- Advertisement -

Жүрекке жүк салған жеңіс

106

- Advertisement -

Бірінші жартылай орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген Батыр Жүкембаев шаршы алаңда кезекті жекпе-жегін өткізіп, жеңіс тойын тойлады. Жерлесіміз, Шу ауданының тумасы Батыр Жүкембаев он төртінші шайқасында мексикалық Патрисио Мореномен қолғап түйістіріп, жүйкеге ши жүгіртті. Жерлесіміз бірінші үш минуттықта Мореноның жойқын соққысын өткізіп алып, нокдаунға түсті. Осы сәтте қатты қобалжығанымыз сөзсіз. Тіпті, бойымызды үрей де билеп алған еді.

Батыр ер екен. Жылдам бойын жинап үлгерді. Сөйтті де екінші раундта өзінің шын мықты екенін дәлелдеуге кірісіп кетті. Қарсыласына қысым көрсете отырып, жылдам шабуылдар ұйымдастырған жерлесіміздің әрекеті нәтиже берді. Екінші раундта Мореноның қорғанысы сыр берді. Бірнеше соққысын дарыта білген Батыр Жүкембаев қарсыласын баудай түсірді. Әйткенмен мексикалық былғары қолғап шебері орнынан көтеріліп, кездесуді жалғастыруға әзір екендігін аңғартты.

Бұдан кейін шаршы алаңда Батырдың басымдығы көзге айқын көріне бастады. Мореноны бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабаған жерлесіміздің комбинациялық шабуылдары көз сүйсінтті. Жанкүйерлер тек шайқас қашан аяқталады деген сауалға жауап іздеумен болды.

Әдетте мексикалық боксшылар төзімді келетіні белгілі. Патрисио Мореноның бойынан да осы қасиетті аңғардық. Қанша ауыр соққы жіберіп жатса да, сыр алдырмауға тырысты. Дегенмен жетінші раундтың аяқталуына санаулы секунд қалғанда мексикалық оғланның шамасы мәлім болды. Батыр Жүкембаевтың керемет соққысы Мореноны шаршы алаң төріне сұлқ түсірді. Нокаут! Қазақ боксшысының он төртінші шайқастағы он төртінші жеңісі. «Жарайсың, Батыр!», – дестік.

Бұл жекпе-жекте біз Батырдың қайсар мінезіне тәнті болдық. Нокдауннан кейін тез жинақталған ол жеңіске деген құштарлықтың тамаша үлгісін көрсетті. Енді Батыр Жүкембаев шаршы алаңға 24 қараша күні оралады деп күтілуде.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support