Спорт және туризм

Қазақ балуандары көш бастады

Қазақ балуандары көш бастады

Еркін күрестен ересектер арасында өткен Д. Қонаев атындағы халықаралық турнир тараздықтар үшін үлкен мереке-думаннан кем түскен жоқ. Демалыс күндеріне тұспа-тұс келген тартысқа толы доданы тамашалауға жиналғандардың қарасы да көп болды. – Тараз төрінде үлкен спорт бәсекесінің жалауы көтерілді. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанының жарқын көрінісі, шынайы белгісі осы. Спорт – мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі екенін осыдан көруге болады. Ең бастысы, мұндай жарыстардың өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рухты қалыптастыруда тигізер ықпалы көп, – деп облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Тараз-Арена» спорт сарайында өткен дүбірлі доданың ашылу салтанатында балуандарға сәттілік тіледі. Иә, қандай да бір спорттық шаралардың тәрбиелік мәні жоғары екендігінде дау жоқ. Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы және облыс еркін күрес федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан халықаралық деңгейдегі балуандар бәсекесінде бұған тағы да көзіміз жете түскендей болды. Жас жеткіншектер атақты спортшылардың өнерін тамашалап, мүмкіндік тауып, ескерткішке суретке түсіп жатты. Әсіресе, турнир барысында, қасиетті Ораза айының соңғы күнінде қолдауға зәру мүмкіндігі шектеулі жандарға ақшалай көмек көрсетілгені көпшілікке ой салғаны анық. Қазақ балуандарының басты қарсыласы саналған Иран құрамасының спортшылары басты жүлдеге қол жеткізе алмады. Ал Қазақстан құрамасы 5 алтын, 4 күміс, 8 қола медальді жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Моңғолия құрамасы турнирде екі алтын, екі күміске қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, 65 килограмм салмақта белдескен М. Ганзориг, 86 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен У. Оргодол жеңімпаз атанды. 57 килограмм салмақтағы балуан Б. Ервеневат пен 74 килограмм салмақта белдескен Г. Дориваншинг қола жүлдені еншіледі. Турнирдің ең тартысты белдесуі 125 килограмм салмақтағы қазақстандық Дмитрий Попов пен Олимпиада жүлдегері, грузин Давид Мозенашвилидің арасындағы финалдық кездесу болады деп күтілген еді. Бірақ, Давид жарақат алып қалып, жеңіс Дмитрийдің еншісіне бұйырды. 57 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы, өзбек Дильшод Мансуров ақтық бәсекеде қазақ балуаны Санаа Артасқа есе жіберді. Ал 70 килограмм салмақта белдескен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Таңатаровтың ескі жарақаты сыр беріп, жарысты жалғастыра алмай, бесінші орынды місе тұтуына тура келді. «Иранда өткен додада Ақжүрек аяғынан қатты жарақат алған. Жүрегім бірнәрсені сезді ме, осы жолы қатыспай-ақ қойшы деп едім, болмады. Ақыры аяғын ауыртып алды», – дейді балуанның әкесі Достық Таңатаров. Ақжүрек былтыр осы турнирде 74 килограмм салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған болатын. Биыл ол жетістігін қайталай алмады. Десе де, тараздық балуан Жамбыл жерінде өтетін жарыс туралы жақсы пікірде. «Қатысушы мемлекеттердің саны, додаға тігілген жүлде қоры жағынан бұл жарыс әйгілі Гран-При турнирінен кем түспейді. Тек, сол деңгейге нақты жету үшін осылай доданың географиялық аумағын кеңейтіп, рейтингісін көтере түсу керек», – дейді ол. Жалпы, турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне FILA өкілдері де жақсы баға берді. Қырғызстаннан келген FILA төрешісі Кочкор Кульматов «жарыстың өтетін мерзімі жыл сайын өзгертілмейтіндей нақты бір айға белгіленсе, бұл додаға келушілер саны артар еді», – деген пікірде. Алдын ала мәлім болғанындай, халықаралық турнир жеңімпаздары алтын медальмен бірге 5 мың АҚШ долларын алды. Екінші орын алғандарға 3 мыңнан, ал қола жүлдегерлерге 1 мың АҚШ доллары тапсырылды. Алтын жүлдеге қол жеткізген балуандардың бапкерлері де ақшалай сыйлыққа ие болды.

Ардақ Үсейінова,

«Ақ жол».

Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЕВ.