- Advertisement -

Шерхан жолы

217

- Advertisement -

Әрине, Шерағаң туралы көп жазылды. Көп айтылды. Олар кітап болып бірінен кейін бірі жарық көріп те жатыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса беретініне күмән жоқ. Ұлт қайраткері, қабырғалы қаламгер жетпіс жасқа толғанда біз де Шерағаңмен іргеміздегі Жуалы топырағында жүздескен едік. Ауылдың кешкі самалына жонымызды тосып, ұзақ отырып әңгімелескеніміз бар. Ақиқаттың ақтаңгері сонда бір ақтарылып сөйлеп еді-ау! Туған жерінде отырғандықтан ба, алыстан сыр тартып, әртүрлі тақырыпта тартынбай тіл қатты. Ағаның сұхбатынан азаматтық биігі, шығармашылық келбеті айқын аңғарылады. Сондықтан да сол кездегі әңгімемізді оқырман назарына қайтадан ұсынғанды жөн көрдік.
Иә, одан бері арада қаншама жылдар өтті… Шерағадан бүгінде көз жазып қалып отырмыз. Десек те ұлт перзентінің екінші өмірі басталғанын ұғуымыз керек. Екінші өмірдің ғасырларға созылатынына, мәңгілікке жалғасатынына сенім мол.

– Шераға, әдебиетке қалай және қашан келдіңіз? Ең алғаш жазғаныңыз өлең болды ма, әлде әңгіме болды ма? Мүмкін шағын мақала шығар…
– Бұл ойланатын нәрсе. Өйткені, қыздардың альбомдарына, анау-мынауға өлең жазатын жастық шақ та бастан өтті. Ал негізінен, студент күнімде бір жағы күнкөрістің қамы, бір жағы әдебиеттің әлеміне енудің қамы, аудармадан бастадым мен. Мәскеуде оқып жүргенде арттан келетін көмек жоқ, жалғызбасты анамыз Айша колхозда істейді. Колхоз ешнәрсе бермейді. Мыналар (інісі Батырханның үй жағына қарап қойды – К.С.) жас. Елден көмек жоқ. Жалғыз өзіммін. Сөйтіп жүріп «Москва сортировочный» дейтінге барып вагоннан жүк те түсірдік. Көмірден бастап, Алматының апортына дейін. Тынық мұхиттың «селедка» деген балығына дейін. Сонымен төртінші курсқа барған кезде Мұстай Кәрім деген башқұрттың классигінің «Біздің үйдің қуанышы» деген бір шағын повесін аудардым.
Аударғанда оның алдындағы әңгімесі көп. Шаяхметов дейтін біздің ЦК-ның бірінші хатшысы бір сессияға келіп жатыр екен. «Неде болса тәуекел, көмек сұрайын, маған баспадан бір жәрдем берсін» деген оймен барып жолықтым. Әрине, қарауылда­ры бар екен, солардан рұқсат алдым. Шаяхметов менің арызымды алып қалды. Арызда «Студентпін. Жәрдем беретін ешкім жоқ. Болашақта әдебиетпен айналысқым келеді. Сондықтан баспадан бір аударма кітап алып берсеңіз, сонымен шұғылданар едім» деп жаздым. Алып кеткен. Шамалы уақыттан кейін хат келді. О кезде «Жазушы» баспасын «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы» деп атайтын. Хат содан келіпті. Өмірімде бірінші рет фирмасының аты бар, тасқа басылған хат алдым. «Осындай да осындай, Мұстай Кәрім деген башқұрттың жазушысы бар. Біздің жоспарымызда соның осындай дүниесі тұр. Алдымен соның бір тарауын аударып, беріп жібер. Жараса шарт жасасамыз, жарамаса өкпелемейсің» депті. Олардыкі де дұрыс қой енді. Содан Ленин кітапханасына бардым. Дүниежүзінің кітаптары иін тіресіп тұр. Әлгі кітаптың алдымен орысшасын тауып алдым. Сосын башқұртшасын таптым. Екеуін салыстырып отырып, бір тарауын зырылдатып аударып жібердім. Алматыдан іле-шала хат келді. «Аяғына дейін аударып, қолжазбаңызды жіберіңіз» депті. Келесі жылы сол баспаға практикаға келдім. Қолжазбамды ала келгем. Баспа аударманы қолма-қол қарап, өндіріске жіберді. Сөйтіп, практикам біткен кезде Мәскеуге кәдімгідей көп ақша алып қайттым.
Содан кейін дәндеп алдым. Баспа Лагин дейтін бір жазушының (Лазарь Иосифович Лагин – К.С.) «Старик Хоттабыч» деген кітабын тағы берді. Оны да аударып бердім. Демек, менің әдебиеттегі тырнақалды дүниелерімнің бір парасы аудармадан басталғаны ғой. «Қазақстан пионері» дейтін газетке бір майда-шүйде әңгімелерім шығып жүрді. «Әңгелек», «Пистолет» дей ме, аттарын да ұмытып қалдым.
– Қыздардың альбомдарында жастық шақтың қолтаңбасы боп қалған өлең­де­ріңізді «өкпелетіп», тастап кеткен жоқсыз ба?
– Газет-журналдарға ара-тұра жа­риялап жүрдім. Кейіннен «Бо­лашаққа жол» деп аталатын жас ақындардың жинағында бір топ өлеңдерім енді. Зейнолла Серікқалиев деген осы күнгі үл­кен сыншы (жаны жән­натта болсын, марқұм З.Серік­қалиев ағамыз ол кезде көзі тірі болатын – К.С.) бар ғой, сол менің өлең­дерімді сілейтіп тұрып сынап тастады. Содан «қой, болмайды екен» деп, өлең жазуды қойып кеттім. Содан кейін, қарасөз, жур­на­листикаға кет­тім. «Лениншіл жастың» дәурені бас­талды. Қарағандыда тілші болдық.
