Алашымның ардақтысы, айбатты ер, қош, бақұл бол, қайталанбас қайраткер!

178

Қазақ әдебиеті аса көрнекті жазушысы, публицист Шерхан Мұртазадан айырылды. Алаш арманын ту қылған, ар-намысы алдаспанның жүзінде ойнаған, елінің ертеңін ойлаған тұлғаның орны ойсырап-ақ қалды.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.
Қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің ұлы мектебін қалыптастырған, әдебиетіміздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден озды. Қайталанбас қайсар тұлғаның туған еліне, туған жұртына қаралы туды құшақтап көңіл айтамыз!

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.

Шерхан – шер

Жыла Қазақ,
Етегіңді толтырып,
Сөйлемейді енді қайта ол тұрып.
Тірісінде қадіріне жете алмай,
Өкінеміз алғаннан соң өлтіріп.

Жыла Қазақ,
Көздің жасын көлдетіп,
Өзегіңнің өкінішін шөлдетіп.
Дүниенің жалғандығын дәлелдеп,
Арамыздан бара жатыр, ол кетіп.

Жоқта Қазақ,
Жоқтауыңды тоқтатпа,
Көсеу ұстап, ошағыңда от жақпа.
Мына «Бір кем дүниені» тәрк етіп,
Шерхан кетті, түсіп бақи – соқпаққа.
Шерхан кетті,
Шерағаммен шер кетті,
Қайғысымен күңірентіп жер, көкті.
Ары менен абыройын қазық қып,
Қаламымен қалың жұртын тербетті.

Мінез кетті,
Мінез кетіп, мін қалды,
Айтылмаған ақиқат пен сын қалды.
Күңіреніп күрең күзгі күн қалды,
Жұлдыз сөніп, ай тұтылған түн қалды.

Бүгінгі күн,
«Қызыл жебе» сынған күн,
Өкініштің көз жасына тұнған күн.
«Ай мен Айша» басу айтып Қазаққа,
Шерхан ағам екінші рет – туған күн!

 

Жүзі суық болғанымен, жаны жібек еді…

Шіркін, дүние-ай десейші! Кеше ғана жайраңдап Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдай сөйлеп отырған Шерағамыз да дүниеден өтті…
Бауыржан ағамыз бен Тұмағаңнан кейінгі Мыңбұлақтан ұшқан қырандардың бірі еді. Ұшса – сұңқар, шапса – тұлпар ағамыз ең алдымен кісілік келбетіне кір жұқтырмаған парасат иесі болды. Шерағаңның ағалығы мен азаматтығының өзі неге тұрады? Шығармашылық иелерінің баяғыдан келе жатқан «Гогольдің шекпенінен шықтық» дейтін сөзі бар. Ал бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» дейді. Ол сөз – бір кездері «Лениншіл жасты» түбегейлі түрлендіріп, «Егемен Қазақстанға» жұртты елең еткізіп, халық оқитын газет жасаған Шерағаңның журналистика саласына салған сара соқпағының өтеуіндей сөз.
Жалпы, қолымызға билік тиіп, қызметте жүргенде елдің қамын ойлап ақ сөйлейтін, жарып сөйлеп жасырмай айтатын адамдарды іздеуші едік. Бір кездері «Социалистік Қазақстан» болған аға газеттің редакторлығы босаған кезде орталық партияның идеология жөніндегі бөлім меңгерушісі едім, Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамызбен ақылдасып Шерағаңды «Қазақ әдебиеті» газетінен бүгінгі «Егемен Қазақстанға» апарып едік. Келе салып ата газетті ажарландырып, «Егеменді» ел оқитын сүйікті газетке айналдырып жіберді.
Жарықтықтың жүзі былайғы жұртқа суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмашыл еді. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдымда.
Опасыз дүние деген осы болар?.. Кеше елдің қақ төрінде жайқалып жүрген Шерхан аға кейінгі кезде көп қиналды да ғой!.. Өмір ғой!.. Алдынан жарылқасын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Баспасөзіміздің батыр Бауыржаны еді

«Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деген ақын сөзін Шерағаңа да айтуға болады. Әрине, қазақ барда Шерхандар туар, бірақ олар Шерхан Мұртаза болмайды. Баспасөзіміздің бірнеше буынын тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Бұл кісінің ғажаптығы – өзінің айтқанын істеген адам. Қаламы тиген қағаздың, қолы тиген газеттің бәрі көркейіп шыға келетін. Тіпті телевидениенің өзіне барған кезде де қалай құлпыртып жіберді! Таланттың аты, дарынның заты қандай! Бұл – мінез. Білім өз алдына, Құдай тағала берген дарынды, білімді іске асыру үшін мінез қажет.
«Қазақтың Шолоховы, Чеховы» деп атау бір кезде сәнге айналған еді. Оны енді қойып, өз арамыздан тауып айту керек. Егер солай айтатын болсақ, Шерағаң баспасөзіміздің Бауыржаны болды.
«Егеменге» шақырып, жолымызды ашты. Солқылдамай турасын айтатын қасиетінің арқасында біз де батыл жазатын болдық. Біздің жазған материалдарымызға жоғарыдан дүмпу келіп жатса, ол кісі бізді қорғайтын. Бізге пана болды. Соны сезініп, одан әрі батыл, өткір жазуға талпындық.
«Егемен Қазақстанға» келгенде газетті ерекше өзгертті. Бет жасалып алдына келгенде, еркінше бұзып, сүйекті материалдар салғызатын. Соның арқасында басылым өрледі, түрленді, бүгінгі биігіне жетті.
Енді Шерағаңдай тұлға қазақ руханиятына әне-міне кеп қалардай елеңдейтін боламыз!
Бақұл бол, аяулы аға, ардақты ұстаз!

Қали СӘРСЕНБАЙ.

Арда туған азаматымыздан айырылдық

Тағы да бір ғұламамыздан, еліміздің жұлдызды жазушысы Шерхан ағамыздан айырылдық. Өмір деген осы, ақырын жылжып өтіп жатыр.
Халқына ерекше әділдігімен, айрықша ұстамдылығымен, білгірлігімен танылды. Қандай қызметте болсын, талапшылдығымен, озық ойлы іскерлігімен ұжымын алға сүйреді. Жазушы-журналист ретінде ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де еліміздің дамуына зор үлес қосты.
Алла алдынан жарылқасын, елі, жұрты аман болсын деп тілеймін.

Аягүл МИРАЗОВА.

Барша қазақтың шерағасы

Жиырма жылдан астам уақыт аға-іні, дос-жаран, сырлас болған Шерхан ағам да дүниеден озды. Қазақстанның төрт құбыласынан елеулі ақын-жазушылар телефон арқылы түні бойы көңіл айтты. «Қазақтың Шерханы еді ғой» десті шетінен. Қазақтың Шерханы! Қазақтың тарихында осылай қалады ол. Арыстан туған ағамыздың жан тебіренісін тудыратын әңгімесі – Ел мен жер, қазақтың қадір-қасиеті, ар-намысы, болашағы жайлы еді. Не айтылса, соған келісе кетпейтін кесек-кесек мінезімен аттандап тұратын айбынды ақиқаты адам атаулының азап-шерін қазып жіберетін. Ол – енді қайта тууы екі талай Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлымен қандас қана емес, солардың халқы дегенде қара аспанды қайта-қайта төңкеріп жіберетіндей қаһармандықтарының мұрагері болды.
Әр дәуірде сананың саңлақтары, ерліктің ерен тұлғалары кезегімен келіп жатқан киелі Әулиеата тағы бір дара туған даңқты перзентінен айырылды. Қабырға қайысты. Қазақ қан жылады. Қолдан келер қайран жоқ. Жарықтықтың алды жарық болсын!

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

Қазақ әдебиетінің шын мәніндегі алып бәйтерегі

Шерхан 80 жасқа толған кезінде, одан кейін елге бірнеше рет келді. Ауылда жиі болды. Сондай басқосулардың бірінде мен оған «Шераға» деп әңгіме бастай бергенмін. Ол мені кілт тоқтатып: «Бәке, көзі тірі сіз секілді сақа журналистер аз. Сондықтан сіз мені Шерхан деп атай беріңіз. Сіз 50-60 адам еңбек ететін ұжымды 20 жылдан астам уақыт басқарып, ешқайсысына дауыс көтермепсіз. Ар-ожданына тиетін сөз айтпапсыз. Осы әрекеттеріңіздің өзі бір шығармаға арқау бола алады» деген еді. Шерхан менің осындай ардақты інім болатын.
Шерханның қаламгерлігі баршамызға аян. Қазақ әдебиетінің шын мәніндегі алып бәйтерегі ғой. Оның қаламынан туған шығармаларды оқымаған, қанаттанбаған қазақ жоқ. Шерханның шығармашылығы ешқашан өлмейді. Өйткені ол – мәңгілікке жол салған адам. Қазақ руханиятының абызы десе, Шерхан еске түседі. Қазақ журналистикасының дарабозы десе, тағы да Шерхан ойға оралады. Алаштың ең мықты, ең ардақты редакторы да Шерхан еді. Оның қазақ баспасөзін басқарған кездеріндегі жетістіктері, қайраткерлігі, азаматтығы өзінше бір бөлек әңгіме. Әңгіме болғанда да таусылмайтын әңгіме. Шерханның Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек секілді сайдың тасындай іріктелген азаматтарды іздеп тапқаны, жолын ашқаны – үлкен мықтылық. Ол қай жұмысты істесе де жаңалық алып келетін. Жер-жерден тапқан кадрларының өзі бір-бір бәйтерекке айналды емес пе?
Қазақ руханияты, қазақ журналистикасы аса үлкен қазаға тап болып отыр. Қазақ дейтін ұлттың әдебиетінде өзіне тән айрықша орны бар абыз мәңгілік мекеніне аттанды. Журналистиканың генералынан қапияда көз жазып қалдық. Шерхан салған соны соқпақ, жаңа жолды қалай ұмытамыз? Ұмыту мүмкін емес қой. Бүгін менің қабырғам қайысты. Күллі қазақтың жүрегінен ойып тұрып орын алған әдебиет алыбының орны ойсырап тұр. Қайғылы хабар кім-кімге болсын оңай тимегені анық. Шерханның шарапатын көрген азаматтар жетеді.
Шерханның орны толмайтыны белгілі. Бірақ пәни жалғанда барша адамзаттың дәм-тұзы таусылады. Сол сәт Шерханымызға да келіп жетіпті. Өкінішті, әрине. Мен күллі қазақ жұртына қайғырып көңіл айтамын. Неге десеңіз, Шерхан бір әулеттің ғана емес, барша қазақтың мақтанышы еді. Шын мәніндегі мемлекет және қоғам қайраткері атанған дарабоз саналатын. Енді арамызда ұлт әдебиетінің ұстыны жоқ. Бақұл бол, арда туған арыстаным! Бақұл бол, қазақ әдебиеті мен журналистикасының қара нары! Сен біздің жүрегімізден өшпейсің! Алаш барда, Шерхан бар. Алла қамқорлығына алып, жаныңды пейіш нұрымен нұрландырсын, ардақтым!

Баттал ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, облыстың Құрметті азаматы.

 

Жүрегінің түгі, табанының бүрі бар еді, Шерағамның

Шерағам өмірден озды деген хабарды естіп, алқымыма өксік тығылып, көзіме жас толып отырмын. Бірақ бір орнында байыз таппайтын ой шіркін алып қаша береді. Алып қашып сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Сарысу ауданына алғаш жолсерік болғанымды есіме түсіреді. Сонда ұнадым ба деймін, әйтеуір осы сапардан кейін Жамбыл облысына келген сайын Шерағаң мені қасына атқосшы етіп ертіп алатын болды. Бұл сапарлар бірте-бірте ағалық-інілік қарым-қатынасқа ұласты. «Ағаның алды ақ жайлау» деген рас екен. Шерағаң келсе, өзімді әжептәуір кісі сезініп қалатынмын. Өйткені кімнің үйінде, қандай лауазымды адамдармен отырса да, мені есік жақта қалдырмай, өзінің қасына отырғызатын. Мен туралы жақсы пікір айтып, бағамды да өсіріп қоятын.
Сол аға бақилық болды. Енді мені кім еркелетер деп өксимін. Өксимін де, жоқ, алдымдағы асқар тауым құлаған жоқ, қайта одан арман айбарлана түсті. Шерағаңның жаны енді өзі жар құлағы жастыққа тимей, жаршысы болған Алаш арыстарының рухына барып қосылды, үйірін тапты деп шамырқанамын. Ол сол аталары сияқты жүрегінің түгі, табанының бүрі бар қаламгер-қайраткер болды. Өзім тікелей қызметтес болған телерадио саласындағы істерінен соның бірер мысалын келтірейін. Ол кісі бұл салаға басшы болып келісімен 56 пәтерлік бір үйді түгелдей алып берді қызметкерлеріне. Мұндай оқиға теле-радио тарихында бұрын-соңды болып көрген емес. Техникалық радио-теле орталығын телевидение мен радионың өзіне бағындырды. Бұл мәселені бұрынғы басшылардың ешқайсысы шеше алмаған еді. Ол кісі бір сағаттық жиналыста шешіп тастады. Республиканың солтүстік облыстарындағы телерадио компанияларының бірсыпыра орыс тілді басшыларын жергілікті қазақ тілді басшылармен алмастырды. Осылай ету қажеттігіне сол облыстардың басшыларын табандылықпен көндірді. Ал бұл кезде «Шерхан Мұртаза – ұлтшыл» деп ұран көтеріп шеруге шыққандардың қоқаң-лоққысынан қаймықпады. Қайсыбірін айта берейін. Уақыт келер, айтылар.
Бақұл бол, Шераға, ағатайым!

Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы-драматург, облыстың Құрметті азаматы.

