- Advertisement -

Балалар әлемінің бағбаны

782

- Advertisement -

Жас кезімізде кітап пен газет-журналға құмар едік. «Жақсы кітап – жан азығы» дегендей, сол кездің адамдарында жақсы қасиет бар еді. Бір қызық кітап шықты десе, соны іздеп, кітапханаға түссе ерінбей тізімге жазылып, қолдан-қолға тигізбей оқитын. Тіпті ауылдың сиырын, қойын кезекпен баққанда да қолымыздан «Жұлдыз», «Жалын» журналдары түспейтін. Оқыла-оқыла мұқабасы сарғайған кітаптар мен журналдарды қолға ұстау таңсық емес еді.

«Өзің өскен аймақтан қандай жазушыларды білесің?» дегенде тосылып қалмайтынбыз. Кәрібай Ахметбеков, Әбді Шынбатыров, Илья Жақанов, Әбдеш Қалмырзаев, Берік Шаханов, Қали Сәрсенбай, Дулат Шалқарбаев, Бейбіт Қойшыбаев, ақындар – Тынышбай Рахимов, Ескендір Естемесов, Артығали Ыбыраев, Әлсейіт Әлменов, Төлеу Үшқоңыров, Маралтай Райымбекұлы, жазушы-сыншы Әлия Бөпежанова… Тағы кімдерді ұмыттық? Иә, олардың қатарына Пернебай Дүйсенбинді батыл қосуға болады. Жазушылардың қатарына ол өткен жүзжылдықтың 60-жылдары атой салып қосылғанын білеміз. Оқырманын тартымды шығармаларымен тәнті етіп, баурап алатын. Жүзін көрмесек те кезек-кезек баспалардан шығып жатқан әңгімелерін, хикаяттарын ынтызарлықпен оқыдық. Пернебай Алматыда емес, Жамбылда (қазіргі Таразда), Жаңатаста емес, өзі туып-өскен Қаратаудың теріскейіндегі Жайылма ауылындағы орта мектепте қатардағы мұғалім екенін кейін білдік.
Шығармашылығымен сырттай таныс болатынмын. Соңғы бірер жылда әртүрлі іс-шаралар мен кездесулерде жүздесіп, дидарласуға мүмкіндік туды. Міне, сол жерлес қаламгер ағам Пернебай 75 жасқа толып отыр. «Не бітірдім, не із қалдырдым?» деген сұраққа қуатты қаламгер П.Дүйсенбин ел-жұрт алдында еш қысылмай «Құдайға тәуба! Жаратқанның пешенеге жазған тірлігін атқарып, ісіме көңілім толып, Алланың сыйлаған, бұйырған бақытына кенеліп жүрген жанның бірімін деп ойлаймын. Ұзақ жыл ұстаз бола жүріп, көптеген жастарды тәрбиелеуге шамам келгенше атсалыстым. Қолына қалам ұстаған жастарға жөн көрсеттім, қабілетіме қарай біраз әңгіме-хикая жазып, оларды кітап етіп шығардым. Ой таразысына салсам, өткен өміріме, артта қалған жолыма шүкіршілік етемін», деп айтуға оның толық хақысы бар.
Жазушы Пернебай Дүйсенбин 1943 жылы 13 қазанда Сарысу ауданының Жайылма ауылында дүниеге келген. Балалық шағын киелі Қаратау баурайында өткізіп, 1960 жылы орта мектепті тәмамдағаннан соң совхозда құрылысшы болып еңбекке араласты. Пернекең мектепте жүріп-ақ тырнақалды өлеңдерін, қысқа әңгімелерін аудандық, облыстық газеттерде жариялап, көптің көзіне түсе бастады. Тіпті 1958 жылы оның салған бірнеше суреттері Мәскеуден шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланып, көпке танылды. Мәскеуде жарияланған «Жайлауда» («В отаре чабана») атты суретіне байланысты сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпірінен және де басқа көрші елдердің балаларынан жүздеген хаттар келіп түсті. Бұл оны қанаттандырды. Талапты жас білім қуып, 1962 жылы әл-Фараби (бұрынғы Киров) атындағы ҚазМУ-дың (қазір ҚазҰУ) филология факультетіне оқуға түсті. 1964-1967 жылдары Украинада әскери борышын өтеді. 1967-1969 жылдары Алматыдағы университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді.
