Экономика

Талас жері топырағының құрамы тексерілді

Талас жері топырағының құрамы тексерілді

Өңіріміздегі суармалы және егіншілікке жарамды алқаптардың аумағын кеңейту үшін топырақтың құрамын зерттеу аса маңызды. Себебі ауыл шаруашылық өндірісін дамытудың басты факторы – топырақтың ерекше күтімі. Өткен аптада тілшілер тобы жерді іздестіру, мониторингілеу және зертханалық зерттеу басқармасының мамандарымен бірге Талас ауданындағы Бостандық ауылына арнайы барып, сол маңдағы алқаптарға жүргізілген зерттеу жұмыстарының жайымен танысты. Жалпы, мұнда ең соңғы рет 1979 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Араға 40 жыл салып қана мемлекеттік бағдарлама аясында жер қыртысына зерттеу жұмыстары қолға алыныпты. Еліміздің агроөндірістік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылғы жылы аталған аудан аумағында жалпы көлемі 435 мың гектар жерге топырақ құрамын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, қазіргі таңда Т.Рысқұлов ауданының – 80 мың, Талас ауданының – 35 мың, Шу ауданының 180 мың гектар жерлерінің бонитет балдары да анықталуда. Ал ағымдағы жылы Шу ауданының шаруашылыққа жарамды бөліктері қайта қарастырылған болатын. Тексеру шаралары аясында алынатын материалдар алқапқа қатысты барлық мәселелерді анықтау үшін негіз болып отыр. Жалпы, егістік жерден алынған топырақтың құрамын анықтау үшін алдымен зертханалық жұмыстар жүргізіледі екен. Содан кейін тиісті шаралар қолданылады. Зерттеудің бұл түрінде барлық материалдар жинақталып, жер қыртысының өзгеруі анықталады. Сондай-ақ анықталған өзгерістер бойынша жасалынуы тиіс шаралар жоспарланады. Жалпы, топырақ зерттеу материалдарының арқасында оның бағалық құны шығады. Сонымен бірге жердің құжаттары айқындалып, шаруа қожалықтарының іс-қағаздарына кіргізіледі. Бұдан өзге жердің өзгеріске ұшырауы да назарға алынады. – Елімізде 1990 жылға дейін 34 миллион гектар жер айдалған болса, бүгінде 24 миллион 800 мың гектар жер ғана жыртылған. Осы орайда, «сол уақыттан бері 10 миллион гектар жер қайда кетті?» деген орынды сауал туындайтыны анық. Олар – шаруа қожалықтарына бөлініп берілген немесе мүлде пайдаланусыз қалып, тұқым себілмей қалған жерлер. Болашақта мұндай алқаптардың барлығын да ауыл шаруашылығы айналымына енгізуіміз қажет. Мәселен, Бостандық ауылының маңындағы жерлер шаруа қожалықтарына берілген. Бірақ егістікке қолданылмағаны анықталып отыр. Дегенмен бұл аумақтағы алқаптың егістікке пайдаланылмауының басты себебін ағын су тапшылығымен түсіндіруге болады. Соның әсерінен топырақтың да құрамы өзгеріске ұшырай бастаған, – дейді жерді іздестіру, мониторингілеу және зертханалық зерттеу басқармасының бас маманы Тұрмахан Жаңабаев. Сала мамандары аталған аумақтағы жер қыртысын қазу арқылы әр бөліктің топырағынан сынама алған. Мамандардың айтуынша, жер қыртысы А, В, С дивизионы секілді бөліктерге бөлінеді. Олар Талас өңірінен алынған топырақ сынамаларының құрамы облыс орталығындағы зертханада толықтай зерттеліп, қорытындысы шығарылатынын да тілге тиек етті. Бүгінгі күнге дейін мұндай зерттеу жұмыстары еліміздің өзге өңірлерінде зерттелініп келсе, енді оны облысымызда ашылған заманауи орталықтың жүзеге асыруына мүмкіндігі бар. Жерді іздестіру, мониторингілеу және зертханалық зерттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Артаевтың сөзіне сенсек, аталған зертхана 2015 жылы 19 миллион теңгеге салыныпты. Бұдан өзге 25 миллион теңгенің заманауи құрал-жабдықтарымен қосымша жарақтандырылған. Ал зертхана салынғанға дейін мамандар өңірдің топырағын зерттеу үшін Шымкент пен Алматы қалаларындағы зертханалар көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Жалпы, бұл зертханаға жеткізілген топырақтар әуелі електен өткізіліп, сынама алуға дайындалады. Сол бойынша химиялық зерттеулер жүргізіліп, оның құрамындағы қарашірік, фосфор, калий, азот сынды элементтерімен қатар тұздылығы анықталады екен. – Химиялық құрамын анықтау барысында топырақтың қандай өзгеріске ұшырағандығы, өсімдіктің өсуіне химиялық құрамның қаншалықты әсері бар екендігі тексеріледі. Осылайша біздің тексерісіміздің нәтижесі бойынша зерттеген жеріміздің есебін дайындап, қолданысқа береміз. Негізінен, облысымызда сұр-қоңыр топырақ көп кездеседі. Айта кетерлігі, электронды карта дайындау ісі қолға алынып жатыр. Сол арқылы біз орталық аппаратқа зерттеу нәтижелерін жіберіп отырамыз. Өз кезегінде, ондағылар ортақ сайтқа салып, жер пайдаланушылар қажетінше мәлімет ала алады, – дейді жерді іздестіру, мониторингілеу және зертханалық зерттеу бөлімінің басшысы Дархан Дәулет.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Талас ауданы.