Әлеумет

Балконын... әркім әрқалай қоршауда

Балконын... әркім әрқалай қоршауда

Тотыдайын таранған шаһарымыз жыл өткен сайын көркейіп, гүлденіп, өсіп-өркендеп, жайқалған жасыл қалаға айналуда. Құрылыс саласы қарқынды жүріп, сәулеті артқан қаланың әлеуеті де күннен-күнге дамып келеді. Соның бір айғағы, беріде ғана 12 және 13-мөлтек аудандары бой көтеріп, баспанадан қиналып жүрген көптеген отбасы қоныс тойларын тойлады. Бұл жерде айтпағым, көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілгенде, балкон мен лоджиясы ашық күйінде қалады. Оны кейін әр үйдің иелері неше түрлі құрылыс заттарымен: біреулері кірпішпен, енді бірі тақтаймен немесе темір тормен қоршап, ойына келгенін жасап алады. Сөйтіп, әп-әдемі салынған сәулетті үйлердің сәні бұзылып, алабажақтанып, сұрықсыз кейіпке еніп шыға келеді. Бұл біріншіден, қаланың сиқын кетірсе, екіншіден, қаланған кірпіштердің салмағының әсерінен күндердің күнінде балконға ауыртпалық түсіріп, қауіп-қатер туғызуы мүмкін. Осы орайда, алдағы уақытта сәулетшілер тұрғын үйлердің жобасын жасағанда, жоғарыда сөз болған балкон, лоджияны эстетикалық талғамға сай қоршалуын ескерсе, деген ұсыныс-пікірімді жеткізгім келді. Сонда үй иелері оны кез-келген құрылыс заттарымен қоршап алуға басын қатырып, әуре болып жатпайды әрі қаланың көркі мен сәні одан сайын арта түскен болар еді.

Алдаберді Мақашев, еңбек ардагері.

Тараз қаласы.