Университетте оқып жүрген жылдары оның бейнелеу өнері, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалар Леонардо да Винчи, А.Сикейрос, С.Коненков, Н.Рылов, И.Левитан, М.Сарьян, О.Таңсықбаевтың еңбектері туралы, сондай-ақ қазақ өнерінің майталмандары Ш.Жиенқұлова, А.Ғалымбаева, Т.Тоғысбаев жайлы көптеген мақалалары мен эсселері, әсерлі публицистикалық шығармалары республикалық басылымдарда («Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын» және т.б.) жарияланды. Шерхан Мұртазаның әңгімесінен естіп, шәкіртақысын алысымен «Ташкент қайдасың?» деп Өзбекстан астанасына жолға шығып, белгілі қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың үйін іздеп тапты. Қылқалам шеберімен сұхбаттасып, Алматыға келе салысымен көлемді, тартымды эссе жазып республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетіне жариялатқанын замандастары әлі ұмыта қойған жоқ. «Мен суретші Орал Таңсықбаев туралы жазылған эссесін оқығанда ерекше әсерде болдым. Пернебайдың суретшінің «Таң алдындағы ән» деп аталатын картинасы бойынша жасаған талдауы тартымды шыққан. Таң ауасындай мөлдір, тұнық, көкке өрлей көтерілген ән әуенімен биік төбеге қарай баппен көтеріліп бара жатқан қазақ әйелдері туралы ойлары жүрекке еріксіз жылы сезім ұялатады. Сол кезде мен осыны жазған азаматтың да көкірек көзінде бір нұрлы сәуле бар екенін ұққандай болдым. Жансыз картинадан жанды сурет жасай білу де үлкен өнер», – депті жерлесі, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов қаламгер П.Дүйсенбиннің 50 жылдық салтанатты мерейтойында сөйлеген сөзінде.
Алматыда газет редакциясына орналасып, қызық қуып жүре беруге де болар еді. Бірақ дипломы қолына тиген Пернебай өйтпеді. 1969 жылы кіндік қаны тамған туған жеріне оралып, Жайылмадағы орта мектепке қызметке орналасып, жастарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере бастады. Бүлдіршіндерге сурет өнерінің де сырын ұқтырды. Жастарға әдебиеттің қыр-сырын үйретіп, бағыт-бағдар берді. Балалардың сүйікті ұстазына айналды. Жас ақындарға ақыл-кеңесін айтып, қанаттарын қатайтты. Мектеп директорының орынбасары, директор болып, біраз жыл еңбек етті. Оны әдебиет әлемі, қаламгерлік қызықтырды. Балалар әдебиетіне барынша бет бұрып, бірнеше тартымды повестері мен әңгімелері бірінен соң бірі жарық көре бастады. Оның қаламынан туған «Кішкентай генералдар», «Біз,Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма» атты повестері жас оқырмандарға үлгі боларлық, өзіндік ерекшелігі бар туындылар. Бұл шығармаларды ең алдымен, балаларға арналған адамгершілік, азаматтық сабағы деп бағалаған абзал. Пернебай Дүйсенбиннің шығармалары идеялық, көркемдік құрылымымен ғана емес, шұрайлы тілімен де дараланады. Оқырман шығармаларын жылы қабылдады.
Жазушы 1997 жылы Жаңатас қаласына ауысып, жергілікті газетте басшылық қызметте болды. Шабыты тасыған ол повестер мен әңгімелерді бірінен соң бірін жазып, туындылары республикалық газет-журналдарда жарық көріп жатты. Қолы жұмыстан қалт еткенде Алматыға жол тартып, белгілі қаламгерлермен ой бөлісіп, шығармашылығын жетілдіре түсті. Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев, Сейітжан Омаров, Қаржаубай Омаров, Жүсіпбек Қорғасбек, Бекен Ыбырайымов, Мәди Айымбетов сынды қаламгерлер Пернебайдың шығармашылығына көңіл аударып, талдау жасады. Бірнеше басылымдарда жарық көрді. Ерінбей атқарған істің арқасында 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. Оны оқырман қызыға оқыды. Ол 1990 жылы КСРО, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Тектінің тұяғы еді» және басқа кітаптары жарық көрді. Өңірдің тарихын жалықпай, тірнектеп жинап, шаң басқан архивтерді ақтарып, ауыл-ауылды аралап қариялармен кездесіп, тың деректер жинап, оларды зерделеп 2003 жылы Сарысу ауданының 75 жылдығы қарсаңында тарихи шежіреге толы танымдық «Шежірелі Сарысу» атты көлемді кітабын баспадан шығарды.
Содан ел шежіресін жинауды қолға алып, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Жезқазған асып, көзі қарақты азаматтармен кездесіп, архив материалдарымен танысып, естіп-білгендерін ерінбей қағазға түсірді. Жинағанын електен өткізіп, тағдыр тәлейімен ата қонысынан ауа көшкен Кіші жүздің шеркеш, тама, жағалбайлы тағы басқа руларының тарихы, тағдыры, шежіресі арқау болған «Үркердей болып көшкен жұрт» атты еңбегі 2007 жылы жарық көрді. Ал 2008 жылы тарихи, танымдық, деректік, энциклопедиялық «Сарысунама» кітабы көпшіліктің қолына тиді. Сол жылы «Шежірелі Сарысу» деректі фильмін дайындап, оның авторы әрі продюсері болды. Сонымен қатар ол Сарысу ауданының гербінің авторы.
Жазушының 70 жылдығына орай 2013 жылы «Ертегілер еліне саяхат», «Шуақты белес», «Арайлы таң алауы» кітаптары әртүрлі баспалардан шықты. Әр туындысының өз ерекшелігі бар. Не жазса да зерделеп, ой таразысынан өткізіп, әбден пісіріп барып қағазға түсіретін жақсы қасиеті бар.
Ол Қазақ КСР баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979,1980,1981,1986 жылдардағы лауреаты. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. Оның республикалық бәйгелерді алған повестері төрт конкурстық жинаққа енгізіліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. 2013 және 2015 жылдары халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері атанып, Гран-приіне ие болды. Облыстық «Үздік журналист» байқауының І жүлдесін иеленді. Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып сайланып, ел-жұрттың тілек-ұсынысына сәйкес белсенді қызмет етіп, аудан экономикасы мен мәдениетін дамытуға үлес қосты. Жерлестері оның көп еселі еңбегін бағалап Сарысу ауданының Құрметті азаматы атағын берді. Мемлекеттік орден, медальдардан, Алғыс хаттардан кенде емес. Бұл – жазушының бақыты.
Пернебай Дүйсенбиннің туындыларымен таныс жазушылар оның шығармашылығына әрдайым көңіл бөліп, жоғары баға беріп, қалам тербепті. «Пернебай Дүйсенбиннің «Шуақ» әңгімесі шопандар өмірінен, соның ішінде Алғабай тіршілігінен сыр шертеді. Жазушы Алғабайдың болымсыз іс-әрекеттерін көрсете отырып, оның шын мәнінде қандай адам екенін танытуда үлкен шеберлік көрсеткен. Алғабайдың бүкіл қарекетінен, сөйлеген сөзінен, үзік-үзік ойынан, автордың тек қана демеп, сүйемелдеп отыратын самарқау баяндауынан шопан ата бірте-бірте қомақтанып, нағыз еңбек адамының сом тұлғасына айналады. Пернебайдың бұл әңгімесін сәтті шыққан туындылар қатарына жатқызуымыз керек», – деген екен жазушы Сайымжан Еркебаев.
«Ал біз «қазіргі қазақ ертегісі қандай болуы керек?» деген сұрауға жауапты жас жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Сары Сөмке және оның достары туралы ертегі» атты повесінен таптық. Оның кейіпкерлері ертектен-ертекке бір қалыпта аумай көшіп жүретін қу түлкі, аш бөрі, қорқақ қоян емес, аты өшіп қалған хан да, уәзір де, тазша бала да емес, кәдімгі күнде қолға ұстап мектепке апаратын Сары Сөмке, сурет салатын дәптер, бояу қарындаштар мен әуелете доп тебетін қонжық…
Повестің тілі де жатық. Кібіртіктемей еркін оқуға оңтайлы. Автор бір тарауда Сары Сөмкені, енді бір тарауда бояу қарындашты, келесі тарауда сурет салатын дәптерді «сөйлетеді». Бірақ сюжет тұтастығының ара-жігі ажырамаған, композициялық құрылысы сәтті», – дейді қарымды қаламгер-журналист Жүсіпбек Қорғасбек.
«…Бұл Қара Қарындаш пен Ақ Альбомның бастан кешкендері туралы әдемі ертегі. Тілі жеңіл, жатық. Ара-тұра ұшырасатын кібіртіктер өңдей келе жөнделіп кетсе, бұл хикая қазақ балалары үшін ең қызғылықты кітаптардың біріне айналар еді», – деген пікір білдіріпті қабырғалы қаламгер Мұхтар Мағауин.
Жазушының «Саят» повесі туралы сыншы Бекен Ыбырайымов былай деп жазыпты: «…Көргені мол, бала Саят қарау да қайырымсыз тірліктен жаны шошынып безінді. Шәріп атай сатып алып берген ақ тайқарды әкесінің атып салатын сәті Саяттың жан дүниесін ерен күшпен сілкіндірген. Әдемі де әсерлі суреттелетін ситуация. Әкесінің ашуы да, ақ тайқардың атылуы да, Саяттың күйзелісі де, бәрі дәлелді. Қысқасы, шығарманың шарықтау нүктесі бала оқырмандарды селқос қалдырмайтыны сөзсіз. Адам табиғаты мен пейілі оның тірлігіне байланысты, сол арқылы танылатынын П.Дүйсенбин балалар үшін дәлелді, нанымды бейнелеген».
«Пернебайдың үлкен шығармашылыққа барар жолдағы баспалдағы аса күрделі де қасиетті, текті де тегеурінді өнер дүниесін түсінуден, танудан бастау алады. Сөз жоқ, жазушының өнер тақырыбына терең бойлап, оның алуан қыры мен сырын түсінуге, құдіретін өзгенің жүрегіне жеткізуге ниеттенуі көп дүниеге көзін ашты, суреткерлік мұратын айқындай берді», деп жазады жерлес жазушы, журналист Қали Сәрсенбай інісі. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Пернебай ұстазы туралы естелік айта келіп: «Менің Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды. Үлкен жазушы, кезінде мықты журналист болды. 60-70-жылдары «Лениншіл жастың» эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен сонау Ташкентке барып, суретші Орал Таңсықбаевты жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян – тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пернебай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендиясын жинап жүріп барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры кіріп, сұхбаттасып, материал жазып келген. Бізге әдебиет пәнін осы Пернебай Дүйсенбин оқытты. Оқытқанда қалай оқытты деңіз! Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Құлагер» поэмаларын өтетін болса, өзінің ескі магнитофоны бар, соны қоса ала келеді. Күй тыңдатады. Ықыластың күйлерін, қобызбен ойналатын күйлерді тыңдатады. Сосын сол күйдің сарынымен, баяу қойып қояды да, «Құлагерді» оқытады. Балаға қанша бағытта білім беріп отыр?! Музыка, күй сарыны өз алдына, мәнерлеп оқуға машықтанасыз. Поэзияның құдіретін сезінесіз. Оның ішінде әртістік қабілет, шешендік те бар. Қазір мектепте осындай мұғалімдер бар ма?
