- Advertisement -

Автоматтандырылған технологиялар енгізілуде

159

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында еліміздің аграрлық секторының зор рөліне тоқталып, алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттыру қажет екендігін атап өтті. Сонымен қатар еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да жер және су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыру мәселесі қарастырылған. Тек қана бес жыл көлемінде еліміздегі суармалы жердің алқабын 610 мың гектарға ұлғайтып, оның жалпы ауданын 2 миллион 10 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. Әлбетте, суармалы егіншілікті дамытуда суды үнемдеу технологияларының пайдаланылуына ерекше көңіл аударылатынын да атап өткен жөн.

Нұрлан БАЛҒАБАЕВ,
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының
бас директоры.

Бұл ағын судың қосымша көлемін қамтамасыз етеді және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен қазіргі кезде суармалы егіншілікке байланысты шешімін күткен бірқатар түйткілді мәселелер бар. Атап айтқанда, олар – дақылдарды өсірудің агротехникалық тәсілдерінің және егіншілік шаруашылығының ғылыми негізделген биологиялық жүйесінің сақталмауы, бәсекеге қабілетті өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін рентабельділігі жоғары және басымдыққа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының нашар пайдаланылуы, органикалық және минералдық тыңайтқыштардың жеткіліксіз енгізілуі, жалпы су ресурстарын басқару жүйесінің тиімділігінің төмен болуы және тағы басқалары.
Аталған мәселелерді суармалы егіншілікті дамытудың ғылыми және ғылыми-техникалық қолдауынсыз шешу мүмкін емес. Сондықтан су қорларын басқаруда, жерлердің мелиорациясы және оларды суаруда, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде, жайылымдарды суландыруда су шаруашылығының экономикасы салаларындағы зерттеулерді орындауда көпжылдық тәжірибесі бар институтымыздың қосар үлесі қомақты деп санаймын. Еліміздегі бірден-бір жетекші ғылыми ұйым бүгінде суарудың және мелиорациялаудың суды үнемдеу технологияларын, жайылымдарды суландырудың, су ресурстарының басқарылуын және судың таралуын автоматтандырудың инновациялық технологияларын жасап, Қазақстанның барлық өңірлерінде жаппай енгізе бастады.
Институт өз қызметінің мәні мен мақсатына сәйкес су шаруашылығы салаларына жаңа технологиялар мен техникалық құралдар кеңінен енгізілуін, шетелдің ең үздік технологияларын суармалы егіншілік пен сумен қамту тәжірибесіне бейімдеу жұмыстарын жүргізуді де қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар республиканың ауыл шаруашылығы өндірісінде біздің инновациялық жасалымдарымыз кеңінен пайдаланылуда. Мәселен, «2014-2020 жылдарда және болашақтағы 2030 жылға дейін ресурстарды үнемдеу технологияларын пайдаланып, Жамбыл облысының суармалы жерлерін қалпына келтірудің және ирригациялық жүйелерді қайта құрудың өңірлік бағдарламасының» мақсаты мелиорацияның және жер-су ресурстарының интегралды басқарылуының тұрақты дамуы негізінде ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына және тұрмыс деңгейінің жоғарылауына септесу болып табылады. Аталған бағытта облыстың су және азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, ауыл шаруашылығында қолданылатын су-жер ресурстарының сақталуы және ұдайы жаңғыртылуы, сондай-ақ суармалы жерлерде сапасы жоғары дақылдар егіліп өсірілуі қарастырылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру көзделген.
Оған қоса суару жүйелерінің гидротехникалық құрылымдары мен каналдарындағы судың есепке алынуын және судың таралуын автоматтандыру жүйесі, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің жүйек-жоталық, жеміс көшеттерін топырақ астымен суару және гидроавтоматтандыру, суды таратудың техникалық құралы сынды оннан астам технологиямыз бар.
Биыл су аз болғандығын баса айтқым келеді. Мұның әсері, әсіресе өңірімізде де анық байқалуда. Сондықтан су қорларын мейлінше тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларының кең көлемде пайдаланылуы және ағын сумен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті болып отыр. Осыған байланысты заманауи жаңа технологияларды игеріп, өндіріске көптеп енгізу арқылы ғылыми-зерттеу нәтижелерінің жандандырылуы мен пайдаланылуы болашақта суармалы егіншілікті дамыту үшін сумен кепілді қамтуға, шөл және шөлейтті өңірлердің бұрын игерілмеген жерлерін ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге, сонымен қатар саланың өндірімділігінің жалпы деңгейін арттыруға мүмкіншілік береді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support