- Advertisement -

Өмір сүру сапасын арт тыру – басты назарда

111

- Advertisement -

Елбасы жуырдағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін ерекше атап өткені белгілі. Ендігі жерде мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары елімізге заманауи агротехникаларды ауқымды түрде тартуға бағытталуға тиіс. Жаңа Жолдаудың да басты өзегі халық табысының өсуін, тұрғындар үшін өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруды қамтамасыз ету болып отыр. Бұл өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын ұлғайтуға және еңбек өнімділігін арттыруға бағыт ұстанған ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері еңбегіне соны серпін беріп отыр.

Ауданымыздың жалпы жер көлемі 908 691 гектарды құрайды. Бүгінгі күні осы аумақтағы 15 ауылдық округте 65 мыңнан астам халық, ынтымақ пен бірлікті ту еткен 20-дан астам өзге ұлт өкілдері өзара тату келісімде өмір сүруде. Олардың қиындықты еңбекпен еңсере алуының, ауызбіршілігінің арқасында ауданда өткен жылы ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды тірліктер тындырылды. Атап айтқанда, жалпы шығарылған өнім көлемі – 45 миллиард 836,6 миллион теңгені құраса, биыл бұл меже жоспарға сәйкес 47 миллиард 306,8 миллион теңге көлемінде болады деп күтілуде. Өнім өндіру көлемін өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, тауарларды өткеру, қызмет көрсету салаларында одан әрі арттыру көзделуде.
Айта кету керек, биыл аудан бойынша 1401 шаруа қожалығы тіркелген болса, бүгінгі таңда оның 1221-і нақты жұмыс істеп тұр. Ал уақытша жұмысы тоқтап тұрған 180-інің ірілендіру арқылы жұмысын жандандыру немесе жабу бойынша тиісінше шаралар қабылдану үстінде. Жалпы, салада биылға жоспарланған көрсеткішке жету мақсатында 26 698,3 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, оның көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 701,9 миллион теңгеге артатын болады.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында егіс алқаптарының көлемін арттыру, жалпы өнім көлемін ұлғайту, асыл тұқымды мал басының өсімі арқылы мал шаруашылығы өнімділігін арттыру индикаторларына қол жеткізілмек.
Егін шаруашылығы бойынша масақты және майлы дақылдар егістігі көлемін биыл былтырғы жылмен салыстырғанда 2680 гектарға ұлғайту міндеті алға қойылды. Оның ішінде 500 гектар қант қызылшасы алқабының 100 гектарынан 2-3 есе артық өнім алынады деп күтілуде. Өйткені «Нұрдәулет» шаруа қожалығы мен «Жасмин» ауыл шаруашылығы кооперативінің иелігіндегі тамшылатып суару әдісі қолданылатын бұл алқаптарда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ғалымдарымен бірлесе тиісті жұмыстар жүзеге асырылды.
Осы орайда 2017 жылдан бастап Құлан ауылында «Astana Food Storage» ЖШС 1 000 гектар алқапта жылына 40,0 мың тонна өнім беретін үдемелі жеміс-жидек бағын отырғызу жұмыстарын бастағанын атап өтуіміз керек. Онда алғашқыда 200 гектарға шие ағашының көшеттері отырғызылған болатын. Биыл Тереңөзек ауылынан 188 гектар жерге «KazAlma» ЖШС үдемелі алма бағын отырғызу ісін бастады.
Шаруашылық жүргізу нысандарының барлық санаттарында ет, сүт, жұмыртқа өнімдерін өндіру көлемін, мал басын арттыру көзделуде. Бүгінде бұл тұрғыда аудан бойынша 23 мал бордақылау алаңы мен 4 кооператив тұрақты жұмыс істейді. Осы мал бордақылау алаңдарында 4650 мүйізді ірі қара, 780 жылқы, 4150 қой, 9770 шошқа малы бордақылануда. Аудан көлемінде құрылған 15 ауыл шаруашылығы кооперативінің 5-еуі ет, 2-еуі сүт бағытында жұмыстарын бастады. Олардың алтауында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қолдауымен 516,0 миллион теңге несиелік қаржыға алынған 2030 бас бұқашық бордақыланып, 324 тонна ет өндірілуі қамтамасыз етілді. Ет өндірісі көлемін ұлғайту бойынша алға қойылған меже биігінен көріну мақсатында «ҚұланАгроГрупп» ауыл шаруашылығы кооперативінің жаңадан орнатылған модульдік мал сою пункті іске қосылғанын, «Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мал сою алаңы қосымша жарақтандырылғанын да атап өту жөн.
Сүт бағытында құрылған 5 ауыл шаруашылығы кооперативінің 2-еуінде 116,5 миллион теңге несиеге алынған 413 сауын сиыр бағылып күтілуде. Олар былтыр аудандағы ірімшік зауытына 50 тонна сүт өткізген. «Сұлутөр», «Алатау Агро» және басқа да кооперативтердің жұмыстары қарқынды түрде жандандырылу үстінде. Ауданда құрылған сүт бағытындағы екі кооперативке 2 тонналық 2 танкер, ет бағытындағы 1 кооперативке 1 модульдік мал сою пункті орнатылып, 1 рефрижератор алынды.
Биыл ауданның өнеркәсіп саласында өндірілетін өнім мен көрсетілер қызмет көлемі 7 миллиард 962,0 миллион теңгеге жоспарланып, жалпы физикалық индекс көлемін 103,2 пайызға орындау көзделген. Әсіресе ірі кәсіпорындар жұмысы есебінен өнім өндіру көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік бар. Салада биыл өнім өндіру көлемін ұлғайту мақсатында үш бірдей жобаны іске асыру міндеті алға қойылып отыр. Атап айтқанда, «BioEnergia» ЖШС жалпы құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын электр қуатын өндіру, жылу шығару және минералды тыңайтқыштарды өндіретін «Биогаз электр станциясы», 9,0 миллиард теңгеге бағаланған жылыжай, «Aguila Solar» ЖШС Құлан ауылы маңында қуаттылығы 24 МВТ күн сәулесі қуатынан электр өндіру стансасы жобаларын іске қосу жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ кәсіпкерлік саласы бойынша өнім өндіру көлемі 102 пайызға ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Ауданда ағымдағы жылы 1 мейрамхана, 3 асхана, 1 техникалық жөндеу орны, 5 дүкен, 1 автобөлшек дүкені, 1 көкөніс қоймасы, басқа да кәсіпкерлік нысандар пайдалануға беріледі. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» «Бастау Бизнес» жобасы аясында 53 азамат жеке кәсібін ашқалы отыр.
Негізгі қорға салынатын инвестиция көлемі 6,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 947,3 миллион теңгеге арттырылып, 109,0 пайыз орындалуы жоспарлануда. Шаруашылық нысандарының қаражаты 6 миллиард 643 миллион теңгені құрайды деген болжам бар.
Ауданымыздың автомобиль жолдарын салу, инженерлік инфрақұрылым жасау, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, басқа да салаларында тиісінше жұмыстар жүзеге асырылу үстінде. Бәрі де халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмысын түзеуге, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр. Ал ел тұрғындарының бүгінгі таңдағы негізгі мақсаты – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Осынау межеге жету бізден санамызды жаңғыртуды, еліміздің экономикасы үшін қарқынды дамудың жаңа форматын талап ететіні белгілі. Аудан еңбеккерлері міне, осы үдеден шығуды көздейді.

Асқар ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудан әкімі.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support