- Advertisement -

Іздегенің «Aq jol»-дан, қиналмай-ақ табылар

201

- Advertisement -

Жыл сайын қоңыр күзде, баспасөзге жазылу науқаны кезінде облыстық «Aq jol» газетінің басшылары мен қызметкерлері аудандарды аралап, оқырмандармен кездесуі игі дәстүрге айналған. Бұл басқосулардың журналистер үшін пайдасы көп. Оқырмандар онда өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салады, тың ұсыныстар айтады. Шығармашылық қызметкерлері келешекте оларды өз жұмыстарында басшылыққа алады.
Жуырда осындай емен-жақын әңгіме өрілген әсерлі кездесу Тұрар Рысқұлов ауданында өтті. Оған облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, бөлім меңгерушісі Амангелді Әбіл, аудан және мекеме басшылары, ардагерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуді ашқан аудан әкімі Асқар Қырықбаев ғасырға жуық бай тарихы бар облыстың бас басылымы – «Aq jol»-дың еліміздегі ойып алар орны бар беделді де бірегей газет екенін тілге тиек етті.

– Кейінгі кезде басылымның оқырмандары біздің ауданда да көбейіп келеді. Бұл – орынды да. Оқымаған адамның ойы тоқырайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Әлбетте, оған ең әуелі білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу арқылы жетуге болады, – деді ол.
Келесі сөз кезегін алған облыстық «Aq jol» газетінің Директор-Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы адамға ең бірінші рухани байлық керек екеніне тоқталды.
– Білімдінің жүзі жарық. Адам өз мақсатына білімді жан-жақты игеру нәтижесінде қол жеткізеді. Сондықтан да алаш арыстары кезінде өздерінің күш-жігерлерін туған халқының сауатын ашуға, білімді болуға жұмсаған. Бүгінгі «Aq jol»-дың шығармашылық ұжымы оны уақыт талабына сай шығару үшін іргелі ізденістер жасауда. Ай сайын тұрақты берілетін арнайы беттер оқырмандардың ой-өрісін кеңейтіп, білімдерін жетілдіруге игі ықпалын тигізуде. Танымдық мақалалар да жиі жарияланады. Кейінгі кезде туризм тақырыбы кеңінен жазыла бастады. Бизнесін жаңадан бастаған кәсіпкерлер туралы мақалаларды да көп кездестіруге болады. Пошта қызметі де дұрыс жолға қойылып келеді. Олар газетті оқырмандарға жылдам жеткізуге күш салуда. Біз газет көрікті де тартымды, мазмұнды болуы үшін шығармашылық ізденістерімізді жалғастыра береміз, – деді ол.
Ауданның Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановтың сөзі тағылымға толы болды. Қожайхан аға бұл басылымның облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқанына айрықша тоқталып:
– Алаштың көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп текке айтпаса керек. «Aq jol» – жаңалықтың жаршысы. Қазақта «Өткеніңді еске алу – өскендіктің белгісі, өткенін ұмыту – өшкендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Мені басылымда тұлғалар туралы тартымды мақалалардың тұрақты берілетіні қуантады. «Aq jol» әрбір отбасының төрінде жатуы тиіс. Ол – оқырмандарын адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке және бірлікке шақырады. Мерзімді басылымдарды оқыған жастардың көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек болады.
Біздер, аға буын ұрпақтар «Aq jol»-дың кеңестік қиын-қыстау кезеңде Асанбай Асқаров сияқты ұлы тұлғаларға жала жабылғанда араша түскенін және ақтағанын ұмытқан жоқпыз. Ол – облыстың айнасы ғана емес, шежіресі, тарихы. Оның беттерінен барлық саладағы жаңалықтарды оқуға болады. Іздегеніңді «Aq jol»-дан табасың. Демек, сіздерді баспасөзге белсенді жазылуға шақырамын. Келешекте де шығармашылық ұжымның үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспін. Осындай іргелі ізденістеріңізден танбаңыздар, – деген игі тілегін жеткізді.
Ауданда «Aq jol»-ға 600 мұғалім жазылады екен. Ұстаздар қауымы осы газетті оқу арқылы ой-өрістерін кеңейтіп, білімдерін жетілдіреді. Бірқатар материалдарды өз сабақтарында пайдаланады. Облыстағы білікті мамандардың тәжірибесін басшылыққа алып жүрген ұстаздар да аз емес. Мінбеге шыққан аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова өзінің жүрекжарды лебізін осындай сөздермен жеткізді.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Мөлдір Керімбаева басылымның шығармашылық қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Баспасөз арқылы қоғамдық пікір қалыптасады, – деді ол. – Жас ұрпақты адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуде «Aq jol» көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Біз осындай ізденістердің келешекте де жүйелі жалғаса беретініне нық сенімдіміз. Біздің кітапхананың қорында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының бірнеше кітаптары бар. Оларды оқырмандар сүйіп оқиды. Кітапханада баспасөзге жазылуды насихаттау жолында бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда. «Aq jol»-дың оқырмандарын көбейтуге біз де өз үлесімізді қосамыз, – деді ол.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Асқар Қырықбаев ауданда жазылушылар қатары келесі жылы да көбеймесе, азаймайтынына сендірді.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support