– Жуалының базарына барып май сатқан қазақтың «қара қазан, сары баласы» жайлы оқыдық. Дегенмен, сол әңгімені өз аузыңыздан естігеннің әсері басқа сияқты.
– Мынау жерде базар бар. «Бур­ный­дың базары» дейміз. Қазір «Бауыржан Момышұлы» деп аталады. Мы­нандай май сатамыз (Шерағаң дастарқандағы кішкентай табаққа салынған сары майды көрсетті – К.С.). Майдың бір пиаласын бір қадақ дейді. Айша маған екі-үш қадақ майды беріп, соған сабын алып кел деді. Содан майды кір сабынға айырбастап, алып келдім. Дереу су жылытып, кірімізді шылапшынға салып жіберіп, сабынды бір-екі сүйкегенде ар жағынан ағаш шыға келді. Біздің «саудамыздың» түрі сондай еді.
– Шераға, Алматы асып Мәскеудегі оқуға қалай түсіп жүрсіз? Атағынан ат үркетін Мәскеу мемлекеттік универси­тетіне оқуға түсу ол кезде қазақтың қара домалақтары үшін қол жетпес қиял емес пе еді?
– Жамбыл мектебінде оныншы оқып жүргенде үш-төрт баланы обком комсо­молдың бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырды. Қаратай Тұрысов, Ергеш Есімов, сосын Әбдуәлі Данаев дейтін бір жігіт бар. «Мәскеуден разнарядка келді. Төр­теуің Тынық мұхит әскери учи­лищесіне оқуға бара­сыңдар» деді. Оның не екенін түсініп жатқан жоқпыз. Бастық «барасыңдар» деген соң, «барсақ, барайық» дедік. Бірақ жайдан-жай жібере салмайды екен. «Жа­райсың ба, жарамайсың ба» деп, ден­саулығымызды тексерді. Қара­тай деген досым о кезде бойы кіш­кен­тай, шынжау, тырылый арық жігіт еді. Оны «сен жара­майсың» деп бірден шыға­рып тастады. Менің кәдімгідей әл-қуатым бар. Біздің интернатпен бір қорада «РУ» дейтін (Ремесленное училище – К.С.) болатын. Кілең зіңгіттей-зіңгіттей орыстың балалары оқиды. Солармен ұдайы төбелесіп жататынбыз. Тоғызыншы класта оқып жүргенде болған бір қырғын «соғыста» мына құлағыма (Шерағаң сол құлағын көр­сетті – К.С.) кілтпен ұрды ма, әйтеуір, жарғағы жарылып кетіпті. Комиссияның қырағы көзі сол жарғағы жарылып кеткен құлақты көріп қойып, «сен жара­майсың» деп мені де шығарып тастады. «Ойбой, мыналарды Асқаровтың өзі Мәскеуге жібергелі жатыр екен. Жоқ, Вла­дивостокқа жібереді екен», деп жұрттың бәрі құлақтанып қалған. Сондықтан «жарамай қапты» деген сөзге қатты намыстандық. Қарекең Геология институтына баратын болды. Мектепте газет шығарып, әде­биеттен кәдімгідей тәуір баға алып жүруші ем, мен де Алматыға барып Московский полиграфический инс­титуттың редак­ционно-из­дательский деген факульте­тіне тәуекел деп құжат тапсырдым. Өтіп кеттім, әйтеуір. Енді шегінерге ешқандай жол жоқ. Болары болды. Шешенің жағдайы анау. Беретін түгі жоқ. Бірақ «неде болса бара беру керек» деген балалық әсермен кете бардық. «Ол жақ­та қалай күн көреміз, арты қалай болады?» деген уайымға салынбадық. Стипендияға бірде ілініп, бірде ілін­бейміз. Бір жолы «үш» алып қалып, бір сессия стипендиясыз қалдық. Жаңағы вокзалға барып жұмыс істеп жүргеніміз содан. Елу үшінші жылы Сталин қайтыс болды. Өлерінің алдында Полиграфия институтының редакциялық-баспалық факультетін Мәскеу университетінің журналистика факультетіне қосу жөніндегі қаулыға қол қойып кетіпті. «Ленин таудағы» МГУ-дің жаңа біткен кезі. Сол қаулының күшімен уни­вер­ситеттің студенті болып шыға келдік. Онда екі бөлім болды. Журналистика бөлімі және баспа бөлімі. Мен баспа­герлік бөлімінде оқыдым. Менің ә дегеннен баспамен «байланысып» жүргенім сондықтан.
– Көне Тараздың төріндегі интер­нат­тың наны таңдайыңыздан әлі кеткен жоқ шығар. Сол қиын-қыстау жыл­дар жайлы бүгінгі қазақ әде­бие­тінің патриарх-қаламгерлерінің бірі не ойлайды екен?