Ауылдағы ең бай кітапхана Пернебай ағайдың үйінде болатын. Жаныңа керек кітапты сол ағайдан табатынбыз. Берген сабақтары қандай қызықты еді, ағайдың әдебиет пен жазушылар туралы айтқан әңгімелерін барлығымыз селт етпей тыңдап,тіпті 45 минуттың қалай өткенін білмей қалатынбыз. Жанымыз нұрланатын, күні бойы әдебиет сабағы бола берсе дейтінбіз. Бұның сыртында Пернекеңнің іс-тәжірибесі облысқа таратылып, кеңес өкіметінің орденімен де наградталғаны бар. Ол режиссер де болып, қазақтың батырлар жырын сахналап, сол кездегі аудандық халық театрын жұмыссыз қалдыра жаздағаны да бар еді. Сол кезде халқымызға әлі таныла қоймаған арыстарымыздың кейбір есімін сол кісіден естіп едік.Ұстаздың шеберлігі, кереметтілігі, сірә, сол болу керек! Менің журналист-жазушы болуыма сол ағамыздың тәлімгерлік сабақтарының, әдебиетке деген ерекше сүйіспеншілігінің әсері болды-ау, тегі. Сөйттім де қаламды өзіме өмірлік серік еттім. Оған өкінбеймін», дейді мектептегі ұстазы жайлы жылы пікір білдіріп.
Пернекең ең алдымен еліміздегі белгілі балалар жазушысы. Қаламгердің атын аспандатып, даңқын шығарған балалар жайлы жазған дүниелері екеніне ешкім күмән келтіре алмайды. Республикалық «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жұмбақ жұлдыз» кітабындағы «Жұлдыздар» неге жылайды?» деген повесі қазақ прозасындағы балаларға арналған шығармалар қорына өзгеше құбылыс болып енген дүние. Жазушы осы кітабымен-ақ әдеби ортаны селт еткізді. Аталмыш повестің бас кейіпкері мылқау бала Тайжанның тағдыры, оның көзімен сұм соғыстың салған ауыр зардабы шынайы суреттеледі. Бір сөзбен айтқанда, тебіренбей оқу мүмкін емес.
Ол жастардың шақыруымен мектептер мен кітапханаларда өткізілетін кездесулерге барып тұрады. Қаламгердің шығармашылық жолы, туындылары оқырманын қызықтырады. Пернекең көсіліп әңгіме айта бастағанда оның білімінің тереңдігіне, ойының кемелдігіне таңданасың. Сондықтан болар жастар оны ұйып тыңдайды. Өмірінен, шығармашылығынан сабақ алады. Халықтың «Жазушы мен ақын жер талғамайды, күй талғамайды» деуі, сірә, бекер болмауы керек.
«Бала кезден кең далаға бауыр басып өскен Пернебайдың сезімтал да, зерек жетілуін жусан исі жебеген. Ол кішкене кезден-ақ сан түрлі туған жер бояуынан сыр ұқты. Қалам құдіреті сыншыл, жыршыл жүрекке киелі ұғымдай көрінетін. Қоршаған ортаның құпия құбылыстарынан өзінше ой түйіп, оны қағазға түсіру қаншалықты қызық болса, соншалықты қиын екенін аңғарған. Алғаш өлең, әңгіме жазып, сурет салуды ермекке емес, еңбекке айналдыра бастағаны содан», деп жазыпты Болатбек Төлепбергенов.
Міне, талай азулы жазушылар Пернекеңнің өзі мен шығармашылығы туралы жылы лебіз-пікірлерін білдіріпті. Оған біздің алып-қосарымыз жоқ. Қаламыңыз қарымды болып, ізденуден жалықпай, әрдайым ел-жұртыңыздың құрметіне бөленіп жүре беріңіз демекпін.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор, Сарысу ауданының Құрметті азаматы.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support