Экономика

Бахадырдың бөденелері

Бахадырдың бөденелері

[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="87818,87819"]

оған шетелдерден де тапсырыс көптеп түсуде

Білетіндер бөдененің еті мен жұмыртқасы ақуыз бен дәруменге бай екенін айтады. Бүгінде қазақ үшін осынау таңсықтау іске ден қоюшылар қатары артуда. Олар бөденені шектеулі мөлшерде ғана өсіреді. Ал меркілік кәсіпкер Бахадыр Әдізбаев өзі құрып, қалыптастырған бөдене фермасын кәсіптің осы түрімен айналысатын өңіріміздегі бірегей шаруашылыққа айналдырып отыр.Рас, алғашында ол да бөдене құсын еті мен жұмыртқасының емдік қасиеті молдығы үшін ғана аз мөлшерде өсіріп, өнімін балаларының күнделікті тағамының құрамына қосуды әдетке айналдырған екен. Бертін келе, бөдене өнімінің шын мәнінде бірқатар дертке шипа екеніне көз жеткізген ол базардан бірден 30 бөдене сатып алып, бұл кәсіппен түбегейлі айналысуға тәуекел етеді. – Шағын кәсібімді 2014 жылы осылай бастадым. Кейін еті мен жұмыртқасына сұраныс еселеп артуына байланысты бөдене санын 50-ге бір-ақ жеткіздім. Жалпы, оның жұмыртқалары бірегей, толыққанды, құрамындағы ақуыз мөлшері үй құстарыныкінен әлдеқайда көп. Бөдене жұмыртқасы құрамында ақуыздан басқа майлар мен адам ағзасы үшін аса қажет никотин қышқылы, В1, В2, В5, В6, В12, Е, А, D дәрумендері де бар, – дейді Бахадыр. Оның айтуынша, бөдененің жұмыртқасының емдік қасиеті мұнымен де шектелмейді. Құрамындағы темір, фосфор, калий тауықтыкіне қарағанда әлденеше есе көп. Кальций, магний, мырыш, кобальт, марганец, мыс, сондай-ақ метионин, лизин, глицин, тирозин, триптофан секілді алмастырылмайтын амин қышқылдарына да бай. Мұның бәрі жиылып келіп, қуықасты безінің, жүректің, бауырдың, бүйректің, асқазанның, ұйқы безінің, басқа да өмірлік маңызы бар ағза мүшелерінің түрлі аурулары пайда болуынан сақтайды. Егде жастағы адамдар үшін қолдануға қарсы көрсетілімдер жоқ, себебі оларда холестерин болмайды. Бөдене жұмыртқасы аллергиялық аурулардың алдын алу және жасөспірімдердің зияткерлік дамуын жеделдету үшін де қолданылады. Тіпті оны шикідей ішуге де болады. Б. Әдізбаев бүгінде «Несушка» инкубаторы көмегімен жалпы жұмыртқа шығарылуы көлемін 70 пайызға жеткізіп отыр. Ферманың қуаттылығы 1100 бөдене ұстауға қауқарлы. «Сен істі сүйсең, іс саған басын иеді» деген ұстанымды берік ұстанған кәсіпкер қазіргі уақытта ай сайын 27 000 жұмыртқа және 20 кило бөдене етін өндіруді қамтамасыз етуде. Бахадыр бөдене жұмыртқалары мен етіне сұраныстың ұлғаюына байланысты 10 000 басқа арналған бөдене фермасының құрылыс жұмыстарын да бастап кеткен екен. Жобаның құны 20 миллион теңгені құрайды. Оны биылғы жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру көзделуде. Мұндағы жұмыстар жартылай автоматтандырылады, әрі 10 азамат тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Бүгінде бөдене құсы өнімінің 80 пайызын облыс тұрғындары тұтынады, ал қалған 20 пайызы шекара асып, шетелдіктер дастарханының сәнін келтіруде. Биылғы жылдан бастап ферма өнімдеріне көршілес Қырғыз Республикасы тарапынан да тапсырыс түсуде екен. Ендігі жерде Қырғыз еліне айына 5000 жұмыртқа экспортқа шығарылатын болады. Бұл Қазақстанда өндірілген сапалы өнімдерге деген сұраныстың еселене түскенінің де айғағындай. Бүгінгі күні аталған кәсіпкерлік құрылымы тарапынан бөдененің жұмыртқасы мен етін жеткізуге 30-дан астам сауда нүктелерімен келісімшарт жасалып үлгерілген. Нарық кеңістігіне тәй-тәй қадам басқан агроқұрылымның аты аймақта кеңінен танылуына «Қазақстанның үздік тауары – 2018» көрме-байқауы да едәуір ықпал еткенін атап өткен жөн. Сондай-ақ сапасы мен бағасы, табиғи ерекшелігі жағынан көптің көңілінен шыққан тауарлары үшін Б.Әдізбаевтың жеке кәсіпкерлігі «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық байқауға жолдамаға ие болып отыр. Айта кетейік, Астана қаласында 12-13 қазан күндері өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауына облысымыз атынан 9 компания қатысатын болады. Ал олардың қай-қайсысы да жеңіске лайық!

Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.

Меркі ауданы.