- Advertisement -

«Бізде идеологиялық мәні ескірген көшелер жеткілікті…»

130

- Advertisement -

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшім осылай дейді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты комитетіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында облысымыздың бірқатар аудандары мен Тараз қаласында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбында республикалық семинар өткізілді. Шара Тараз шаһарында қорытындыланды.
Семинар жұмысын облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова ашып, жүргізіп отырды. Басқосуда алғаш сөз алған белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту туралы ойларын ортаға салды. «Қазақ тілінің бүгіні, ертеңі баршамызды алаңдататыны дау тудырмайды. Бүгінде ономастикалық саясат, латын графикасына көшу секілді мәселелерде белсенділік танытқанымыз абзал. Бұл – баршамыздың асыл парызымыз. Қазақ тілі – қазақтың бары, бағы. Өкінішке қарай, кейде тіл туралы мемлекеттік шаралар, ел дамуы үшін қабылданған ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаларды жалаң ұранға айналдырып алып жатамыз. Қазір әлемде тіл көп. Мың сегіз жүз тіл жойылып кеткен. Шүкір, қазақ тілі қазақпен бірге жасап келеді. Өкінішке қарай, кейде жастар елде қалғысы келмейді. Реті келсе шет мемлекеттерге аттанып, табысын еселеуге талпынады. Жақсы жалақы, жүйелі жұмыс Қазақстанда да бар екенін көкейлеріне мықтап түйсе деймін. Ал біз, әрқайсымыз тіл, діл, дәстүр, мәдениет мәселесіне келгенде өзімізден бастауымыз керек. Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын мемлекеттік тіл туралы заң қабылданды. Алайда кейде ана тіліміз өзге тілдердің тасасында қалады. Ол мемлекеттік органдар жұмысынан да аңғарылады. Бірақ біз бұл мәселеге билікті айыптамай, өзімізді-өзіміз тәрбиелеуіміз керек», – деді Расул Жұмалы өз ойын ортаға салып.
Бұдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ өз пікірімен бөлісті. Ол өз сөзінде латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу қазақ халқын бодандық құрсауындағы сана-сезімнен ажырататынына тоқталды. Жаңа әліпбидің елге берер пайдасы туралы жан-жақты әңгімеледі. Кейіннен Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшімге сөз тізгіні тиді. Ол елдегі ономастикалық ахуал туралы пікірін ортаға салды.
– Біздің өкінішімізге, олардың қуанышына қарай, Кеңес үкіметінен іргесін ажыратқан сәтте-ақ көптеген көршілес мемлекеттер ономастика мәселесін шешіп алды. Мемлекет дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалардың есімін жаңғыртты. Өкініштісі, бізде Петропавл, Павлодар секілді атаулар әлі жеткілікті. Елімізде атау беруге байланысты бірер жыл бойы мораторий жарияланды. Оның себебі түсінікті. «Көкемнің аты көшеге, атамның аты ауылға» қағидатын ұстанған адамдар іске кірісіп кетті. Президент бұған ренжіді. Бізде идеологиялық мәні ескірген көшелер жеткілікті. Осы және тарихи жер-су атауларын қайтару мәселелері мықтап қолға алынғаны аян. Қазір сол жер-су атауларын қайтарғанда немесе идеологиялық мәні ескірген көшелердің атауын өзгерткенде орыстар ренжіп жатады. Бірақ идеологиялық мәні ескірген атауларды өзгерту заңда қарастырылған. Сондықтан ештеңеден қаймығудың реті жоқ. Ең бастысы, қазір жеке тұлғалардың атын беру азайды. Кезінде Алматы қаласындағы көшелердің 84 пайызының атауы қазаққа қатысы жоқ адамдардың атымен аталғанын көзіміз көрді. Бұл масқара ғой. Қазір уақыт өзгерді, бәрі өзгеріп жатыр. Қоғам да сол өзгерістерден қалыс қалмай, ономастика мәселесінде жұдырықтай жұмылуы керек, – деді Дос Көшім.
Басқосу барысында залға жиналған жұртшылық көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мәртебелі меймандар тарапынан лайықты жауаптар алды.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support