Әлеумет

Cексеуіл де байлық

Cексеуіл де байлық

Cондықтан, оны отын деп қарамай көздің қарашығындай сақтау қажет

11Облыста мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 4 миллион 434 мың 201 гектарды алып жатыр. Орманды жер 2 миллион 224 мың 543 гектар. Өңірдің жер көлемінің 30,8 пайызын алып жатқан аймақта орманды қорғау, қорын молайту және жаңадан орман өсіру шараларымен аудандарда орналасқан 14 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен «Ормандарды қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі айналысады. Үкімет қаулысымен 2010 жылғы 10 қыркүйекте бекітілген 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы аясында 2010-2013 жылдары облыста барлығы 27150 гектар орман алқаптары егілді. Оның ішінде 4120 гектар жерге көшеттері арқылы егілсе, 23030 гектарға тұқымы арқылы себілген. Осы жұмыстарға облыс қазынасынан 146 миллион теңге бөлініпті. Отырғызылған екпелердің орташа шығымдылығы 67 пайызды құраған. Биылғы ерте көктемде 1400 гектар алқапқа шөлге төзімді сексеуіл, жүзген және қарағаш көшеттері отырғызылса, күз айларында 49,9 миллион теңгеге 5100 гектар алқапқа сексеуіл тұқымын жинап, себу көзделіп отыр. Сексеуіл ормандарын қолдан өсіру екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші, ерте көктемде көшет арқылы егу, екіншісі, күзде сексеуіл тұқымын жинап, алдын ала дайындалған жерге себу арқылы жүзеге асырылады. Сексеуіл ормандарын көшетінен өсірудің сапасы тұқымын сеуіп, өсіргенге қарағанда өте жоғары әрі ауа райының қолайсыз жағдайында да өте төзімді келеді. Облыста соңғы жылдары күзде себілген сексеуіл тұқымының өнімділігі ерте көктемде өте жақсы өніп шығады. Алайда, наурыз-сәуір айларында жүретін үсіктің салдарынан сексеуілдің жас өскіндері суыққа ұрынып, шығынға ұшырайды. Оған қоса, жаз айларының аптап ыстығы, шығыстан соғатын толассыз желден көтерілген құм суырып, өскіндерді жояды. – Облыста соңғы жылдары күзде себілген сексеуіл тұқымының өнімділігі ерте көктемде өте жақсы өніп шығады. Қазіргі кезде сексеуіл ормандарын тұқымынан себу жұмыстарын азайтып, көшетімен өсіру көлемін жылдан-жылға ұлғайтып отырмыз. Мәселен, 2010 жылы 620 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызсақ, 2014 жылы 1400 гектарға отырғыздық. 2010 жылға дейін коммуналдық- мемлекеттік мекемелерді техникалық жарақтандыруға облыстық бюджеттен 55 миллион теңге бөлінсе, 2010-2013 жылдары 221,6 миллион теңге бөлініп, 82 техника, 81 жабдықтар, 7 контейнерден жасалған орманшы үйі, биыл да 89 миллион теңге бөлініп, 18 техника, 50 жабдықтар мен 4 контейнерден жасалған орманшы үйі сатып алынды. Осындай игі шаралардың нәтижесінде орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нормативтің 65 пайызын құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2009 жылы бар-жоғы 30-ақ пайыз еді,-дейді облыстық әкімдіктің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Серік Қойбақов. «Өрт-тіл­сіз жау». Сон­дықтан, оған асқан сергектікпен қарау қажет.12 Өйтпеген жағдайда далада өрт тұтанып кетсе, оны ауыздықтау оңайға соқпайды, орасан зор шығын әкеледі. Мемлекеттік орман қоры аумағында өртке қарсы профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға 2010-2013 жылдары 136 миллион теңге бөлінсе, ал, биыл өрт қаупі бар маусым кезіне облыстық