– Біздің көрген күнімізді енді қай­тып балалардың басына бермесін. О кезде Талапты ауылы, былайырақ, сай-сайдың саласында еді. Сол жерде жеті жылдық мектеп бар болатын. Мен сонда оқы­дым. Бірақ «оқыдым» деген аты болмаса, қалай оқы­ғаным жөнінде татымды ешнәрсе есімде жоқ. Өйткені, кішкентай кезімде би­дайдың отағына шығарады. Бидайды арам шөп басып кетеді. Оның ішінде мия дегені болады. Улы. Қайрақбай дейтін бригадир бізге командир. Сол бригадиріміз қолымызға бір-бір пышақ береді де: «Мынау миялар – фашистер, осылардың басын қырқып алу керек. Алға!» – дейді. Біз пышақпен «фашистердің» басын жұлып ала береміз, жұлып ала береміз. Сөйтіп жүргенде оқуымыз мәз болған жоқ. Миядан басқа жұмыстарға да салды. Мына Аса ауылының (Аса өзенінің атына байланысты қойылған – К.С.) жанында Молотов деген мектеп болды. Жетінші класты сонда оқыдым. Мені алып барып, интернатқа орналастырып жүрген Мырзагелді Қалибеков дейтін жездем сол интернаттың бастығы еді. Бір класс асырып жіберді. Әйтпесе, алтыншы класқа баруым керек еді. Жарықтық Досмұқан Нұрпейісов дейтін директор қабылдап алды. Әй­теуір, жетінші класты сол жерде шала-пұлалау бітірген болдым. 1947 жылы Әулиеатаға келіп, Жамбыл интернат-пансионатына қабылдандым. Осы жерде ғана мектеп дегеннің, сабақ дегеннің не екенін пайымдай бастадым. Оған дейін бір ауыз орысшам да жоқ болатын. Сөйтіп, Жамбыл мектебін бітірдік қой.
– Анда-санда әке жайлы еміс-еміс естегілер шаң беріп қоятын шығар?
– 37-ші жылы әкеткен. Қыстың күні. Бес жаста едім. Есімде бұлдыр бар­лығы. Ауылдың адамы. Қарапайым ғана кісі болатын.
– Суреті де жоқ па?
– Жоқ. Ешнәрсе жоқ. Кейін іздес­тіріп көрдім ғой бәрін. Өйткені, топалаң тигендей қылып, мынау Баукеңнің ауылы Орақ-Балға мен біздің ауылдан бір әкеткенде елу шақты адамды топырлатып бір-ақ әкеткен. Оның бәрін Бурныйдың кішкентай жаман түрмесіне апарып қамаған. Сот та болмаған. «Үштік» деген болған екен. Соның шешімімен он жылға айдап жіберген. Со жақтан қайтқан жоқ.
– Қиыр Шығыста ма?
– Қиыр Шығыста. «Дальный Восток» деп бір хат келгені есімде. Ол хат та жоғалып кетті кейін.
– Мұстай Кәрім туралы сұрағымды әңгіменің ортасына қарай дайындап отыр ем. Бірақ қызық болғанда, сөзіміз тура башқұрттың классигінен басталды. Ме­нің Сізден енді сұрайын деп отырғаным Шыңғыспен бірінші таныстыңыз ба, әлде оның шығармасымен бірінші та­ныс­тыңыз ба? Ол кісінің шығар­ма­ларын бірінен кейін бірін аударуға құштар еткен көрші ақысы ма, әлде әлемді аралап кете барған атақ-даңқы ма?
– Шыңғысты мен алғаш рет Мәс­кеу­де көрдім. Біздің Мәс­кеу мемлекеттік уни­вер­ситетінің аспирантурасында оқып жүрген Қал­жан Нұрмаханов деген сыншы жігіт болатын. Кейін қайтыс болды. Сол екеуі дос екен. Онда да екеуін сыртынан көрдім. Онан кейін Айтматовпен еш­қандай қаты­сым болған жоқ. «Жалын» альманағына Айтматовтың шығармаларын шығару үшін аудармашы керек болып қапты. Ол кезде мен аудармашы ретінде танылғам. Маған «Верблюжи глаз» дейтін кішкентай повесін берді. «Ботагөз» деп аудардым. Аудармамды тәуір деп ба­ға­лады. Жинаққа енді. Содан кейін осыны аудар деп, «Қош бол, Гүлсары» деген повесін берді. Соны аудардым. Аудар­ғанда мен орысшасынан аудардым. Қырғызшасы жоқ. Ол кісі орысша жазды. «Қош бол, Гүл­сары» кетті ме? Сонан кейін «Теңіз жаға­лай жүгірген тарғыл төбет» деген шағын по­весін аудардым. «Буранный полустанокты» жазды. Оны «Боранды бекет» деп аудардым. Оның «Ғасырдан да ұзақ күн» деген екінші аты бар. Ол кетті. Кейін дүниеге «Плаха» – «Жанпида» келді. Онысын да аудардым. Алматыға келіп-кетіп жүрді. «Аудар­машың осы» деп мені Шыңғыспен сол кезде таныс­тырды. Қолтығына аса қысқан да жоқ, бауыр тартып та кеткен жоқ, сол сыпайы сау-саламатта жүріп жаттық. Сұрастыра келе, «Ой, біздің айылда тұрбайсың ба?» дегені бар. Шың­ғыс Айтматовтың Шекері біздің Талаптыдан 20-30 шақырым жерде. Ес­туімше, Айтматовты кейін қырғыздардың өздері қазақшасынан аударыпты.
– Сол тұстағы Мұстай Кәрім, Шың­ғыс Айтматов, Расұл Ғамзатов, Фазыл Ескендір, Нодар Думбадзе шығармаларын биікке көтерген қандай қасиеті деп ойлайсыз?
