Мереке аясында басылымдар да насихатталды

114

Дүниежүзілік пошта тарихы 1874 жылы 9 қазанда Швейцарияның Берн қаласында 22 елдің өкілдері бас пошта одағының негізін бекіткен Берн келісіміне қол қойған кезеңнен басталады. 1993 жылдың қазанынан байланыс саласынан дербес байланыс субъектісі болып саналатын «Қазпошта» АҚ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Ұлттық опаратор» болып бөлініп шықты. 1999 жылдан «Қазпошта» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
Мұндай деректі «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Болысбек Пірәлі Дүниежүзілік пошта күніне, «Қазпошта» АҚ-ның 25 жылдығына және баспасөзге жазушылар күні құрметіне арналған салтанатты шарада айтты. Ол сонымен қатар өзі басқарып отырған ұжымның биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысына сәйкес республика бойынша бірінші орынға шыққанын да мәлім етті.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жорабек Сансызбайұлы байланыс саласының ұжымын төл мерекелерімен құттықтап, қашанда ардагерлерге құрмет көрсетіп отыратын пошта қызметкерлеріне алғыстарын жеткізіп, сый-сияпат жасады. Шараға қатысушыларды облыстың тыныс-тіршілігін үзбей жазып жататын «Аq jol» газетіне жазылуда белсендік танытуға шақырды. «Аq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы пошта қызметкерлеріне ізгі тілегін арнап, жазылым науқанының сәтті өтуі үшін бірлесе жұмыс жасау қажеттігін еске салды.
– Біздің оқырмандарымызға басылымымызды жеткізетін пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын! Басылымда түрлі тақырыптарда жарияланған дүниелерді ел ішіндегі оқырманның газет шыққан күні оқығаны біз үшін қуаныш. Өткенде біз оқырмандарымызбен кездесу үшін Шу ауданына бардық. Сонда біздің ертеңгілік жарыққа шыққан «Аq jol» газетін аудан орталығында тұратын шулық оқырмандарымыз оқып үлгеріпті. Ал алыс ауылдарда тұратын газет жазушыларының қолына сол күні тиді ме? Міне, осыған баса назар аударсаңыздар деймін. Әлгінде «Аq jol» газеті туралы оқырмандарға ой сала сөйлеген алдыңғы толқын ағаларға рахмет! Газет те адам сияқты мінезді болады. Оның киімі – форматы мен безендірілуі. Газет оқыған үйде интеллигенция қалыптасады. «Аq jol» – үлкеннің де, жастың да газеті. Бізде арнайы беттер тұрақты беріліп тұрады. Оқырмандарымызбен байланыс үзілген емес. Алдағы жылдан бастап тағы да тың жобаларды қолға алып, газеттің форматы мен безендірілуіне үлкен мән береміз. Облыстық «Аq jol», «Знамя труда» және «АRAI», «Ғұмыр-дария» басқа да басылымдарға жазылыңыздар, деді К.Сәттібайұлы.
«Балалық шақ» газетінің бас редакторы Гүлнар Жәкенқызы да пошташыларға ізгі тілегін жеткізіп, жұртшылықты балғындар басылымына жазылуға шақырды.
Жамбыл облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылықбай Тәжібаев байланыс саласында атқарылған, алдағы уақытта да үздіксіз атқарыла беретін қыруар тірлікті айтып, кезінде өзі басқарған ұжымға ізгі тілегін арнады.
Газет жанашыры әрі тұрақты авторы Нұрмахан Тілегенов ұзақ жылдан бері мерзімді басылымды поштаға барып өзі алып келіпті. «Мен поштаға барып жүріп бірінші тапқан пайдам, сонда қызмет ететін апаларыңмен танысып, отау құрдым. Екінші пайдам, жыл сайын 7-8 басылымға жазылып, оның бәрін үздіксіз оқып жүріп, жазушы болып қалыптастым. Соның нәтижесінде 7 кітап шығардым. Бір мәселе – пошташылардың айлығы өте аз. Мен пошташыға біздің үйге мерзімді басылымды «Аq jol» газеті шыққан күні әкелші деймін», деді. Газетіміздің ұзақ жылдан бері тұрақты оқырманы болып келе жатқан қарияға «Аq jolǵa» деген аса құрметі үшін риза болдық.
Басқа да басылымдардың өкілдері мен қаржы құрылымдарының басшылары пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін арнады. Облыстық «Аq jol», «Знамя труда» және «АRAI» газеттерінің директор-бас редакторлары К.Сәттібайұлы, Б.Момынқұл, Д.Төленді «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар пошта қызметкерлері де бұл күні осындай марапатқа, сый-сияпатқа ие болды.
Мерекелік шараға қатысушылар «Аq jol», «Знамя труда», «АRAI», «Жамбыл-Тараз», «Ғұмыр-дария», «АрСтан», «Балалық шақ, «Денсаулық әлемі», «Заманауи ұстаз» және «Білім КZ» басылымдары жазылым науқанына орай ұйымдастырған жәрмеңкені көріп, пошта қызметкерлерінің концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.