бюджеттен 30 миллион теңге бөлінген. Табиғат өртінің жылдам таралуына тосқауыл қою мақсатында орман қоры аумағында өртке қарсы 7426 шақырым минералды жолақтар жасалынып, күтімге алынған. Облыстың орман қоры аумағында 42 өрт сөндіру тобы құрылып, 356 өрт сөндіру жасағымен қамтылған. Өртке қарсы пайдаланатын «УАЗ-469» «УАЗ-Фермер», «АЦ-30, «АЦ-40», «ГАЗ-53», «ГАЗ-66» маркалы барлығы 46 автокөлікпен, 34 трактор соқасымен, тіркемелі әмбебап цистерналар сапқа қойылып, 73 арқаға асатын өрт сөндіргіш және 590 шыртылдақ дайындалыпты. Өрт сөндіруге қажетті 800 дана құрал-сайман алынған. Үкімет қаулысын орындау мақсатында биыл басқармаға қарасты 14 орман шаруашылығы мекемесінің жанынан алғаш рет өртке қарсы күрес қызметі құрылған. Әр мекемеде 9 адамнан, барлығы 126 жауынгер бар. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 47,1 миллион теңге қаржы бөлініп, өртке қарсы күрес қызметкерлері биылғы мамыр айында «Бастапқы даярлық» бағдарламасы аясында толық оқу курсын бітірді. Биыл 44 миллион теңгеге 6 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. 10 сәуірден бастап, облыс орман қорының 3,276 миллион гектарын «ҚазақАвиациялықОрманКүзету» мекемесінің 6 орындық ұшағы және 5 орындық тікұшағы әуеден қорғау және күзету жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, ғарыштық мониторинг облыстағы дала және орман өрттерін бақылауға үлкен септігін тигізуде. Осындай игі шаралардың және орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жандандырудың нәтижесінде облыстың мемлекеттік орман қоры аумағындағы орман өрттерінің саны азайған. Алайда, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудандар, қалалар, ауылдық округтер және ауыл әкімдерінің қатысуымен өткен облыстық семинар-кеңесте «Алматының моншасы Мойынқұмның сексеуілімен жылытылады» деп сын айта келе, мемлекет байлығын қорғау бір ғана орманшыларға жүктелген жұмыс емес екенін, ол жергілікті деңгейдегі әкімдердің де міндеті екенін меңзеді. Сондай-ақ, учаскелік және жол полициясының қызметкерлері де қырағылық танытса, Мойынқұмның сексеуілі Алматы аспас еді. Үкімет пен облыс тарапынан облыстық әкімдіктің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бөлініп жатқан қаржы аз емес екенін еске алсақ, орманшылар да негізгі міндетіне аса жауапкершілікпен қарағандары жөн. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан алған мәліметке қарағанда былтыр мемлекеттік орман қоры аумағында 1734 тексеру мен рейд өткізіліп, табиғат қорғау заңының талаптарын бұзғандарға 383 хаттама толтырылыпты. 246 заң бұзушыға 2 миллион 55 мың теңге айыппұл салынған, оның ішінде 226 заң бұзушыдан 1 миллион 781 мың теңгесі өндіріліп алынған. 191,9 текше метр сексеуіл тәркіленген. Келтірілген залалды өндіру үшін 216 заң талабын бұзушыға 2 миллион 365 мың теңгенің талабы қойылып, 1 миллион 400 мың теңгесі өндірілген. Заңсыз ағаш кескені үшін 50 іс құжаты құқық қорғау органдарына өткізіліп, 45-іне қылмыстық іс қозғалса, оның 18-і сотта қаралыпты. Соттың шешімі бойынша 17-сіне бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалған. Облыстық әкімдіктің қаулысымен құрылған «Ормандарды қорғау жедел қызметі» мемлекеттік мекемесінде 25 қызметкер еңбек етсе, оның 18-і маман инспектор. Олар автокөлікпен, қорғаныс және бақылау құралдарымен