– Көп халықтардың әдебиетіне қара­ғанда олар биік. Кәдімгі шетелдің өзі іліп алып соларды аударып жатты. Ол кезде, айталық, Еуропада, тіпті Американың өзінде соншалықты мықты есімдер белгілі бола қойған жоқ. О кезде бізді «майда халықтар», «нацмени» дейді. «Национальный меньшинство» дегені. Солардан үркердей топ шықты. Тіпті орыс әдебиетінен әлде­қайда басым түсіп жатты. Біздің қазақ әдебиеті де құралақан емес еді. Бірақ Қазақстаннан атақ алып, лауреат болған ешкім жоқ. Сәбеңді бірнеше рет ұсынды, бірақ ала алған жоқ. Ғабиденді де ұсынды. Түрлі себептері болуы керек. Қазір былай пайымдап қарасам, сол кездегі атақ-даңққа бөленген түрік­мендердің Кербабаев, өз­бектің Рашидов, тәжіктің Тұрсын-задесінің шығар­малары біздің ортаңқол а­­қ­ын­-­­жазу­шыларымыздың дәрежесін­дегі дүние­ле­р екен. Әсіресе Тұрсын-заденің «Арбакеші» тартыс та жоқ, шиеленіс те жоқ, өлең ұй­қасымен жазылған очерк сияқты нәрсе. Ал бізде нағыз мықты-мықты ақындар болды. Сырбай, Хамит, Ғафу… Бірақ біздің қасіретіміз сол – әлгілерден дәрежесі әлдеқайда биік тұрған ақын-жазу­шыларымызды аяғынан тартып, қолдан аласартып жүрдік! Осындай бір кезең өтті.
– Ілияс Есенберлин мен Нодар Дум­бадзенің шығармалары Лениндік сый­лықтың талқысында тайталасып қа­лыпты ғой. Нодар да оңай жазушы емес. Бірақ Есенберлин көкеміздің сүрінуіне өзіміздің қаламгерлер «көмектесе» түскен дей ме?
– Оңай емес ол Думбадзең. Көркем­дік жағынан әлдеқайда қуатты. Бірақ мына кісі біздің ұлтқа өте қажетті сөзді дер кезінде айтқан азамат қой. Ешкім айта алмай жүрген тарихи ақтаңдаққа бірінші болып боразда салған ер ғой.
– Сонда Ілекеңді де аяқтан шалған дей ме?
– Сөз жоқ, болды ғой ондай нәрселер. Ілекең бірден көтерілген адам. Ол бұрын айдауда болып, біраз қиянат көріп келген кісі.
– Шығармашылықты түрмеден келгеннен кейін, 54 жасында бастаған ба?
– Келгеннен кейін біраз жыл қатар­дағы редактор болып жүрді. Менің ал­ғаш баспаға келген кезім болатын.
– Кино саласында да істепті ғой?
– Кино саласында істеп, бір фильмі шықты. Оны да қатты сынап тастаған. «Сплав» – «Қорытпа» ма еді? Есен­берлиннің бағы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа жолығып, жағдайын айт­қаннан кейін ашылды. «Жазушы» баспасына директор болып келді. Содан бастап дәуірлеп кетті. Кейде адамға біреудің маңдайынан сәл ғана сыйпағаны немесе қолтығынан демеп жібергені үлкен әсер ететін болуы керек. Егер сол заманда көрінген ше­неу­нік­тен қағажу көріп, ұнжырғасы түсіп жүрген адамнан Димекең болашақ жазушыны танып, қолдап жібермегенде ол осындай биікке көтерілер ме еді, көтерілмес пе еді? Әрине, жазған­дарының барлығы мұрағат арқасында кейін жарыққа шығуы мүмкін, бірақ бұрын сотты болған қаламгер өзінің көзі тірісінде биікке көтеріліп, даңққа бөленуі мүмкін емес еді. Қонаевтай тілеуқоры болуы керек екен ол үшін. Жо­ғарыдағы адамның көңілінің кіш­кене жылылығы керек екен. Қолдауы керек екен.
– Маған бұрынғы Одақ әдебиетіндегі жаңағы құбылыстар салт-дәстүрге сусаған орыс зиялыларын даналығымен бас идірген «кішкентай халықтардың» үлкен рухы сияқты болып көрінеді. Ком­мунистік идеологияның одақтас әр елден бір-бір классик жасайық деген саясатының да пайдасы тиген шығар. Бірақ қалай десек те, шын қаламгерлер болды ғой бәрі.
– Ондай да болуы мүмкін. Анау әл­деқашан ұмытылып кеткен Айн дейтін бір халық бар. Ол өзі қазір халық, ұлт ретінде бар ма, жоқ па, білмеймін. Содан шықты атақты жазушы. Чукчалардан да шығып жатты. Ханты-Манси дейді. Олардан да шықты. Қазір ондайлар шығып жатыр ма, жоқ па, біл­мей­міз.
– Енді аяңдап қазақтардың ауылына келсек. Тұрар Рысқұлов тақырыбына қалай бардыңыз? Не себеп болды?
– Тұрар Рысқұловпен ата-тегіміз бір. Түлкібас пен Жуалы еншісі бөлінбеген бір аудан болатын. Ол кезде Түлкібас деген аты жоқ. Жуалы ауданы дейтін. Кейін осы екеуін екі облысқа бөліп жіберді. Сол кезде үлкен кісілерден еститін­біз «Ой, шіркін-ай, осындай да осындай азамат болып еді-ау!..» дегенді. Бірақ айқайлап айта алмайды. Айқайлап мақтана да алмайды. Есімі құлағымызда еміс-еміс қалған.
Біз студент болып жүргенде өзбектер Мәскеуде Тұрар Рысқұлов жөнінде фильм түсірді. Соған «массовкаға» қатысу үшін бізді де шақыратын. Ақша береді. Үш сом кәдімгідей ақша о кезде. Сонда фильмнің бас қаһарманы Тұрар Рысқұловты нағыз оңбаған етіп көрсетеді. Бірақ атын дәл атамайды. Кейін «Социалистік Қазақстанда» әдеби қызметкер болып қызмет істеп жүрген кезімде Рахмалы Байжасаров деген кісінің «Тұрар Рысқұлов» деген үлкен мақаласы жарияланды. Қазақ­станның 40 жылдығына байланысты Кеңес өкіметіне жағымды қайраткерлер туралы сериялы мақалалар шығып жатқан. Оқып шықтым. Нағыз шыншыл дүние. Айтпақшы, Ким дейтін ретушер бір суреттің кей жерін ағартып, кей тұсын қарайтып, «тырналап» отыр екен. «Бұл кім?» деп ем, «Турары Рыс­куловы» деді. Акценті күшті еді. Құлағым елең ете қалды. Содан ертеңінде кәріске барып әлгі баспаханадан қайтқан суретті сұрап алдым. Кәріс байғұс «не показывай никому, не скажи» деп, қорқа-қорқа берді. Сонан кейін «Е, мынау мынандай адам екен ғой» деген ойға кеттім. «Жазсам қалай болады?» деген бір үміттер пайда бола бас­тады. Нағыз сенім жоқ. Өйткені, әлгі газеттегіден басқа дым білмеймін. Бірақ бір аптадан кейін бұрқ ете қалды. «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде «Тарихи шындықты бұр­маламайық» деген үлкен мақала жарияланды. Тұрар Рысқұловты қайтадан әкесін танытып тұрып ұрған. «Ол – ұлтшыл, ол – пантюркист, ол – правый уклон, левый уклон» деген бір бәлелері бар. Сөйтіп, жұрт Рысқұловтан қайтадан үрке бастады. Ол кезде Нұрымбек Жан­ділдин деген хатшы болатын. Имашев – Партия институтының директоры. Сол екеуі дайындаған. Қасым Шәріпов деген бас редакторды орнынан алып тастады. Әлім Тұяқбаев деген орынбасарын да босатты. Тұрар туралы ма­қаланың авторы Рахмалы Байжасаров деген кісі «халық жауы» деген жаламен 18 жыл отырып келген адам. Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған кезінде ұсталған. Сол өте қайсар кісі екен. Он сегіз жыл отырып келген адамның жігері әбден құм болып, жасып бітуі керек қой. Бірақ «енді аянатын нем қалды» деген болуы керек, Жанділдинге барып, екеуі со жерде төбелесе жаздап, бір-бірімен әбден боқтасады. Онымен қоймай, ЦК КПСС-ке «Бізде осындай болып жатыр. Комиссия шығаруыңызды өтінемін» деп арыз жазады. Ол комиссия жарты жылдай шұғылданып, тексерудің қорытындысы ретінде «Вопросы историй коммунистической партий» деген журналға мақала жариялады. Байжасаров соны қазақшаға аудартқызып маған алып келді. О кезде мен «Лениншіл жаста» редактормын. «Рысқұлов деген сенің ауы­лыңның адамы. Сен білмейсің оны, осындай да осындай болған» деп те айтты. Сонан кейін «бассақ басайық» деп басып кеп жібердім. Ертесіне Жан­ділдин шақырып алып «Сен газетіңнің немен шұғылдануы керек екенін білмейсің бе? Партия тарихында, оның қайраткерлерінде не жұмысың бар?» деп, ұрсып-ұрсып жіберді. Бірақ еш­қандай жаза қолданған жоқ. Осындай әңгімелер айтылғаннан кейін, фактілер ашылғаннан кейін «Қой, мен Тұрар туралы деректер жинастырайын» деп елге шықтым. Меркіде, Қырғызстанда оқығаны бар, Өзбекстанда жұмыс істегені бар, мұ­рағаттарда отырдым. Ең алдымен, өзіміздің Тараздың мұрағатына келдім. Мәскеудің, Орынбордың мұрағатын ақтардым. Материал жинап алғаннан кейін жазуға кірістім. Алғашында бірінші кітабы шықты. Оған «Қызыл жебе» деп ат қойдым. Одан кейін екінші кітабы шықты. Бас-аяғы бес кітап жаздым.
– Қанша жыл жаздыңыз?
– Көпке созылды. Он-он бес жыл боп қалар. Көркемдік жағынан алғанда қандай екені жөнінде түбегейлі зерттеп, жан-жақты талдаған сын мақала шыққан жоқ.
– Ғабең жазды ғой…
– Ғабең пікір білдірді. Тағы бір-екі сын мақалалар болды. Бірақ жан-жақты талдап, ашып жазған ешкім болған жоқ. Арасында мұрағаттың материалдарын тұтас жіберетін жерлерім бар. Мен ойлаймын, сондай документальный жерлері болмаса, өзімше көркем шығарма. Ал көркемдігі қаншалықты болып жатыр, оны енді білмеймін. Бірақ көп жылдарымды алды. Көп еңбек кетті.
– Тұрар туралы шығармаларыңыздың алғашқы кітаптары кеңестік дәуірде дүниеге келді. Кеңестік жазушы ретінде сол кездегі саясаттың сойылын соғуға тырысқан кейбір сөздеріңіз бен ойларыңызға өкінбейсіз бе қазір?
– Ондайлар болды ғой енді. Жасыратын несі бар. Ленинге кемеңгер ретінде қол қусырып, пайғамбар тұтып жүрген кездерден елес бар. Бірақ Тұрар Сталинмен ұстасатын жерде ұстасып, тістесетін жерде тістесіп жүрді. Татар Сұлтанғалиев пен Рысқұлов екеуі Сталиннің орынбасары болды. Кітапта сол кездегі айтыс-тартыс, ұлт туралы шайқастар, барлығы көрінді. Совет өкіметінің алғашқы кездерінде Рысқұлов алдымен комиссар ретінде жүрді, одан кейін ТүркЦИК дейді, қазіргі біздің Парламент сияқты, соның президенті болды. Сол кездерде Тоболин сияқты орысшыл-шовинист басшылармен шайқасты. Қазақ халқы қатты ашаршылыққа ұшыраған 18-19 жылдары Тоболин «Біз қаржыны армияны ұстау үшін жұмсауымыз керек» дейді. Сол кезде «помгол» дейтін аштыққа қарсы күрес комиссиясын басқарған Тұрар Рысқұлов: «Анау қырылып жатқан халықтың сүйегінің үстіне орнаған Совет өкіметінің кімге қажеті бар?!» деп айтатыны бар. Біздің лито, редакция сол жерге қатты жармасты.
– Сіз «өзгертпеймін» деп отырып алдыңыз ба?
– «Өзгертпеймін» десең, кітап шықпайды. Сол кезде жарықтық Есет Әукебаев ағамыз бас редактор еді. Сол кісі көп қарсылық көрсетті. Одан кейін «Историй Партий Казахстана» дейтін бар, соның талқысына салды. Рецензиялар, пікірлер жинады. Біреуі қолдап, біреуі қарсы болып, ақыры шықты. «Қыл көпір» кітабының қолжазбасы «Жұлдыз» журналында шығып бара жатқан жерінен «пышаққа» түсті. Марқұм Бекежан Тілегенов редактор еді. Кейін Дінмұхамед Қонаевтың атына арыз жазып, осы күнгі Қуаныш Сұлтанов сол кезде бөлім меңгерушісі еді, сол қарап шығып, рецензия беріп, әрең шықты. Бұл кітаптың тағдыры да Тұрардың тағдыры сияқты көптеген қыл көпір мен тамұқтарды бастан кешірді. Жолы тақтайдай түзу болған жоқ.
– Ұлы Ғабең ғажайып шығармаларын қарындашпен жазыпты. Үстелді қолайсыз көріп, етбетінен жатып жазатындар да бар екен. «Диктовка» деген де бар. Сіз қалай жазасыз?
– Мен ақ қағазға кәдімгі шәрікті қаламмен жазамын. Әкім Тарази бірден мәшіңкеге басады. Мен өмір бойы қолмен жаздым. Хемингуэй сияқты ресторан, кафелерде тікемнен тік тұрып та жазған жоқпын. Кәдімгі есектің арқасындай кішкентай үстелдің үстіне, көбінесе пәтерімнің асханалық бөлмесінде отырып жаздым.
– Таңертең ерте тұрып жазасыз ба, әлде отбасыңыз ұйқыға жатқаннан кейін отырасыз ба үстелге?
– Көбінесе түнде жазамын. О кезде күшті екенбіз. Күндіз жұмыс істейсің, түнде таң сарғайып атқанша жазуға отырасың. Айтматовтың аудармалары көп уақытымды алды. Соның бәрін түнде отырып істедім.
– Жазғаныңызды түзеп, жөндейсіз бе?
– «Толстой төрт рет, бес рет, тоғыз рет қайталап жазады екен» дейді. Он­дайға дәрмен де, уақыт та жоқ. Бір жаз­ғаным кетеді сол. Бірақ үстінен сәл түзетулер болады, мәшіңкеден кейін оқимын.
– Сіз «Лениншіл жаста» басшылықта отырғанда ойда-қырда шілдің қиындай шашылып жүрген қаламгерлердің қарым-қабілетін Толыбай сыншыдай дәл танып, Алматыға, қол астыңызға тартумен болдыңыз. Өзіңіз илеген терінің бір пұшпағын сеніп тапсырдыңыз. Кейін көбісі белгілі қаламгерлер болды. Солар­дың таланты кей тұста өзіңізден асып жатқан сәтін байқаған кездеріңіз болды ма?
– Әрине. Оны жасырмаймын. Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова күшті ақын-жазушылар. Мойындамаса, обал болады.
– Көкейіңізде түбі осылар менің орнымды алып қойып, жолға тастап кетіп жүрмес пе екен деген қауіп, қызғаныш болған жоқ па?
– Жоқ, ондай бәле менің басыма ұялаған емес. Әзәзіл ойлардан аулақ­пын.
– Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев сияқты Шығыс Қазақстанның шынарлары бір газетте істегенімен қоймай, талантын таныту үшін бір-бірімен таласып тұрып жазады екен. Түлік төресі – түйе туралы келелі әңгімеден кейін екеуі бір түнде аруананың тағдыры жайлы екі түрлі дүние жазып, ертеңіне Сіздің үс­теліңізге әкеліп қойыпты. «Лениншіл жастың» шаңырағындағы осы оқиға есіңізде ме?
– Еміс-еміс есімде…
– Мұны мен Кәдірбектің естелігінен оқыдым. Сонда Сіз қолыңызға ертелеу түскен Оралханның «Бурасын» оқып шығып, риза болған кездегі нәшіңізбен «Лениншіл жастың» нөміріне жақсылап тұрып салуға сілтеме жасап, қол қоясыз да, ал мәшіңкешілердің тапшылығынан түнімен жазған дүниесін сәл кешіректеу бастырып әкелген Кәдірбектің әңгімесіне қиянат болмасын деп сол заматта «Жұл­дыздың» редакторына телефон шалып, келесі айдың нөміріне жариялауын өтінесіз…
– Екеуін де беріп жіберуге болар еді. Бірақ сол кездегі партия-комсомол жүйесінде қалыптасып қалған тәртіп солай. Дегенмен Кәдірбектің шығар­масына обал болмасын деп «Жұлдызға» бергізгеніміз рас.
– Жап-жас Оралханды шығыстан ша­қырып аласыз, батыстан Фариза қыз ке­леді, Арқадан Ақселеуді табасыз. Сол кез­де оңтүстіктің жігіттері: «Ағамыз біз­­ді көрмей ме?» деп күңкілдейді екен ғой.
– Олар да жүрді ғой ішінде. Мұхтар Шаханов, Серік Әбдірайымов, Кәрібай Ахметбеков… Алалап-құлалаған жоқпын. Бәрі құлын-тайдай тебісіп, аралас-құралас жүрді. Біздің ауылдың жігіттерінің «Бізді қақпайлады, анау-мынау» деп күңкілдейтін жөні жоқ.
– Шынымды айтсам, маған Сіздің әңгімелеріңіз ұнайды. Тақырыбымен-ақ тартып тұрады. Мысалы, «Сүдігерде изен ызыңдайды» деген әңгімеде ауылдан майданға аттанған азаматтардың аттарын аспандағы тыраулап ұшып бара жатқан тырналардың тізбегіндей үшкіл ғып тізіп қоясыз. Ең бірінші боп Орханың есімі бұлдырайды. Осының өзі-ақ оқырманды магнитше тартады.
– Әңгімелерім өзіме де ұнайды.
– Кезінде «кебісіңіз» тұрған жерге кіруге қорқатындар қазір Сіздің шаш­бауыңызды көтергіш, Сіз туралы жазғыш болып кетті. Бұған Сіз де кетәрі емес сияқтысыз?
– Енді «жазба» деп қалай айтамын. «Мен жазамын» деп тұрса, «жоқ, болмайды. Сен жаза алмайсың, не болмаса нашар жазасың. Сен жазушы емессің…» деймін бе? О да адам баласы ғой. Ал енді мен туралы әсірелеп жазып жатса, не болмаса боқтап, қарғап-сілеп жатса, жөн басқа. Баспа қаласа шығарсын, қаламаса алып тастасын. Менің оған араласып не шаруам бар. Оларға «үйтіп жаз, бүйтіп жаз» деп ешуақытта айтқан емеспін.
– Ұлы Ғабеңнің қазақы көңіл жық­пас­тықпен кейбіреулердің шығармала­рына рецензия, алғысөз жазып берем деп Жазушылар одағының съезінде сынға ұшырап, «ендігәрі жазбаймын» деп жас баладай ақталғаны бар еді, жарықтық. Алғысөз, рецензия, мерейтойлық мақалалардың астынан Сіздің де аты-жөніңізді көріп қалатын болдық.
– Ол рас. Бір-екі жерде жібергенім бар. Пенделік шығар. Бірге жұмыс істейсің, бірге жүресің. Ал енді кез кел­ген шығармаға алғысөз жаза бермеймін. «Мен оқыған жоқ­­пын, білмеймін, шырағым!» деймін. Ал Ғабеңе әлгіндей сынды айтқан… мен болатынмын. Айналып алдыма келді.
– Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ­тардай қаптап кеткен «жазушылар», «тарих­шылар», «шежірешілер» туралы ойландыңыз ба? Дулат Исабеков «Жарты жыл сайын роман жазатындарға қай­ранмын» депті. Бұл ұлт әдебиеті үшін қауіпті құбылыс емес пе?
– Өте қауіпті. Өйткені, әдебиеттің міндеті адамның талғамын биіктетіп, ой-өрісін кеңейту. Көзінің нұрына нұр қосу, жүрегіне жылу беру, адамгершілігін арттыру. Ал қазіргі қасаң дүниені, қаспақ дүниені оқыған адамның талғамы төмен болады. Ол есінеп отырып: «Е-е, жазушы болу деген осы екен ғой. Осылай жазсам болады екен ғой» деп ойлайды. Оның сорақысы сол – кәдімгі биттің сіркелегеніндей болып, небір осал дүниелер жарыққа шығуы мүмкін. Мұның үлгісі жаман. Арты жаман. Сонысы қиын. Шығарса шығара берсін, бірақ тәлім көрсетіп отырған жаңағы тырнақшаның ішіндегі үлгісі, тәрбиесі өте залал.
– Кезінде КазАПП (Казахская Ассоциация Пролетарских Писателей) деген ұйым болыпты ғой. Әуезов, Жанс­ү­гіров, Майлин сияқты қазақтың маңдайы жарқыраған қаламгерлерін менсінбеген сол КазАПП-тың ұраны көркемдіктен ада, жадағай, жалаң үгітшілдік екен. Бүгінгі бас пайдасын ойлаған баспалар әде­биетке қойылатын көркемдік талаптан ауылы алыс қонған, сапасыз шығар­маларды КазАПП-тай қаптатып жіберді емес пе?
– Белсенділердің өтімді болған кезі ғой ол. Ал бұларды «белсенді» деуге болмайды. Бұларды орыстар «халтурщиктер» дейді. Бұл – жылпостардың, жағымпаздардың ісі. «Есігінен кіргіз­бе­се, терезесінен түсе­тіндердің» ісі. Олар Құдай берген талантымен емес, жаңағыдай бір оғаш қылық­тарымен, кейде ұятсыздығымен алатын адамдар. Таланты кем адамдар сондайға сенеді. Әртүрлі айласына салады.
