- Advertisement -

Хоккей: «Барыс» Риганың «Динамосын» жеңді

141

- Advertisement -

Хоккей: «Барыс» Риганың «Динамосын» жеңдіАСТАНА. ҚазАқпарат  —  Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында елорданың «Барысы» өз айдынында Риганың «Динамо» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар

Астаналықтар бұған дейінгі 13 ойыннан кейін 18 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орында келе жатса, ригалықтардың қарқыны олардан төмендеу. «Динамо» 14 матчтан кейін 13 ұпай жинап, Батыс конференциясында небәрі сегізінші орында тұрған-ды.

«Барыс» бұл бәсекені бірден қарқынды бастап, екінші минутта-ақ есеп ашты. Айдынға екінші бестік шыққан мезетте Константин Климонтов пен Кёртис Валктың пасынан кейін қақпаға қарай ұмтылған Никита Михайлис мергендік танытты — 1:0.

Бірінші кезең негізінен «Барыстың» басымдылығымен өткенімен, есеп өзгере қойған жоқ.

Екінші кезеңде елордалық клуб құрамынан қос хоккейші бірінен соң бірі айдыннан қуылып, нағыз сыналар сәт туды. «Барыстан» үш ойыншы «Динамоның» бестігіне қарсы тұруына тура келді. Дегенмен қақпашы Хенрик Карлссон бастаған қорғаныс шебі қонақтардың шабуылына төтеп берді.

«Барыс» ұйымдастырған шабуылдардың барысында команда капитаны Брэндон Боченски, Даррен Дицтерге сәл-пәл сәттілік жетіспесе, кей тұстарда «Динамоның» қақпашысы Кристерс Гудлевскис сенімді ойнады.

Екінші кезең аяқталуға 41 секундтай қалғанда, керемет комбинациядан кейін Алексей Маклюковтың пасын пайдаланған тағы бір қорғаушы Даррен Диц есепті 2:0-ге жеткізді.

Үшінші кезең бел ортасынан ауғанда, 53-минутта Джесси Блэкердің пасынан кейін Кевин Даллманның алыстан соққан шайбасын Роман Старченко түзетіп жіберіп, қақпадан бір-ақ шығарды — 3:0.

Х.Карлссон өз қақпасының кілтін жақсы ұстағанымен, 57-минутта Линус Виделльдің соққан шайбасын тойтара алмады — 3:1. Бұдан кейін қонақтар қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырып, шабуылдап баққанымен, одан ештеңе шыға қойған жоқ.

Осылайша «Барыс» 3:1 есебімен жеңіске жетті. Мұның алдында, 7 қазан күні астаналықтар Чехияның «Слован» командасын 3:0 есебімен тізе бүктірген болатын.

Бұл жеңістен кейін 20 ұпай жинаған елордалықтар Шығыс конференциясында алтыншы, ҚХЛ-дың жалпы турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді. Әр конференциядан үздік сегіз команда плей-офф бәсекелеріне жолдама алатынын ескерсек, «Барыстың» биылғы қарқыны әзірге жақсы деуге болады.

Айта кетейік, бұдан кейін «Барыстың» сырт айдындағы сериясы басталады. Андрей Скабелканың шәкірттері 14 қазанда Омбыда «Авангардпен», екі күннен кейін Екатеринбургта «Автомобилиспен», 18 қазанда Челябіде «Трактормен» шайқасады. Бұлардың бәрі де осал команда емес. Әсіресе, «Автомобилист» пен «Авангард» ҚХЛ-дың турнир кестесінде көш бастап келеді. Содан соң елордалықтар Астанаға оралып, бес бірдей матч өткізеді.

kazinform.kz

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support