толық қамтамасыз етілген, 2013 жылы 192 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылған. Оның 37-сіне қылмыстық іс қозғалыпты. Соның ішінде 22 қылмыстық іс бойынша соттың шешімімен 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, айғақ зат ретінде әртүрлі маркалы 22 автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленген. Облыс әкімінің сынына іліккен Мойынқұм ауданында «Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі», «Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі» және «Бурылбайтал ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі» сынды бақандай үш мекеме жұмыс істейді. Бірінші мекемеде 62 қызметкер еңбек етсе, оның 28-і орманшы-қорықшы. Олар 865865 гектар жерді қарайды. – Үкіметтің 2010 жылғы 10 маусым күнгі №568 қаулысынан кейін халық арасында «сексеуіл отыны тегін, әркім қалаған жерінен алуға болды екен» деген дақпырт тарап, заңсыз отын тасу көбейіп кетті. 2011 жылы біздің қызметкерлер сексеуіл тасымалдаған адамдарға 68 хаттама толтырды. Ауылдық аймақтарда тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, аудандық газетке сексеуіл отынын алудың заңдылықтарын жазып, бірнеше мақала жарияладық. Осындай жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде сексеуілге «жорық» біршама саябырсыды. Дегенмен, 2012 жылы мекеме қызметкерлері тарапынан 30, былтыр 8 хаттама толтырылды. Ал биыл осындай 7 оқиға тіркеліп, оның 3-уіне хаттама толтырылса, 4 іс құқық қорғау органдарына берілді, – дейді Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Қ. Нұрмолдаев. Орманшылардың міндетіне сексеуілді қорып қана қоймай, жылда егіп, көбейтіп отыру да жатады. Мәселен, жоғарыда сөз болған мекеме былтыр 900 гектар жерге сексеуіл ағашының тұқымын сеуіп, 300 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызыпты. Биыл 350 гектар жерге көшетін отырғызған. 1000 гектар жерге тұқымын себуді жоспарлапты. Осы аудандағы «Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі» өткен ғасырдың 1961 жылы ашылған. 2008 жылы мекемеге «Кергетас» орманшылығы мен «Андасай» зоологиялық қаумалы қосылып, жалпы жер көлемі 1470509 гектарды құраған. Құмды алқаптары мен құмдық өңірлерде тораңғы, қарағаш, жыңғыл, баялыш және басқа да өсімдіктермен қатар, сексеуіл өседі. 2006 жылдан бастап, орман қорын молайту мақсатында 2540 гектар жерге орман дақылдарының негізі қаланған. Бұдан басқа мақсатты пайдалануға шабылған жерлер өздігінен түлеп өсуге ықпал жасалған 3562 гектар жердегі табиғи өскен сексеуілдің 3562 гектар жердегі орманмен көмкерілген жерге ауыстырылған. – Мемлекеттік орман қорының санитарлық жағдайын жақсарту және ауыл тұрғындарын қыстық отынмен қамтамасыз ету мақсатында «Кеспеағаш» аумағынан тыс жерлерден қираған, шіріген сексеуіл қоқыстарын ақысыз негізде жылына 3500 текше метрден босатып келеміз. 2012-2014 жылдары орман қорында өрт оқиғасы болған жоқ. Сексеуілді ұрлау мәселесіне келер болсақ, осы жылдары табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылықтың басым бөлігі сексеуілді рұқсатсыз сындырып, заңсыз жолмен тасымалдау фактілері жиі орын алды. Мәселен, 2013 жылы әкімшілік жауапкершілікке және қылмыстық іске тартылған 17 тұлғаның 12-сіне сексеуілді заңсыз сындырғаны үшін кесім жасалса, 2014 жылы 4 cексеуіл ұрлығы тіркеліп, оның екеуіне кесім жасалды. Осы істер аудандық сотта қаралып, заң бұзушы азаматтарға бір жылдан бас бостандықтарына шектеу қойылып, айғақ зат ретінде алынған көліктері мен сексеуіл отыны мемлекет меншігіне өткізілді. Көк жігер, өсіп келе жатқанын сындырғандарға қылмыстық іс қозғалып жатыр. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен бірігіп, рейд жүргізіп отыру тәжірибеге енгізілген, – дейді «Көктерек ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі» директорының орынбасары К. Айтмұханбетов. Мойынқұмдағы үшінші мекеме – Бурылбайтал» ормандарды және жануарларды қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 392550 гектар жері бар. Бурылбайталдық орманшылар орманды-бұталы 190420 гектар алқапты көздің қарашығындай қорғап жатса керек. Өрт қауіпсіздігін болдырмау үшін кешенді жұмыс атқарылуда. Былтыр үш рет сексеуіл ұрлау оқиғасы тіркеліпті. Табиғат байлығын тонаушылар 17 текше метр сексеуіл сындырып, 17300 теңге зиян келтіріпті. Ол сот арқылы өндірілген. Облыстағы сексеуілі көп өңірдегі тыныс-тіршілік осылай көрінеді. Бізге бір мәселе түсініксіз. Сонда Алматы қаласына кетіп жатқан 15сексеуілді айтпағанның өзінде, Тараз қаласындағы базарларға сексеуіл қайдан келіп жатыр? Шашлык бизнесімен айналысатын кәсіпкерлер сексеуілді қайдан алады? Болса да Талас және Сарысу аудандарында ондай ырғын отын жоқ. – Біздің мекеменің орман қорының көлемі 605676 гектар болса, оның таулы орманды жерлері 25281, жаздық орманды жерлері 580395 гектар. Осының ішінде 99984 гектар алқапты сексеуіл алып жатыр. Биыл Үкімет қаулысына орай 9 адамнан жасақталған «тілсіз жаудың» алдын алу және сөндіру мақсатында өрт сөндіру стансасы құрылды. Мекемедегі 59 қызметкер табиғат байлығын күтіп, баптауда, ұры-қарыдан сақтауда күндіз-түні тынымсыз еңбек етуде. Бұрнағы жылдарды айтпағанның өзінде биылғы наурыз айында орман қорының 250 гектар жеріне 450 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылды. 2013 жылы 92 рет тексеру ұйымдастырылып, 2,25 текше метр сексеуіл кескен- 8, орман қорында мал жайған –1, орман қорында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған – 7, орман қорында жерді бүлдірген – 1, заңсыз аң аулаудың – 3 фактісі анықталды. Айғақ дәлел ретінде алынған үш мылтық құқық қорғау органдарына өткізілді. Орман заңдылықтарын бұзушы азаматтарға 221568 теңге айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген залалды өндіру үшін 571665 теңге талап берілді. 0,2 текше метр көк сексеуіл сындырған Т. Жалғасбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Биыл 0,75 текше метр көк сексеуіл сындырып, автокөлігіне тиеп алған Қ. Ускенбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғалды. Біздің мекеме де қоқысқа айналған сексеуілді тұрғындарға тегін береді. Үстіміздегі жылдың бес айында аудан тұрғындарына 1530 текше метр осындай сексеуіл босатылды,-дейді «Ақкөл ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесінің» директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ақынбек Бектай. – Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қорының жалпы аумағы 532092 гектар жерді алып жатса, оның ішінде орманды алқабы 190505 гектар еді, былтыр 830 гектар жер қосылып, 191335 гектарға жеті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. 