Ол кісіні ұстаз тұтқандар өте көп

…Қайран Шераға! Әй, дүние-ай! Бар қазақтың ар-намысы болып жаратылған ұлы адам дүниеден өтті. Ұлылардың көші кетіп барады. Шерағаң қандай екенін, оның бағасын туған халқы беріп қойған. Халқына адал қызмет етудің ұлы үлгісін көрсеткен Шерағаң бәрімізге де қымбат адам.
Мен Шерағаңа қаршадай кезімнен жақын болдым. Мәриям әпке екеуінің құшағында өстім. Жалғыз мен бе? Ол кісіні ұстаз тұтқан адамдар еліміздің түкпір-түкпірінде өте көп. Тұтас журналистер шаңырағының ұстазы болған. Жазушылардың қалың шоғырының жұлдызындай болған Шерағаң ұлы тұлға боп қалыптасты. «Қазақтың арғы-бергі тарихында Шерағаңдай мықты редактор кемде-кем. Шерағаңдай қаламгер, мемлекет қайраткері болған емес», деген сөзді оның әріптестері мен замандастары әрдайым мақтанышпен айтады. Тағы да айтамыз, халықтың сөзін айтқан адам халықтың Шерағасы болып өтті.
Жақын ағадан, ұлы ұстаздан айырылу қандай қиын. Мен өмір бойы құрметтеп, сыйлап өткен Шерағаң 80 жасқа толған кезде талай әңгіменің тиегі ағытылды. Шерағаңның жан дүниесін, ел білмейтін талай әңгімені мүмкін мен білетін шығармын. Бірде Шерағаңнан: «Сіз айтпаған ой бар ма?» деп сұрағанымда, ол кісі: «Талай дүние өзіңмен бірге кетеді. Айтатынымды хал-қадірім жеткенінше айттым. Айтылмаған дүние менімен бірге кетеді. Әр адам жұмбақ. Ол жұмбақты мен шешпеймін», дегені есімде. Сондықтан да Шерағаң жұмбақ әрі ашық, белгілі адам. Сол себепті Шерағаң шындықтың жебесі боп бәріміздің жүрегімізде жаңғырып тұрады. Қош бол, асыл аға!..

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
облыстық кәсіподақтар
бірлестігінің төрағасы.

Шыңға біткен шынар

Қабырғасын қайыстырып ұлтымның,
Сансыз жүрек алмағандай бір тыным.
Шынымен-ақ озғаны ма өмірден,
Қара нары қаламгері жұртымның.

Шыңға біткен шынар едің Шераға,
Тарихымды түгендедің, ер-аға.
Билік пенен бұқараны бағалап,
Бола білдің басылымға төраға.

Ақиқатты қадап айттың жасқанбай,
Қызыл отты табаныңмен басқандай.
Шындық үшін шырылдадың мінберден,
Жүре білдің мансабыңмен мастанбай.
Ауыр қайғы қақ жарғандай аспанды,
Жанарлардан ыстық мөлдір жас тамды.
Қарапайым жан едің ғой қашанда,
Көрсетпедің кеуде керіп асқанды.

Жазылса да естелікпен әніміз,
Бола қоймас бұрынғыдай сәніміз.
Күндер өтер, айлар өтер, жыл өтер,
Сағынамыз Шерағаны әлі біз!

Ахметжан ҚОСАҚОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы.

