- Advertisement -

Қоғам білдірген сенім төмендемейді

94

- Advertisement -

Қоғамдық тәртіпті сақтап, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеушілік – жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полицияның негізгі қызметі. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысын жандандыруда терең және сапалы өзгерістер қажет екені баса айтылды. Елбасы Жолдауын К.Әзірбаев атындағы облыстық «Баласағұн» орталық концерт залында тікелей эфир арқылы тыңдаған сала қызметкерлері бас құжатта нақтыланған міндеттерді жүзеге асыруға дайын. Жолдауда айқындалған басымдықтар қалай жүзеге асады? Жалпы жергілікті полиция қызметі құрылғалы бері құқық қорғау саласының жұмысында қандай ілгерілеушіліктер байқалуда? Осы және өзге де көкейкесті сұрақтар төңірегінде облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Бейсеевті сөзге тартқан едік.

– Бақытжан Халилұлы, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында құқық қорғау саласына нақты міндеттер жүктегені мәлім, әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Иә, Елбасы Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырды. Бұл реформалар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылады. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылтуды баса айтты. Сол үнемделген қаражат полицейлердің жалақысын көбейтуге негіз болып, нәтижесінде олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелері оң шешімін табатыны анық. Бұл полицейлерге жасалған үлкен мүмкіндік деп білемін. Осы арқылы оларды ынталандыра алатынымыз сөзсіз. Сонымен қатар полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керектігі де айтылды. «Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек. Қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс» деп атап көрсетті Елбасы. Сондықтан Жолдау жүктеген міндеттер өз деңгейінде іске асыралатынына сенім мол.
– Өңірімізде жергілікті полиция қызметі құрылғалы біршама уақыт өтті. Қылмыс деңгейі төмендеді ме?
– Иә, жергілікті полиция қызметі құрылғалы бері облыста көптеген жұмыстар атқарылуда. Оны қылмыс санының төмендеуінен де байқауға болады. Мысалы, 2016 жылы – 8,8, былтыр – 21,6, ал ағымдағы жылдың сегіз айында – 29,1 пайызға төмендеп отыр. Орын алған қылмыстарды тарқатып айтар болсақ, ауыр және аса ауыр – 661-ден 473-ке, орта дәрежедегісі – 6242-ден 4445-ке, ауырлығы орташа – 1119-дан 791-ге азайған. Бұны жергілікті полиция қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі деуге болады.
Сонымен қатар облыстағы криминогендік жағдайдың да тұрақты екенін айтқым келеді. Өйткені қабылданған тиісті шаралардың нәтижесінде, қоғамдық орындарда, көшеде, мас күйінде, бұрын сотты болғандар, кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы және топтасып жасайтын қылмыстар едәуір азайды. Бұған облыста үнемі ұйымдастырылып тұратын жедел-профилактикалық бағыттағы «Құқықтық тәртіп», «Шартты», «Есеп», «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп», «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Мирас» және басқа да шаралардың тигізген септігі көп болды деп ойлаймын.
– Бөтеннің мүлкін ұрлап, осы «кәсібін» «нәсібіне» айналдырып жүргендер әлі де баршылық. Бұған не айтар едіңіз?
– Дұрыс айтасыз. Өкінішке қарай ондайлар арамызда бар. Бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау деректері жалпы қылмыс санының 58 пайызын құрап отыр. Ал оның алдын алу мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Дәлелді болуы үшін бір ғана мысал келтірейін, бізде «Көршінің бақылауы» деген бағдарлама бар. Осы бағдарлама аясында жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жалпы ұрлық деректері 30,6 пайызға, яғни 5371-ден 3728-ге кеміді. Атап айтсақ, пәтер тонау – 1222-ден 971-ге, ұялы телефон ұрлығы – 1861-ден 1021-ге, мал ұрлығы – 416-дан 214-ке және автокөліктерді заңсыз айдап кету деректері 7,2 пайызға (166-дан 154-ке) төмендеген.
Жалпы «Көршінің бақылауы» бағдарламасының негізгі мақсаты – бір-бірін бақылау арқылы ұрлыққа тыйым салу. Егер тұрғындар күмән тудыратын немесе сондай жайсыз жағдайды көрсе, дер кезінде бізге хабарласа, сонда тиісті шара қолданып, қылмыстың алдын алған болар едік. Көп жағдайда тұрғындарға ауылына кім келгені, көшеде не үшін жүргені, кімнің үйіне келгені, қандай автокөлікпен жүргені бірінші кезекте күдікті көрінеді, бірақ оған назар аудармайды. Тіпті полиция қызметкерлеріне, ауыл және аудан әкімдеріне ешқандай хабар бермейді. Ұрлық деректерінің орын алып, дер кезінде ашылмауының да себебі осы деп ойлаймын. Соңында тұрғындар «полиция қызметкерлері жұмыс істемейді» деп кейде қызметімізге төмен баға беріп жататындығын да ашып айтуымыз қажет.
– Бүгінде мал ұрлығы қоғамдық проблемаға айналып отыр. Тек маусымдық жұмыспен немесе жалданып жұмыс істеп күн көретін ауыл тұрғындары үшін ішпей-жемей малынан айырылып қалу қиын, тіпті ауыр десек те болады. Өйткені бұл – олардың басты табыс көзі. Сұрағым келіп отырғаны, мал ұрлығының деңгейі төмендеді ме?
– Мал шаруашылығы – табыс көзі екені рас. Ал ұрлық ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізеді. Осындай ұрлық-қарлықтың көбейіп тұрғаны – жұмыссыздық пен тұрақты табыс көзінің болмауынан деп есептеймін. Бұл мал ұрлығы да бөтеннің мүлкін ұрлауға жатады. Осы бағыттағы жүргізілген профилактикалық жұмыстарға да тоқтала кетейін.
Бірлескен мал ұрлығына қарсы облыс әкімдігінің қолдауымен бекітілген іс-шаралар жоспары бар. Осы жоспардың уақтылы орындалуының нәтижесінде, биыл сегіз айда мал ұрлығының саны 416-дан 214 дейін кеміді, яғни 48,6 пайыз. Оның негізгі себептері – тұрғындар ірі-қара малын жайылымға жіберіп, көбіне қараусыз қалдырады. Аудандар мен елді мекендерде жайылымда қараусыз, жайылып жүрген яғни бақташысы жоқ жылқы, сиырды қамайтын орындар жұмыс істемейді. Бұл барымташыларға малды айдап әкетулеріне өзіміз жол береміз деген сөз. Тұрғындар ұрлық болғанын хабарламай, екі-үш күн бойы өздері іздейді. Соңында еш нәтиже шықпаған соң полиция бөлімдеріне хабарласатын жағдайлар көптен кездеседі. Сол себептен мал ұрлығының саны өсуде. Бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.
– Ал енді қоғамдық орындардағы тәртіп мәселесін және жол-көлік оқиғаларына қатысты не айтар едіңіз?
– Бұзақылық мәселесі өте өзекті екенін білесіздер. Жергілікті полиция қызметкерлері осындай ұсақ бұзушылықтар жасайтын тұлғаларды үнемі бақылауда ұстайды. Осылайша, «мүлдем төзбеушілік» шеңберінде 65 мыңнан аса құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске сәйкес, көшеде және қоғамдық жерлерде ішімдік ішіп, мас болған – 4945, қоғамдық жерде темекі шеккені үшін 2212 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өңіріміздегі жол қауіпсіздігіне келер болсақ, есептік кезеңде 58 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Апаттылық деңгейі – 15,1 және қаза болғандар саны 3,4 пайызға кеміген. Ал жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандар саны 20,9 пайызға азайған. Деректерді сөйлетсек, республикалық мәндегі автожолдарда орын алған жол-көлік оғиғалары және қаза болғандар мен жарақат алғандар саны біршама төмендеген. Жергілікті мәндегі автожолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларының саны – 19,8 және жарақат алғандар 28,1 пайызға төмендеген болса, қаза болғандар саны 40,0 пайызға артқан. Сондай-ақ елді мекендердегі және көшедегі жолдарда орын алған жол апаты – 13,6 және жарақаттанғандар – 16,4 пайызға азайып отыр. Апаттан көз жұмғандар саны 28,6 пайызға өскен.
Негізінен апаттылық жағдай объективті және субъективті факторлардың өсуімен түсіндіріледі. Мәселен, алғашқысына жол-патрульдік полиция міндеттерінің ұлғаюын, аймақтағы автокөлік санының едәуір артуын жатқызуға болады.
Ал субъективті себептерге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің тәртіп сақтамайтыны, яғни транзиттік автокөлік және қалааралық автобус жүргізушілерінің еңбек және тынығу режімін елемеуі, автомектептердегі даярлық деңгейінің төмендігі, мас күйінде көлік басқару жатқызады. Айта кетерлігі, барлық жол-көлік оқиғаларының 99 пайызы (769 дерек) көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады. Төрттен бірінің негізгі себебі – жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы. Жол-көлік оқиғаларының және қаза тапқандар мен жарақат алғандардың санының кемуіне «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Назар аударыңыз – жаяу жүргінші!», «Назар аударыңыз – балалар!» және басқа да профилактикалық іс-шаралар ықпал етуде.
– Жасөспірімдер қылмысы да бүгінде өзекті болып отыр. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарыңыз да нәтижесіз емес шығар?
– Жергілікті полиция қызметінің тағы бір басым міндеттерінің бірі – жасөспірімдер қылмысының профилактикасы. Бұл бағыт өте күрделі және келешек үшін өзекті. Осыған орай ювеналдық полиция қызметкерлері балалар жасаған және оларға қатысты жасалған қылмыстар, оның ішінде, жасөспірімдерге жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтың, өз-өзіне қол салу деректерінің алдын алу профилактикалық жұмыстарын, сонымен қатар «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп» және тағы бірқатар жедел-профилактикалық шараларды дер кезінде өткізудің нәтижесінде сегіз айдың есебі бойынша жасөспірімдер қылмысы – 14,9 пайызға, яғни 114-тен 97-ге дейін төмендеді. Балалардың түнгі уақытта ата-анасыз немес заңды өкілсіз жүруіне, ойын-сауық мекемелерінде болу фактілерінің алдын алуда күнделікті тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Есептік кезеңде ювеналдық полиция қызметкерлері 6054 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Бұл салада жұмыс тоқтаусыз күнделікті жүргізіліп жатыр, бәрі бақылауда. Алдағы уақытта жүйелі жұмыс атқара отырып, қоғамдық тәртіпті сақтауда жүктелген міндеттерді өз деңгейінде орындайтын боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Камила Борашова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support