- Advertisement -

Тараз тұрғындары Шерағамен қоштасты

211

- Advertisement -

Қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері, ұлт журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазаның дүниеден озғаны жамбылдық жерлестерінің де қабырғасын қайыстырды. Оны біз қаралы митинг барысында да аңғардық.
Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағына жиналған жұртшылық қаламгердің портреті алдына гүл шоқтарын қойып, Шерхан Мұртазаның рухына тағзым етті. Бәрінің жүзінен бір қимастықтың табы анық сезіледі. Кейбірі Шерағаның бақилық болғанына сенбейтіндей…
Қаралы шара барысында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз алып, қазақ руханиятының алыбы, шындықтың шырақшысына айналған Шерхан Мұртазаның тұлғалық болмысы туралы толғана әңгімеледі. Ұлттық деңгейдегі қайраткердің бекзат болмысы, шыншыл бейнесі, кісілік келбеті ешқашан жұрт жадынан өшпейтінін тіліне тиек етті. Бұл қаза барша қазақтың қайғысы екеніне тоқталды.
Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат өз ойын ортаға салды. Жуалыда кіндік қаны тамып, қазаққа ортақ жазушы, қайраткер, журналист ретінде талай өткір мәселелерге үн қатқан Шераға саналы ғұмырында халқына адал қызмет еткенін айтқан ол Алатаудай асқақ тұлғаның жұрт жүрегінде мәңгілікке қалғанын атап өтті. Одан кейін облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Хамит Есаман сөз сөйлеп, қайғылы қазаның күллі қазақ халқына ауыр тигенін, қазақстандықтардың қайғысына ортақ екендіктерін айтты. Шерағаның шекпенінен шыққан Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей сынды қаламгерлердің де ел мақтанышына айналғанын айтып өтті.
Өз кезегінде ақын Үміт Битенова, облыстық «Аq jol» газетінің бөлім редакторы Баймаханбет Ахмет те Шерағаның азаматтық болмысы туралы тебірене әңгімелеп, саябаққа жиналған жұртшылыққа көңіл айтты. Жас ақын Бейбарыс-Сұлтан Өмірбай Шераға шығармаларынан үзінді оқыды.
Саябаққа жиналған жамағаттың жүзі жабырқау көрінді. Олардың бірқатары заңғар жазушысын жоқтап, көз жастарына ерік беріп жатты. Бұл тағдырдың түрлі сынақтарынан сүрінбей өтіп, қасқайып қарсы тұрған, барлық қиындықтарды еңсере білген тау тұлғаға деген құрмет екені анық.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support