Заңсыз құрылыс салынуына жол берілмейді

85

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов тарқатып әңгімелеп берді.
Айта кету керек, аталған басқарманың негізгі қызметтік міндеті облыс аумағында құрылыс жұмыстары басталып жатқан нысандардың заңдылығы мен сапасын мемлекеттік бақылау-қадағалауды жүзеге асыру болып табылады. Бұған қоса сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларындағы жұмыстарды лицензиялау мен инжинирингтік қызмет атқаратын тұлғаларды аттестаттауды да жүзеге асырады. Биылғы жылдың 9 айы ішінде мұнда мемлекеттік лицензия алуға байланысты 178, аттестаттау бойынша 293 өтініш қабылданған екен.
Басқармаға биылғы жылдың тоғыз айы ішінде құрылыс-құрастыру жұмыстарының басталғандығы жөнінде 198 хабарлама (оның ішінде 118-і мемлекеттік, 80-і жеке меншік нысан) түскен. Басқармада жыл басынан бері 2546 хат пен жеке тұлғалар тарапынан қабылданған 146 арыз-шағым қаралыпты. Өңірімізде құрылысы салынып жатқан нысандарға барлығы 123 тексеру жүргізілген.
Қанат Оңғарұлы бұзушылықтар анықталған нысандар бойынша 51 нұсқама беріліп, 112 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы іс қаралғанын да атап өтті. Тараз қаласында бір нысан заңсыз салынғаны үшін сот шешімімен бұздырылған. Нысандарды бұздыруға байланысты жыл басынан бері 8 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, сотқа жолданыпты. Оның ішінде екеуін бұздыру туралы шешім шықса, төртеуі бойынша судьялар тек айыппұлмен шектелген. Қазіргі уақытта 2 іс сотта қаралуда екен.
– Әлбетте, заңсыз нәрсенің бәрі де жансыз. Заңсыз құрылыс салынуына да жол берілмейді. Бүгінде «қызыл сызықтан» асқан құрылыс нысандарының Таразда 19-ы, облыс бойынша 25-і тіркеліп отыр. Құрылыстардың «қызыл сызық» қана емес, реттеу сызығы шегінен асып кеткендеріне де тиісінше шаралар қолданылып, кейін шегерілу үстінде. Жалпы, «қызыл сызық» үстіне бағдаршамдардың, басқа да жол белгілерінің тұрғызылуына ғана рұқсат етіледі, – деді Қ.Айтқұлов.
Жиын соңында журналистер тарапынан, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы да қойылған сауалдарға жан-жақты жауаптар қайтарылды.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.