2013 жылы Жайлаукөл орманшылығының мемлекеттік орман қоры жерінің 600 гектар аумағына сексеуіл тұқымы себілген болатын, бүгінде оның шығымдылығы 85 пайызды құрап отыр. 70 гектар жерге көшет отырғызылды, әзірге шығым 65 пайыз. Көктемде осы орманшылықтың 100 гектарына көшет отырғызылды, шығымдылығы 50 пайызды құрап отыр. Күзде осы орманшылықтың ұрық себілетін 800 гектары белгіленіп, осы шілде айында айдау жоспарланды. Мұндай жұмыстар Түгіскен орманшылығының жерінде де жүргізілуде. Орман өртіне қарсы жұмыс қатаң бақылауда. Сондай-ақ, орманшыларымыздың қырағылығының нәтижесінде кейінгі үш жылда сексеуіл ұрлығына жол берілген жоқ, – дейді «Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесінің» директоры Болат Жұмаділдаев. Сексеуіл негізінен шөлді және шөлейтті өңірлерге жататын осы үш ауданда өседі. Сонда шашлык саудасымен айналысатындарды, отынмен жылытылатын монша біткенді сексеуілмен кім жарылқап отыр? деген сұрақ туады. «Ұсталмаған ұры емес» дейді. «Біздің сексеуіл екенін дәлелдеп көр» деп қай өңірдің орманшылары болмасын өре төрегелуі мүмкін. Ақыл-ойға салып қараңыз, Таразға келіп жатқан сексеуіл сонда Қызылорда немесе Қарағанды облыстарынан тасымалданып жатыр ма? Айтпақшы, облыс әкімі аппаратының кезекті селекторлық кеңесінің бірінде Мойынқұм ауданындағы «Көктерек» және «Мойынқұм» ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемелерін прокурорлар тексеріп жатқаны мәлім болды. Бәлкім, облысқа тікелей қарайтын мекемелерде былық-шылық болса, осы құзырлы орган анықтай жатар.

* * * «Сексеуіл де байлық» дедік. Тоқталып көрелік, бірінші, ол-керемет отын. Сексеуіл бір салғанда-ақ самаурынды сол сәтте «екі иығынан» демалдырып, сақыр-сұқыр қайнатады. Отынның шоғы көпке дейін маздап жататындықтан сексеуілмен жылытылатын үйдің іші қаңтардың қақаған суығында да, ақпанның аласапыран боранында да қыз-қыз қайнап тұрады. Екінші, сексеуіл құм көшкініне бірден-бір тосқауыл. Ана жылы Талас ауданының Үшарал ауылында іс-сапарда болғанымыз бар. Сонда ауыл ішіне құм көшкіні еніп қалғанын көрдік. «Баяғыда сексеуіл қалың болғандықтан құм көшкініне үлкен тосқауыл еді, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылған соң, ауылымызды басып қалуға жақын қалды» деп қариялардың қынжылыс білдіргені есімізде. Кезінде атағы жер жарған ауылда ұрпақ ауысса да, әлі күнге бейнеттің адамдары тұрады. Ел болып, ат үстіндегі азаматтар бар, жылдан-жылға ауылға төніп келе жатқан құмның жолын бөгепті дегенді естідік. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары болар, Сарысу ауданындағы Саудакент ауылынан Жаңатас қаласына шығатын жолдың 6 шақырым бойына орманшылар сексеуіл көшетін отырғызады. Қазір сол жер жасыл желекке бөленгендей құлпырып тұр. Үшаралдағыдай қалың құмға болмаса да, шығыстан да, батыстан да үздіксіз ызылдап соғып тұратын желге сая. Үшінші, қалың өскен сексеуіл төрт түлік малға қыста ықтасын болса, жазда көлеңке. Төртінші, қытайлықтар талапайлап жатқан, әр өңір әрқалай атап кеткен «сайсағыз», «сұңғыла» және «тамыр» дегеніңіз де осы сексеуілдің тамырынан нәр алып, түбінде өседі. Тіпті, сексеуілдің күлі де кәдеге асатын көрінді. Сондықтан, табиғат берген байлықты отын деп қарамай көздің қарашығындай сақтау қажет.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Тараз-Мойынқұм-Талас-Сарысу-Тараз.