- Advertisement -

«Төрткүлдегі» қазақ ауылы

528

- Advertisement -

Шетелден келген
қонақтарды ерекше қызықтырды

«Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығы көрмесі бірнеше қызықты жобалармен жалғасуда. Жиырмаға жуық мемлекеттен келген меймандар Тараз қаласындағы және Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарындағы тарихи орындарды аралап, өңір тарихымен танысуда. Шетелдіктер үшін қызықты шараның бірі «Төрткүл» керуен сарайында ұйымдастырылды.
Мұнда облыс әкімдігі туризм басқармасы мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп «Қазақ ауылы» этножобасын қолға алған. 12 қанатты 5 киіз үй тігіліп, 5 аумаққа бөлінген. Мәселен, бір аумақта халқымыздың ұлттық ойындары мен дәстүрлері көрініс тапса, екіншісінде қонақтар ұлттық тағам түрлерімен танысты. Сондай-ақ «Дәстүрлі аң аулау түрлері», «Қазақ музыкалық театр өнері», «Қолөнершілер» аумағында көрсетілген көріністер шетелдіктерді қызықтырды. Әр үйдің маңында алтыбақан тебіліп, ән айтылып, күй төгілді. Тұғырдағы қыран бүркіт, құмай тазы сырт елден келушілерді тәнті етті.
– «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында «Қазақ ауылы» этножобасын құруымыздың басты мақсаты – қазақ дәстүрін, көне Тараз шежіресін, көшпенділердің мәдениетін халықаралық деңгейде таныту, жаңғырту. Қонақтарды қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен таныстыру, – дейді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.
Этноауылда қазақ музыка және театр өнерінің фестивалі, қолөнер шеберлерінің шеберлік сабақтары, ұлттық тағамдар, қолөнер және көркем өнер көрмелері, этникалық музыкалық фестивальдар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және басқа да іс-шаралар өтеді.
– Қазақ аналарына қажетті құндылық – бесік. Мен жиналмалы бесік жасадым. Қазір ол бесікке Германия, Польша, Қытай және ТМД елдерінен сұраныстар түсуде. Мұны қазақтың құндылығын шетелге таныстыру деп түсінемін, – дейді тараздық кәсіпкер Пернебек Ахметов.
Мұнан соң «Төрткүл» кешенінің ортасына қойылған сахнада «Қазақ ауылы» этножобасының ашылу салтанаты өтті. Шетелдік қонақтар мен тараздықтардың алдында облыс әкімінің кеңесшісі Аслан Сабыржанұлы сөз сөйлеп, Таразда халықаралық сән апталығы көрмесі өтіп жатқанын, соған орай осында ұлттық дәстүрімізді танытатын шаралар легі ұйымдастырылғанын айтып, сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Мойынқұм, Шу аудандарының өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, ән мен жырдан шашу шашты. Әсіресе шетелдіктерді Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі баурап алды. Тараздық «Асыл аналар» әжелер ансамблінің өнеріне де шет мемлекеттен келгендер ризашылықпен қол соқты.
Біз шетелдік қонақтарды сөзге тарттық. Миланнан келген Марина Мешель қазақ халқының дәстүрлері қызықтырғанын айтса, ресейлік фотограф Дима Бабушкин ғажайып көріністерді фотоға түсіру өте әсерлі екенін жеткізді.
– Мен Өзбекстаннан келдім. Сән апталығына қатысып жатырмын. Сәнгермін. Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осындай халықаралық көрме келесі жылы Ташкентте өтсе екен деген тілегім бар, – дейді өзбекстандық сәнгер Сабина Абуназарова.

* * *

Ата-бабамыздың ықылым заманнан тұтынған ұлттық тағам түрлерін насихаттау мақсатымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дәмді Taraz food tourism-2018» көрмесі өткізілді. Оған 100-ге жуық шетелдік және 300-дей қазақстандық азаматтар келіп, жамбылдық аспаздардың қолынан дәм татты. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған көрменің ашылуында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали сөз сөйлеп, тілегін білдірді.
Қазақы салтқа сай «Табақ тарту» рәсімі бойынша шеберлік сыныбы өткізіліп, аспаздар өзара тәжірибе алмасты.
«Көне Тараз» тарихи-археологиялық кешенінде өткізілген тағамдар фестиваліне келуші халық көрмеде ұсынылған алуан астан дәм татып, бағалап, дауыс берді. Соған қарай тұтынушылардың жоғары бағасын алған аспаздар сый-сияпаттармен марапатталды.
Осылайша Тараз шаһарын бес күн бойы дүбірге бөлеген халықаралық сән апталығы көрмесі мәресіне жетті. Бұл шараның қорытындылары жөнінде алдағы күндері облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізуді жоспарлап отыр.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Юрий Ким.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support