– Екі рет Жоғарғы Кеңеске депутат болдыңыз. Қазіргі Парламентке қара­ғанда сол кезде Сіздің даусыңыз қаттырақ шығып жатушы еді. Ұлттың мұң-мұқ­тажын атойлатып тұрып айтқан кезіңізде исі қазақтың айызы қанып, теледидардың алдында «Әп, бәрекелді!» деп отыратындары есте.
– Сол кездегі мұң-мұқтаждың бар­лығы шешіліп кетті деп айта алмаймын. Әлі де көп. Бірақ бірсыпырасы ептеп түзеліп келе жатқан сияқты. Мен осы Та­лапты ауылының әбден жүдеп-жада­ған кезін білемін. Бұрын осы көшеден он шақты қой, он бес сиыр ғана өтетін. Жылқы атаулы болмайтын. Қазір, Құдайға шүкір, әр үй ең кемі бір-бір биеден ұстайды. Айғыр ұстайды. Үш-төрттен жыл­қысы бар. Үш-төрттен сиыры бар. Соған қа­рап, елдің жағдайы ептеп көтеріліп келе жатыр екен-ау деп пайымдайсың. Сондықтан «қырылып жатыр» деп ышқынып айтуға аузым бармайды қазір.
– Бауыржан Момышұлын алғаш рет көргеннен бастап өле-өлгенше құрметтеп өттіңіз. Батыр ағамыздың мінезі біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Сізге ше?
– Кейбіреулер «Баукең туралы неге жазбайсың?» деп сұрақ қояды. Кезінде очерк жаздым. «Ноқтаға басы сыймаған» деген пьеса жаздым. Сонда кейбір жағ­дайларды айтуға тырыстым. Соғыс кезінде қан майданға түсіп, қанша ерлік көрсетсе де Баукеңе Кеңес Одағының Батыры деген атағын бермей қойғанын білесіз. Бір жөн­демді үй де бермеді. Өзінің туған жерінен үй салдырмақ болды. Ауылына келуге талаптанды. Ата-бабамның жерінде тұрсам деп армандады. Обкомның бірінші хатшысынан бастап барлығы уәде берді. Бірақ ешқайсысы уәдесін орындаған жоқ. Сол рахатты өмірді ақыры көре алмай кетті. Соғыс бітіп, зейнетке шыққаннан кейін де, мінезі болуы керек, қудаланып жүрген адам. Ең құрығанда респу­бликалық әскери комиссариатты беруге болатын еді ғой. Ондай ешнәрсе ұсынбады. Өзі сұрап барған емес. Ол ешкімге барып «маған қызмет беріңіз» деп ешқашан арыз айтпаған. Содан кейін «біреудің әйелін тартып алдың» деп қудалады. Оны ешкім соттайын деп жатқан жоқ, әрине. Бірақ көп жерде қағажу, елеусіз қалдыруға тырысты. Қазір Баукең туралы әркім жазып жүр. Нұршайықовтан бас­қалары ол «Айда, пошел!» деп айтты, «молчать» деп ақырды деп бет жағынан ғана қалқиды. Ішкі дүниесіне енгісі келмейді. Ал оның ішінде көп ой-арман жатты. Әсіресе ұлт мәселесі жөнінде.
– Соғыстан демалысқа келген кездегі лекциялары, қазақ тілін қолдану туралы жанайқайы сұмдық қой.
– Иә, Оңдасыновтарға дейін хат жазды. Халықтың тағдырын ойлаған адам. Сұрапыл соғыстың кезінде тылдағы халықтың болашағын ойлап жазған дүниелеріндегі жағдайдың кейін елге келгеннен кейін онан бетер өршіп кеткенін көрген соң ашын­бағанда қайтеді? Шарасы жоқ оны тоқ­тататын. Іші қазандай қайнайды. Жатып алып бірнәрселерді жазады. Жасыратын несі бар, «ұрттап» қоятын кездері де болды. Темекіні бірінен кейін бірін тартты. Әйтпесе, денсаулығы күшті, өте қажырлы, төзімді адам болатын. Ата-бабалары Имаш деген кісі, әкесі Момыш ұзақ жасаған адамдар. Ішқұса болғандықтан өмірі қысқарып кетті ме деп ойлаймын.
– «Ұшқан ұяны» орысшадан Тұтқабай Иманбеков марқұм аударыпты. Баукең­нің бір естелігінен «Тұтқабайды Шерхан Мұртаза ертіп келді» деп оқыдым-ау деймін.
– Баукеңді аударуға менің шамам келмеді. Ол кісі мен аударса екен деп дәмеленді. Бірақ «менен де мықты аударатын адам бар» деп, Тұтқабайды алып барғаным рас.
– Сіздің қалам ұстаған үлкен-кішіге үлгі көрсететін қасиетіңіз де «талантты – талант» деп танитын осы адал мойын­дауыңыздан бастау алатын сияқты. Әңгімеңізге көп-көп рахмет, Шераға!

Біздің бұдан басқа да мәселелердің шетін түртпектеген ұзақ-сонар әңгі­меміз аяқталған кезде ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған шақ еді. Мен «асай-мүсей­лерімді» жинастырып және Шерағаңмен қоштасып дегендей, Таразға бет алдым. Талапты мен Шекер айылына ортақ Ала­таудың мәңгі аппақ болып тұратын асқақ шың-құздары бұл кезде қараңғылық құшағына бірте-бірте еніп бара жатқан.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Талапты ауылы,
Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support