- Advertisement -

«Көгілдір отын» үшін қарызға батқан қалалықтар көп

89

- Advertisement -

Бүгінгі таңда тараздықтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде «көгілдір отын» маңызды рөлге ие болып отыр. Рас, қала тұрғындарының бірен-сараны болмаса, көпшілігі ауылдағыдай отын тасып, жер ошаққа қазан қайнатпайды. Алайда «көгілдір отынды» шектен тыс пайдаланатын шаһар тұрғындарының кейбіреулері «судың да сұрауы барын» ойламай, әр айдың соңында өздері қолданған табиғи отынның ақысын төлеуді де естен шығарып үлгерген.
Өткен аптада сала мамандарымен бірге шаһардың бірнеше әкімшілік аумағын аралап, мұндай жағдайға нақты көз жеткізіп те қайттық. Әуелі қаланың батыс бөлігінде орналасқан «Көктем» тұрғынжай алқабындағы бірнеше көшеде болып, борышкер азаматтардың уәжіне құлақ асқанбыз. Олар жылыту маусымы басталғанға дейін төлем жасауға келіскен көрінеді. Алайда екі күннің бірінде айтылатын мұндай «құрғақ уәдені» жиі еститін мамандар аумақтағы екі шаңырақты «көгілдір отыннан» ажыратуға мәжбүр болыпты. Бұдан кейін біз «Тайвань» алқабына атбасын бұрып, бірнеше айдан бері төлемақы қарызын өтей алмай жүрген жалғыз басты анамен тілдестік.
– Үлкен ұлым жұмыссыз. Отбасымызда тек мен ғана жұмыс істеймін. Оның үстіне, үйде ауру қызым бар. Сол себепті «көгілдір отынға» берешегімді төлей алмай жатырмын. Алайда алдағы уақытта міндетті түрде төлеймін, – дейді ол.
Айта кетейік, «көгілдір отынға» тек қалалықтардың ғана емес, шаһар іргесіндегі Қызыл жұлдыз ауылы тұрғындарының да берешегі мол болып шықты.
– Келісімге сәйкес, кез келген тұтынушы әр айдың 25-іне дейін толықтай төлем жасауға міндетті. Олай болмаған жағдайда мамандар «көгілдір отынды» өшіруге құқылы. Өкінішке қарай, бүгінгі күні «ҚазТрансГаз-Аймақ» акционерлік қоғамына қарыз тұтынушылардың саны азаймай тұр. Өңіріміздегі 11 458 абоненттің қарыз сомасы 72 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде, 2354 абонент 3 айдан астам уақыт төлем жасамағандықтан, олардың берешегі 60 миллион теңге көлемінде. Сондықтан арнайы құрылған жұмыс тобымен бірге қарызын төлемеген тұтынушылардың баспанасын «көгілдір отыннан» ажыратуға мәжбүрміз. Алдағы уақытта да мұндай шаралар өз жалғасын табатын болады, – дейді «Тараз ақпараттық орталығы» ЖШС директорының орынбасары Нұрдәулет Мұсабеков.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support