Кәсіп түбі – береке
Кәсіп түбі – береке
Өңірлік іскер әйелдер кеңесі мен «Банк ЦентрКредит» және «ForteBank» АҚ-лары арасында өзара әріптестік ынтымақтастық жөнінде келісім жасалды. Меморандумға қол қою рәсімі облыс орталығында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова мен жоғарыда аталған банктер жетекшілерінің қатысуымен өтті. – Мұндай жоба биыл «Халық банкі» АҚ желісі бойынша да жүзеге асырылды. Мұны біріге күш жұмылдыру арқылы өздерінің бизнес-идеяларын нақты іске асыру және танымал ету бойынша мақсаттары зор екенін дәлелдей алған еліміздегі нәзік жандылардың еңбегінің жемісі десе де болады. Соның нәтижесінде жылдық мөлшерлемеcі 5-7 пайызды құрайтын несиелік желі жұмыс істей бастады. Алғашқы миллиардтың мерзімінен бұрын игерілуі де қуантады. Оның ішінде 550 миллион теңге кәсіп ашудың бастапқы кезеңіне жұмсалды. Яғни қыз-келіншектеріміз үйде отырып-ақ өздерінің ермек ісін нақты ақшаға айналдырып, өзіне, отбасына, қоғамға, жалпы елімізге пайда әкеле алады», – деп атап өтті Ләззат Рамазанова. Ол, сондай-ақ бұл істің өңіріміздегі болашағы бар жаңа жобалардың бағы жануына септесетініне, оған жамбылдық іскер әйелдердің мүмкіндіктері де, әлеуеттері де мол екеніне сенім білдірді. Жиын барысында облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова өздерінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларына жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, кеңес мүшелерінің қатары да күннен-күнге толығу үстінде. Бүгінгі күні өңір тұрғындарының бестен бір бөлігі, яғни 21,6 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтуға қол жеткізіп отыр. Олардың жартысынан астамы – әйелдер. Биылғы жылдың 9 айында кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына 3643 адам қайырылған, олардың да 1030-ы немесе 28 пайызы нәзік жандылар болып отыр. Филиалдарға қайырылған әйелдер қауымының басым дені – 180-і ауыл шаруашылығы, 165-і көтерме және бөлшек сауда, алтауы өңдеу өнеркәсібі, 13-і басқа да қызмет көрсету салаларында жеке бизнестерін жүзеге асыруда. Талас ауданындағы «Мирзаева» ЖК-ның құрылыс материалдары мен құрылғылар сатып алу ісін табысты жобалардың бірі ретінде атап өткен жөн. Сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қолға алынған «Бастау» жобасы бойынша биыл өңірімізде 556 кәсіпкер әйелдің негізінен ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін 97-сі жалпы сомасы 363 миллион теңге көлемінде қаржыландырылып, өздерінің жеке кәсіптерін ашу мүмкіндігіне ие болған. Жиын соңында өңірлік кеңестің белсенді мүшелері жемісті қызметтері және әйелдер кәсіпкерлігі қозғалысына, сондай-ақ өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан айрықша елеулі үлестері үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының іскер әйелдер кеңесі тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.
«Aq jol-Аqparat».