Басты міндет – жер заңнамасын түсіндіру

87

Облыс əкімдігі ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихаты барысында облыс әкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Жамалбек Әсембаев жер реформасын жүргізуге байланысты жер заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы өзінің күні кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жер қатынастары саласына ерекше тоқталып, «Жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керектігін» атап көрсетті. Жерді ұтымды пайдалану мәселесі – азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететін құбылыс. Осыған байланысты елімізде ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын шаруашылықтарға жерді ұтымды пайдалануға бағытталған мемлекеттік көмектер мен қолдаулар жыл сайын субсидия және жеңілдетілген несие бөлу түрінде тұрақты көрсетілумен келеді. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 4 мамырында ҚР Жер кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Ондағы негізгі мақсат жер реформасын қарқынды жүргізу, – деп атап өтті Жамалбек Айманұлы.
Оның айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістердің бақылау функциясына қатысты бөлігі, ол – аудан мен ауылдық округтер әкімдіктеріне бақылау функциясының енгізілуі. Яғни ҚР Президентінің 2014 жылғы 24 тамыздағы №898 Жарлығы негізінде әр деңгейдегі мемлекеттік органдар арасындағы құзыреттерді қайта бөлу арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру одан әрі жалғастырылатын болады. Енгізілген өзгерістерге байланысты басқарма аудандарда жаңа заң нормаларын кең ауқымда түсіндіру жұмыстарын да жүргізген. Алдағы уақытта басқарма тарапынан аудан мен ауыл әкімдеріне тиісті әдістемелік көмектер көрсетілмек.
«Жер реформасын жүзеге асыру – өте күрделі мәселе. Осы орайда шешімін таппай отырған бірқатар мәселелер де бар. Атап айтқанда, жерді рәсімдеуде заңбұзушылық фактілерінің орын алуы, жерді пайдаланбау немесе ұтымсыз пайдалану, құқық берілген жерлерде орын алған бұзушылықтарды жою мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Жер заңнамасына өзгерістер осыған байланысты енгізіліп отыр. Мұндағы негізгі мақсат – жер заңнамасын қазіргі заман талабына сәйкестендіру. Яғни жерді рәсімдеудің ашықтығын қамтамасыз ету, жерді рәсімдеуші әкімдіктердің өз аумақтарында құқық берілген жерлерде бақылау жүргізіп, заңбұзушылықтарды дер кезінде жоюы айрықша маңызға ие. Жалпы, заң нормалары қолданысқа икемді, күнделікті тәжірибеге бейімделген, тұтынушыға қолайлы болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда заң қолданысқа жарамсыздығы себебінен дұрыс қолданылмай, қарама-қайшылықтар туындап, қоғамның дамуына кері әсерін тигізеді», – деп түйді сөзін Ж.Әсембаев.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.