Саясат

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ЖАҚСАРЫП, ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨТЕРІЛЕДІ

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ЖАҚСАРЫП, ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨТЕРІЛЕДІ

 width=Сағи БЕЙСЕНБЕКОВ, облыстық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты.

Тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненттерінің бірі – медициналық қызмет сапасы екені белгілі. Қай кезеңде де солай болып келген. Себебі халықтың тұрмыстық ахуалы ең бірінші денсаулық жағдайына әсер етеді. Ал әлеуметтік маңызы бар аурулармен күрес жалпы елдегі жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттегі әлеуметтік-қоғамдық тұрақтылықты сақтауда денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне жүктелер жауапкершілік жүгі орасан. Сондықтан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауымен танысқан облыстық аурухана ұжымы бас құжаттағы екінші басымдықты іске асыруға мүдделі. Біздің аурухананың статусы облыстық болғандықтан, негізінен ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Сондықтан біз медицинаның жүрегі – ауыл дәрігерлері екенін жақсы түсінеміз. Егер елді мекендегі мамандар біліксіздік танытса, барлық салмақ орталықтағы кадрларға түседі. Ал асқынған ауруды не әшкерелейтіні көпке мәлім. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жалпы өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінің төмендеуіне әкеліп, сала ісі ілгері баспай, кері кетеді. Сол себепті ауылдағы ақ халаттылардың біліктілігін арттыруға мән беріп, соларға қолдау көрсетудің маңызы зор. Ауылдағы дәрігер тұрғындардың денсаулығын қадағалап, сырқатқа шалдыққандарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, әрі қарай ем алуы үшін қай маманға баратынын анықтап, жол сілтейді. Оқыс жағдайға тап болғандарға орталыққа жеткенше қолдан келген көмегін көрсетеді. Сондықтан учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын көтеру, қолдау қажет-ақ. Бұл туралы Елбасы Жолдауда: «Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға келесі жылы 5 миллиард теңге бөлінеді», – деді. Бүгінде медицина компьютерлік жүйеге көшуде. Яғни сырқаттың емдеу картасы электронды түрде жүргізіледі. Науқас адамның бұрын қандай кеселмен сырқаттанғаны, оған нендей ем жүргізілгені, қанша рет «жедел жәрдем» шақырғаны тіркеледі. Соған қарап, оның денсаулығының жағдайы, алдағы уақытта қандай ем жасау керектігі анықталады. Мемлекет басшысы Жолдауда: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деп бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мақсатында көптеген шаралар іске асырылып жатқанымен, елімізде жүрек қан-тамыр дертімен аурушаңдық деңгейі төмендемей тұр. Дегенмен бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданып, емдеу мекемелерін тиісті заманауи құрылғылармен жабдықтаудың арқасында өңірлерде жүрекке ашық және жабық ота жасауға мүмкіндік туды. Соның арқасында өмірі қыл үстінде тұрған науқастарға операция жасалып, олардың өмір жасы ұзарды. Елбасы атап өткендей, соңғы жылдары барлық облыс орталықтарында жүрекке ашық және жабық ота жасайтын орталықтардың ашылғандығы – ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық. Бұл жағынан алғанда екі бірдей жоғары медициналық көмек көрсететін жеке меншік емдеу клиникасы бар және облыстық ауруханадан бір бөлім ашқан Жамбыл өңірінде медициналық туризмді дамыту мүмкіндігі мол. Қазіргі кезде өзге өңірлердегідей Таразда да қалалық аурухана жанында инсульт ауруын емдейтін арнайы орталық жұмыс істейді. Осының нәтижесінде өмірі қыл үстінде тұрған көптеген адамды ажалдан арашалап қалдық. Елді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қатерлі ісікке қарсы күрес. Бұл бағытта қолға алынған кеселді ерте анықтау, емді уақытында бастау ісі бүгінде оң нәтиже беруде. Енді Елбасы атап көрсеткендей, шетелде шығатын аппараттарды сатып алып, емді ерте анықтауға барынша күш салу керек. Жолдауда Президент осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастауды тапсырды. Осылайша көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болатынын айтқан Мемлекет басшысы елдің ертеңге деген сенімін нығайтып отыр. Осы орайда қазіргі кезде біздің облысымызда да жаңа онкологиялық диспансер ғимараты салынып жатқанын айта кеткен жөн. Жаңа Жолдау көптеген жаңалықтарымен елді елең еткізді. Елбасының тың идеялары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі көтеруге арналып отыр. Бұны еліміздің жарқын болашағына арналған стратегиялық құжат деуге болады. Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолдары кезең-кезеңге бөлінген. Бас құжаттағы басымдықтар халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналғаны көпшілікті қуантып, мерейін өсіріп, жаңа табыстарға талпындыруда.