Кездесудің жиырма бірінші минутында Бауыржан Исламхан асырған пасты қажетіне жаратқан Еркебұлан мергендігімен көзге түсіп, Қазақстан құрамасын есепте алға шығарды. Бірінші кезеңде сайыпқырандарымыз тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастыра білді. Бұл жолы Еркебұлан Сейдахмет нәтижелі пастың авторы атанды. Кездесудің отыз тоғызыншы минутында Еркебұлан жеткізген пасты сәтті пайдаланған Бауыржан Тұрысбек таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Ұлттық құраманың ойыншылары үзілістен кейін де ойындағы басымдылықты уыстарынан шығарған жоқ. Ойынның алпыс бірінші минутында есеп айырмасы үш допқа дейін ұлғайды. Бауыржан Исламхан асырған пасты тоқтата алмаған Андорра қақпашысы Жозе Гомес өз қақпасына гол соғып алды. Арада бірнеше минут өткенде төреші Андорра құрамасының шабуылшысы Жорди Алаэске екінші сары қағазды көрсетіп, алаңнан қуды. Алаңға жаңадан шыққан Роман Мұртазаев кездесудің жетпіс төртінші минутында қанжығасын майлады. Қорытынды есеп 4:0. Қазақстан құрамасының пайдасында. Өкінішке қарай бұл тамаша жеңіс Қазақстан құрамасы үшін жақсы нәтиже болғанымен, жанкүйерлерді аса қуанта қоймады. Өйткені сырт алаңда Латвия құрамасымен кездескен Грузия футболшылары алаң қожайындарын 3:0 есебімен ойсырата ұтып, екі тур бұрын топтағы бірінші орын мәселесін шешіп тастады.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.