Экономика

Республика аумағында валюталық құндылықтар айналысының тәртібі туралы

Республика аумағында валюталық құндылықтар айналысының тәртібі туралы

Валюталық құндылықтар айналысының тәртібін белгілеу валюталық реттеудің міндеттерінің бірі болып табылады. Валюталық құндылықтарға: шетел валютасы; номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары; бейрезиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар; тазартылған құйма алтын; резиденттер мен бейрезиденттер арасында, сондай-ақ бейрезиденттер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын, ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары; резиденттер мен бейрезиденттер арасында, сондай-ақ бейрезиденттер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар жатады. Валюталық құндылықтарды пайдалану арқылы жүргізілетін операциялар валюталық операциялар деп аталады. Республика аумағында валюталық операциялар «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы №57 ҚР Заңымен айқындалған қағидаттарды ескере отырып жүзеге асырылады. Сонымен аталған заңның 13-бабына сай, резиденттер арасында валюталық операцияларды жүргізуге тыйым салынған, дегенмен ерекшеліктер бар. Ал резиденттер мен бейрезиденттер арасындағы операцияларға келетін болсақ, олар ҚР валюталық заңнамасына сәйкес тараптардың келісімі бойынша ұлттық валютада және (немесе) шетел валютасында жүргізілуі мүмкін. Ал республика аумағында бейрезиденттер арасындағы валюталық операцияларға шек қойылмаған. Шетел валютасын сатуды және сатып алуды резиденттер және бейрезиденттер шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктерден, осындай уәкілетті банктердің айырбастау пунктері, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктері арқылы ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен жүзеге асыруы тиіс. Бәріміз білетіндей, 2018 жылғы 2 шілдеде «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» №167-VI ҚР Заңына қол қойылды. Ол 2019 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Жаңа заңға сәйкес валюталық құндылықтар айналысы тәртібіне өзгертулер енгізілді, оның ішінде: - банктік емес айырбастау пунктеріне Ұлттық Банк шығарған шағын алтын құймаларды, сондай-ақ банктерден қолма-қол нысанда шетел валютасын сатып алуға және сатуға құқық беріледі; - валюталық операцияларға: валюталық құндылықтарды сенімгерлік басқару, сондай-ақ оларды брокерлік қызмет көрсету шартының негізінде беру, резиденттер немесе бейрезиденттермен шығарылған электрондық ақшаны сатып алу және жою бойынша операциялар жатқызылған; - бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына клиенттердің тапсырысы бойынша ішкі валюталық нарықта қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу және сату құқығы берілген. Сонымен қатар резиденттер арасында рұқсат етілген валюталық операциялар тізбесі мынадай жағдайлармен толықтырылған: - резиденттер арасындағы құймалардағы аффинирленген алтынды (валюталық құндылықты) сатып алу және сату жөніндегі есеп айырысулар теңгемен жүзеге асырылады; - жеке тұлғалар «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» аумағында тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін кез-келген валютада есеп айырысуына болады (тауарды осы аумақтан одан әрі сату үшін шығару жағдайын қоспағанда); - шетел ұйымдары филиалдарының арасында шетел валютасымен есеп айырысулар; - брокерлік қызмет көрсету шарттарының шеңберінде брокерлер мен клиенттер арасында шетел валютасымен есеп айырысулар. Жалпы алғанда, өзгертулер ҚР аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) және «Қорғас» ШМЫХО құрылуына байланысты жаңа экономикалық жағдайға байланысты заңнама нормаларын ыңғайластыру мақсатында енгізілген. Жоғарыда айтылған өзгертулер азаматтардың мүддесіне әсер етпейді, себебі валюталық реттеудің либералды принциптері сақталған.

Елнұр Әділбек, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының валюталық операцияларды бақылау бөлімінің жетекші маманы.