КӨКЕМ КӨККЕ КӨТЕРІЛДІ…

Шераға айтқан Жұлдызы биік Жуалы соңғы күндері түнеріп, әлсін-әлсін аспан көзі тамшылап тұрды. Ұлы жазушының жанындай жақсы көретін туған жері бір қайғылы хабардың тарайтынын сезгендей түнерген қабағын ашпады. Шерағам айтатын Тәңіртаудың ақ басын қою сұр бұлт торлап, «қыздың қос бұрымына» теңеген Ақсай мен Көксай лай суға толды. Шақпақтың желі күшейді. Сол Шақпақтың желі Көкемді көк аспанға көтеріп әкеткендей. Шерағаның Шақпақ желіне айтқан назы ойыма оралды: «Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау… Арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді…». Қанша дүлей жел болсада тазарта алмай келеді. Енді жамандықтан тазартар Көкемнің аузынан шыққан қанатты сөздері, кітаптарындағы кісілік қағидаттары қазақ халқының ұзақ уақыт рухын көтеріп, Тәуелсіздігіміздің баянды болуына бастайтыны анық!
Халқынан үнемі аласа, көпшілігімізден биік Көкем Алланың қалауымен Көк Тәңіріне көтерілді. Енді топырағы торқа болғыр, қайран Көкем мына өмірдің жақсысы мен жаманын Көк Тәңірінің мамығынан үнсіз шолады.
Болмысы бөлек, ақылы зерек, сөзі сауытты бұзар жебенің сайгезіндей, қазақтың ай мүйізді асыл азаматымен 1999 жылдың Парламент сайлауында сенімді өкілі ретінде жанында жүріп, екі ай бірге өткізген күн-түнімді өмірімнің ең бақытты күндеріне балаймын. Ұнатпайтын адамын жамандамайтын Кісілікті Кісіні өмірімде тұңғыш рет сол кезде көрдім. Есесіне қимасы болса да ақиқатына келгенде мұндайда жалындап тұратын отты сөзімен бетінен қайтарып тастайтын қайсар, қайтпас мінезін білдім. Халқының бақыты үшін мансабын да, атақ-даңқын да айырбастай салатын Атпал Азаматты таныдым.
Шерхан Көкемнің шекпенін, алмас қылыштай уытты да, отты сөзін, кеудесін ешкімге бастырмайтын өр мінезін, жібектей майда жымиысын, әдемі қалжыңдарын, елжіреп тұратын жүрегі мен Елі үшін жанын пида етуге дайын тұлғасын сарғая сағынамыз. Сағынышымыз Қазақстан Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дертке шалдыққан күнінен сарғая бастағанын да жасыра алмаймыз. Қайтеміз енді, көкке көтерілген Көкемнің алдынан Алланың нұры шалқысын!

Мақұлбек Рысдәулет, ардагер журналист.

Ағалы-інідей елу жыл сыйластық

Қайталанбас қаламгерлердің бірі – Шерхан Мұртазаның жалған дүниеден мәңгілікке қош айтысқанын естігенде есеңгіреп, қатты қиналғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Өйткені мына жарық фәниде ағалы-інілі болып, сыйласып жүргенімізге 50 жыл толған екен. Жарты ғасыр аса талантты ағаның тәрбиесін көріп, үлгі-өнегесін алғаныма өзімді бақыттымын деп есептеймін. Әсіресе ол кісі республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор боп қызмет атқарғанда, он жылдай қарамағында бірге еңбек еткенім есімнен кеткен емес. Редакция қызметкерлеріне өткізген әр жиналысы біздер үшін үлкен мектеп болатын. «Не жазсаңдар да, шындықты жазыңдар», деп журналистерді қайрап, қанаттандырып отыратын.
Шераға басшылық еткен қай газет-журнал болмасын оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, жылдан-жылға тиражы көбейе түсетін. Мәселен, ол кісі бас редактор болып келген 1980 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің таралымы 20 мың дана болса, үш жылдан кейін 100 мың таралымға жеткен еді. Бұл – Шерағаның тынымсыз еңбегінің жемісінің бір сәті ғана.
Сондай-ақ Шерхан ағадай ұлы бейнені алғаш көргендер: «Тым қатал кісі ғой!», деген қорытындыға келетін. Бірақ олай емес екенін бірге қызметтес болған әріптестері өте жақсы біледі.
Кездесулер мен кештерде, той-думандарда Шерағаңнан асқан мейірімді, кішіпейіл, қарапайым, елгезек адам жоқ болатын. Оған талай мәрте көзіміз жеткен.
Ал Ш.Мұртаза ағамыздың мемлекеттік деңгейдегі қайраткерлігі, азаматтығы өз алдына бір төбе. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деп Абай айтқандай, Шерағаның екінші өмірі енді басталатындай.
Қош, аяулы аға! Сіз біздің жүрегіміздесіз. Жаныңыз жәннатта, топырағыңыз торқа болсын!

Қайырбек АСАНОВ,
ақын, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері.

Сұңқардай саңқылдаған даусын сағынармыз…

«Дүние – жалған» деп бекер айтылмаған-ау, сірә. «Шерағаң дүние салыпты» деген суық хабар жеткенде көбіміздің есеңгіреп қалғанымыз жасырын емес. Кеудемізді мұң торлап, жанарымыз ылғалданып, бүкіл халықтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртаза өзімен бірге тұтас бір әлемді ала кеткендей сезіндік. Ол өмір бойы халқы үшін барынша аянбай тер төгіп, әділдіктің, мемлекетшілдіктің ұраны, қоғамымыздың белсенді қайраткері болды. Ол журналистикада болсын, мемлекеттік қызметте болсын, Парламент депутаты болсын, әрдайым ел-жұрттың жоғын жоқтап, батыл кесіп айтып, қоғам үшін ерлікке тең іс-әрекеттер тындырды, халық мүддесінің күрескері болды. Қазақ ұлты үшін, халқы үшін, тіпті жанын пида етуге де даяр еді-ау. Оның баспалардан шығып жатқан әр дүниесін көпшілік іздеп оқитын. Радио мен теледидардан берілген жалынды сөздерін жұрт бірінен-бірі қағып алып, аңызға айналдырып, ерлікке теңестіріп жататын. Қолына қалам алып мақала жазса, ішіне жиналған жұрттың шерін, елдің мұңын төгіп-төгіп жіберетін. Мінберге шықса, бүкіл қазағының игілігін ойлап, көрген-білгендерін қысқа да нұсқа тұжырымдап, озық та терең ойын батыл айтатыны көпшілікті сүйсіндірді, елдің сүйікті қайраткер-тұлғасына айналды. Оның әрбір сөзі қайрақ болып жаныды, қамшы болып тиді.
Өткен 2017 жылдың жазында Шераға қызы Алма екеуі туған жері Жуалыдағы Мыңбұлаққа келіп 5-6 күн демалды. Ағайын-туыстары Шерағаны машинаға отырғызып алып, өзінің балалық шағы өткен аймақты, ақбас Алатаудың Ақсай мен Көксай бойын аралатып, таудың саф ауасымен тыныстатып, мөлдір, таза тау бұлағынан су ішкізіп, саумал-қымызбен сусындатты. Сол күндердің бірінде тараздық жазушылар Несіпбек Дәутайұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы, журналистер Мейрамбек Төлепберген, Ғалым Қасабай, бәріміз Шерағаңа сәлем беруге арнайы бардық. Денсаулығының әжептәуір сыр бере бастағанын сонда ұқтық. Кеше дүйім халықтың алдында өткір сөз айтып, қайсарлықпен танылған жампоз Шәкең бүгін қарапайым жанға айналып, алдымызда бейжай күйде отыр. Шәкеңнің мазасын тым ала бермейік деген оймен, ұзақ тосылмай кері қайттық. Жол бойы асыл ағамыздың бойындағы ерекше адами қасиеттерін, жазушылық шеберлігін, атқарған қоғамдық ірі қызметтерін, қайталанбас қайраткерлігі мен батыл да өткір мінездерін сөз еттік. Жасы келіп, денсаулығы төмендеп, қалжыраған ақтаңгер азаматты осындай күйде көру кімге болса да ауыр еді, жүрекке салмақ салды. Ішімізге түйін болып түйілген сол сәттегі ойы әркімнің өзімен бірге кетті. Енді ойласақ, бұл қазақтың нар тұлғасы, дүниеден дүркіреп өткен Шерхан ағамыздың кіндік қаны тамған туған өңірі Жуалыға соңғы келуі екен. Әттең, дүние!.. Өтті де кетті… Шерағамның сұңқардай саңқылдаған даусын әлі талай сағынармыз.
Шерхан ағамызды жоқтап жатқан дүйім елге, үлкенге де, кішіге де басу айтамыз. Ел-жұрты, ағайындары аман болсын.
Тұтас болмысы қазаққа қызмет еткен аяулы Шерағаңның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алдың пейіш болсын, қазақ үшін өрге жүзген, асыл аға!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры.

«ОЛ КЕЗДЕ МЕН АСПАНҒА ҰШЫП КЕТЕРМІН…» ДЕП ЕДІ

Қазақ әдебиеті патриархының сексен жылдық тойындағы көңiл босатып, көзге жас үйiрген сәт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. «Баласағұн» сарайында өткен ғылыми-практикалық конференциядағы соңғы сөз Шерағаңның өзiне берiлдi.
Шерағаң толқи сөйледi. Мен шамам келгенше Патриархтың аузынан қандай сөз шықса, дәл сол қалпында жазып алуға тырыстым. Әрине, үлгере алмай, қалып кеткендерi де көп. Бiрақ Патриарх айтқан сөздiң өзегi мынау болды.
– Ұзақ уақыт неше түрлi мақтау сөздер айтылды. Соның бәрiн құлағыма құйып алып жатырмын. Осы сөздiң бәрi рас болса, рахмет. Әрине, елiмнiң бақытты адамымын. Жақсылықты алдан күтемiн.
Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға ұшып кетермiн. Түсiме ылғи Шолпан жұлдыз кiредi…
Сол кезде болашаққа үмiттенiп қана қоймай, бақилық дүниенiң де бар екенiн мойындап, ол жақты да ойлай бастаған Патриархтың жүзiне көзiм түскен менiң көңiлiм босап кеттi.
Шерағаң туралы айту өте қиын. Әсіресе өз-өзіне талапшыл әдебиетшілерге. Әр жер әр жерден оқығандары мен естігендерін «Шерағаң өйтіпті», «Шерағаң бүйтіпті» дей беруге болатын шығар. Ал Шерағадай жүрегі шерге толған қаламгердің бұрын айтпаған сөздерін оқырманға жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Бақұл бол, Шераға! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.

