- Advertisement -

Бағасы қолжетімді әрі экологиялық таза

139

- Advertisement -

Бағасы қолжетімді әрі экологиялық таза

Жәрмеңке барысында тұтынушыларға
58,4 миллион теңгенің 299 тонна тауары ұсынылды

Өткен сенбіде Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің биылғы алғашқы күзгі жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның өткізілуіне өңірдегі 10 аудан мен Тараз қаласының тауар өндірушілері атсалысты. Сатушылар үшін қолайлы жағдай жасалынып, алаңның өн бойына арнайы шатырлар орналастырылуы да сауда-саттықтың қызу жүруіне өз септігін тигізді.
Жәрмеңке барысында тұтынушыларға жалпы құны 58,4 миллион теңгенің 299 тонна тауары ұсынылды. Атап айтқанда, тараздықтарға ет, шұжық, сүт өнімдері, өсімдік майы, балық, бал, макарон өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс, жұмыртқа жеткізілген. Ауылдық тауар өндірушілер өнімдері нарықтағыдан 10-20 пайызға төмен бағамен өткерілді. Мәселен, халық көп тұтынатын ет өнімдерінің ішінде сұранысқа ие жылқы етінің килосы – 1500, сиыр еті – 1300, қой еті 1200 теңге көлемінде сатылды. Сондай-ақ тұтынушылар әр литрі үшін үй сүтіне – 140, күнбағыс майына – 325, әр килосы үшін макарон өнімдеріне – 140, күрішке – 180, қарақұмық жармасына 160 теңге ғана төлеп, сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ал картоптың әр килосы – 55, пияз – 25, сәбіз – 60, қырыққабат – 60, қызанақ – 80, қияр 100 теңгеге бағаланды. Сондай-ақ қант 220 теңгеден сатылды.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне арнайы қатысқан қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов сауданың жай-жапсарымен танысып, аудандардан келген шаруа қожалықтарының жетекшілерімен әңгімелесті.
Бұл күні жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Барлығы да жергілікті жерде өндірілген бағасы арзан әрі экологиялық таза өнімдерге қызығушылық танытып, нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағаға сатылған азық-түліктің мол қорын қамдап алуды жөн көрген. Әредікте студенттер де көзге шалынып қалып жатты. Әмияны жұқа жастар да азық-түлікті арзанға осы жәрмеңкеден алып кетуге ұйғарған секілді. Солардың бірі ауылдан келіп, осындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген 1-курс студенті Еркебұлан есімді жас жігіт жатақханада тұрады. Азын-аулақ ақшасына айлық азық-түлік қорын қамдап алуға келген.
– Студент болған соң көбінесе аш құрсақтау болып жүреміз. Стипендиямызға күнелтуге тура келеді. Орталық алаңда жәрмеңке өтіп жатқан соң, арнайы келдім. Мұнда базарға және дүкенге қарағанда арзанырақ. Қалалықтар үшін де, біз секілді студенттер үшін де бұл тиімді. Мұндай жәрмеңкелер жиі өткізілсе, – деді ол.
Айта кетейік, аталған жәрмеңке енді жиі өткізіліп, жыл соңына дейін жалғасатын болады.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Суретті түсірген Виктор Барбаш.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support