Биік тастұғырда әлемге көз тастап тұратынына бек сенімдімін

Қалың қазақ жұртының арқа сүйер ардагері, атпал азамат, қайсар тұлға Шерағаңның қазасы – ауыр қаза. Шерағаң қай орынға бармасын, ең бірінші кезекте ұлт мүддесін, туған халқының талайлы тағдырының шын жанашыры бола білді. Ол «Егемен Қазақстан» газетін басқарған, ҚР Мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болып істеген жылдары да ұлт рухының оянуы үшін, халқымыздың өз топырағында өгейлікпен күн кешпеуі үшін, қазақ өнерінің, мәдениетінің гүлденуі үшін бар жанын салды.
Парламент Мәжілісінің депутаты болған кездің өзінде қазақ тілінің тағдыры үшін талай рет ашық айқасқа түсіп, тер төккені қалың жұрттың есінде.
Әкесі Мұртазаның халық жауы болып нақақтан ұсталып, атылып кеткені Шерағаңның жүрегінде мәңгілік қайғы болып қалды. Қырғыздың ұлы перзенті Шыңғыс Айтматовтың жазықсыз жала құрбаны болған әкесі Төреқұлдың сүйегі табылғанда, Шерағаң күңірене күрсініп: «Қайран әкем, Мұртазаның әлдеқалай сүйегі табылса, ол да көңілге аз-кем болса да медеу болар еді-ау», деп тебірене еске алғаны санаға ұялапты. Өз ұлтының шынайы жоқшысы бола білген Шераға ұлтымыздың ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың шынайы, көркем бейнесін шеберлікпен бедерлеп, халқына мұра етіп қалдырды.
Шерағаңның сонау 1963-1970 жылдары қазақ жастарының сүйікті газеті «Лениншіл жасты» басқарған кезде ол, шын мәнінде, көптеген талантты жастарды тәрбиелеп, олардың шығармашылық жолдарының даңғыл, жарқын болуына ықпал етті. Сонау Алтай аймағынан Оралхан Бөкейді, Атырау алабынан Фариза Оңғарсынованы, Сарыарқаның сайын даласынан Ақселеу Сейдімбекті, Қаратау өңірінен Кәрібай Ахметбеков сынды азаматтарды бауырына тартып, олардың қанаттануына, бойларындағы таланттарының кең өріс ашуына орасан зор үлес қосты.
Осы азаматтардың барлығы да өздерін «Шерхан ағаның шапанынан шыққандармыз», деп шынайы мақтан ететініне біздер куәміз. Оның бір шапағатын осы жолдарды жазып отырған автор да көрген. Сол жылдары «Лениншіл жас» газетінде Шерағаң мен Оралхан Бөкей екеуінің ынта қоюымен «Аққу» эстетикалық клубы жұмыс істейтін. Оның мақсаты қазақ жастарын әлемдік өнер алыптарының туындыларымен кеңінен таныстыру, сұлулық әлеміне бойлату еді. Осы клубтың белсенді авторы болған мен ұлы суретшілер, мүсіншілер Леонардо да Винчи, Рафаэль, Сикейрос, Сарьян, Коненков, Левитан т.б. туралы эсселер жазып, газетке жарияладым. Университеттің соңғы курсында диплом жұмысын қорғауға дайындалып жүрген кезім болатын. Сол кезде Шерағаң мен студент болсам да Ташкент қаласына арнайы іс-сапармен жіберді. Қайда жүрсе де, қазақтың жоғын жоқтап, намысын ту етіп көтеретін Шерағаң сонау Өзбекстанда ғұмыр кешіп жүрген КСРО Халық суретшісі, КСРО және Өзбек КСР-ның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, қазақ перзенті Орал Таңсықбаев туралы мақала жазып келуді тапсырды. Шығыс халықтарының арасынан тұңғыш шыққан академик суретшінің үйінде бес күндей болып, қылқалам шеберінің шығармашылық сырына мейлінше қанықтым. Елге келген соң «Лениншіл жас» газетінің бетінде аса көлемді «Тау мен дала жыршысы» атты толғанысқа толы эссем жарық көрді. Сонда Шерағаңның шынайы ризашылығының шапағатын ерекше сезіндім. Өзі елде жүрсе де, сырт топырақта жүрген қазақ перзенттерінің, зиялыларының тағдырларына бейжай қарамайтын қасиеті кімді де болса сүйсіндіруші еді. Оның «Бір кем дүние…» атты шағын кітабын оқығанда даңғайыр жазушының жүрек қойнауынан шымырлап шыққан, сезіміңді сілкіп өтетін қысқа қайырым өткір ойлары, тебіреністері, толғаныстары оның азаматтық тұлғасының қаншалықты биік екендігін ерекше сезіндіреді.
Соғыс өртінің тылдағы қиыншылығын, қыспағын көп көрген, тағдыр тақсыретін мол тартқан Шерағаңның «Ай мен Айша» романын, «Соғыстың соңғы жесірі» атты кітабындағы әңгімелерін оқысаңыз, ащы шындықтың қаны сорғалап тұратындығы көз алдыңнан кетпейді.
Үлкен тұлғаның тәнін тойымсыз қара жер қанша жасырса да, оның рухани, әдеби-көркем туындылары туған халқының ту етіп ұстар мұрасы болып ұзақ ғұмыр сүретіні ақиқат. Аспантау баурайында кіндік қаны тамған топырақта уақыт өте келе биік тастұғырда Шерхан ағаның асқақ бейнесі кең әлемге тебірене көз салып тұратынына бек сенемін.

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Қаламгер мұраларын насихаттай береміз

Ғибратты ғұмыр кешіп, толағай туындыларды өмірге әкелген, қарабайыр халықтың мұңы мен мұқтажына жауап бере білген, қасқайып тұрып шындықты айтып, «қазақ орманының жолбарысы» атанған Шерхан Мұртаза, абзал аға, абыз аға, дара һәм дана аға өмірден озды.
Адам өзінің туған, жаратылған топырағына тартып туады, содан нәр алып өседі. Шерхан Мұртаза дүниеге келген Жуалы өңірі Мыңбұлақ мекені ұлтының мақтанышына айналған көптеген жайсаң азаматтарды дүниеге әкелген. Арғы замандардағы перзенттерін айтпағанда, кешегі өткен Бауыржан Момышұлының өзі бір төбе. Киелі жердің ұрпағы саналған Шерхан Мұртаза бірқатар еңбектерін ұсынған соң халқының сеніміне ие болып, жоқтаушысына, үмітіне, айбарына айналған ірі тұлға еді.
Шерхан Мұртаза – ұлы өзгерістер жасаған дәуірдің ұрпағы. Кең-байтақ Қазақстан жұртшылығының көрнекті жазушысы, публицистика шебері, драматург, қоғам қайраткері. Оның сомдаған бейнелері талай ұрпақтың жүрегінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Әсіресе Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмірі мен қызметі туралы жазған іргелі еңбектері өз халқының жарқын болашағы жолында ғазиз жанын пида еткен есіл ерлерімізге арналған лайықты ескерткіші болды. Қазақ театрының сахнасында да Тұрар Рысқұлов, Ғабит Мүсірепов сынды тұлғалардың ерлік істері мен азаматтығын ашып көрсете білді.
Шерағаның өмірі қазақ баспасөзінің өркендеп, дамуымен де тығыз байланысты. Мерзімді басылымдарда жұмыс істеп жүрген жылдар ішінде көптеген қазіргі кездегі танымал тұлғаларды шығармашылыққа баулып, «Шерханның шекпені» деген тіркес қалыптастырды.
Жазушы шығармашылығын зерттеу, насихаттау мақсатында 2009 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанынан «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықтың басты міндеттерінің бірі – жазушы шығармашылығын барынша насихаттау, студент-жастардың, магистранттардың оқуы мен зерттеуіне, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан танып-бағалауына ықпал жасау.
«Өзіңнің көзіңнің тірісінде жинастырып, басын біріктіріп қоймасаң, кейін кім оны мұрағаттан іздеп жүрер дейсің. Не десе де еңбек қой. Кейінгілер «Осындай да заман өткен екен ғой» деп кітаптың бетін парақтаса болғаны», деген екен Ш.Мұртаза «Ақындар мен әкімдер» атты кітабының алғы сөзінде.
«Мұрағаттан кім іздеп жүрер дейсің?» деген Ш.Мұртазаның дүниелерін «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері үлкен ыждаһаттылықпен тиянақтап, саралап, жинақтап, жарыққа шығарып жатқандығын, әлі де том-том дүниелердің шығуы алдағы күннің еншісінде екендігін атап өткіміз келеді. Бұл – біздің перзенттік әрі азаматтық борышымыз.
Ш.Мұртазаның жүріп өткен өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа үлкен үлгі, дара жол болып қала бермек. Еліне адал еңбек етіп, ұлтының қам-қарекетін ойлап өмірден өткен Шерағаның ғибратты ғұмырын біздер әрқашан құрмет тұтамыз.

Ерболат САУРЫҚОВ,
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі.

Comments are closed.